Жұмысына сәттілік тіледі
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен актив жиыны өтті. Жиында жаңадан тағайындалған мекеме басшылары таныстырылды.
Аудан басшысы ең алдымен былтырғы жылдың жемісті қорытындыланғанына тоқталды. Оның ішінде бюджет қаражатының сапалы әрі уақытылы игерілу жөніндегі қорытынды ақпараттармен бөлісті.
– Бюджет қаржысын заң шеңберінде игеру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Осы жауапты іске тиісті сала мамандары биыл ерекше үлесін қосты. Соның негізінде 2022 жылдың қорытындысымен аудандағы бюджет қаражатының игерілуі 99,8 пайызды құрады. Осындай жүйелі жұмыс биыл да жүргізілуі керек. Ол үшін әр бөлімнің басшысы, кент және ауыл әкімдері жеке жауапкершілік танытуы қажет. Бұл менің жеке бақылауымда болады, – деді аудан әкімі.
Мұнан соң М.Ергешбаев аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ашраф Жүсіповтің басқа қызметке ауысуына байланысты оның жұмысына сәттілік тіледі. Ол алдағы уақытта ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің облыстық департаментінің ірі салық төлеушілермен жұмыс басқармасының басшысы қызметін атқаратын болады.
– Ашраф Шағдатұлы ауданда қызмет еткен кезеңде өзінің білікті басшы, іскер ұйымдастырушы екенін дәлелдеді. Оның басшылығымен нақты жұмыстар жүргізіліп, бюджет көлемі ұлғайды. Сондықтан жаңа қызметке тағайындалып жатқан азаматқа шын жүректен сәттілік пен абырой тілеймін. Жауапты қызметте елдің сенімін ақтап, жоғары жетістіктерге жетеді деп сенемін, – деген Мұрат Нәлқожаұлы бірлесе жүргізілген нәтижелі жұмыстар үшін «Алғыс хат» табыстады.
Мәжілісте Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының меңгерушісі қызметіне Салтанат Қуандықованың тағайындалғаны жария етілді. Ол бұған дейін тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер ретінде жемісті еңбек еткен болатын. Аудан басшысы жоғары білімді, сауатты маманға сәттілік тілеп, ауданның рухани-мәдени, қоғамдық-саяси дамуына, құнды жәдігерлердің сақталуына өзіндік үлес қосатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ Сырдария аудандық филиалының директоры лауазымына тағайындалған Нұрбек Өтеулиев таныстырылды. Ол жеке секторда, коммуналдық салада бірнеше жыл абыройлы еңбек еткен. Жоғары білімді азамат алдағы уақытта пошта саласындағы жұмыстарды жандандыруға атсалыспақ. Аудан әкімі халыққа сапалы қызмет көрсету – ортақ міндет екенін айтып, жұмыс ауқымы кең, жауапкершілік жүгі жоғары сала басшысына қызметте сәттілік тіледі.
Актив жиынында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз сөйлеп, кадрлық өзгерістерге байланысты пікір білдірді. Ардагер Сырдария ауданы білікті кадрлардың ұстаханасы екеніне назар аударып, ауданнан мол тәжірибе жинаған азаматтардың облыста абыройлы еңбек ететініне тілектес екенін айтты.
Мәжілісті аудан әкімі қорытындылап, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
«ТТ ақпарат»