Тақырыпқа Тәуелсіздікті арқау етті
Апта ағымында Тереңөзек кенті әкімінің қолдауымен, «Тереңөзек жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ауданның белсенді жастары арасында «Тереңөзек – тұғырым» тақырыбында челлендж өткізілді. Аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен жүзеге асқан іс-шараға 3 номинация бойынша 20 талапкер қатысты.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің мәжіліс залында бас қосқан жастар «Үздік пост», «Үздік сурет», «Үздік бейнеролик» номинациясы негізінде жасалған жұмыстарын таныстырды. Ұлық мереке – «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» жайында ойларын ортаға салды. Қашанда жаңашылдыққа бейім жастар Сырдария ауданының көрікті жерлерін бейнелеп, егемендік жылдары қол жеткізген толағай табыстарға кеңінен тоқталған.
– Ұлық мерекенің мән-мағынасын тереңнен ұғына білу – жас ұрпақтың тікелей міндеті. Тәуелсіздік алған күннен бастап, қазақ халқы егемендіктің қадір-қасиетін сезініп келеді. Бұл ретте, белсенді жастар «Тереңөзек – тұғырым» тақырыбындағы челленджге айрықша үлес қосты. Әрбір әлеуметтік желіде жарияланған пост, бейнеролик, суреттің сапасына, мазмұндылығына, ерекше дайындалғандығына мән берілді. Сол арқылы үздіктер анықталып отыр, – деді аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Нұржан Сейтжанов.
Өз кезегінде бірнеше күнге созылған челлендж қорытындысы шығарылып, белсенді жастарды марапатталды. Байқау қорытындысында «Үздік пост» номинциясы бойынша І орынды Балтабай Ордабеков, ІІ орынды Жұлдызай Аншаева, ІІІ орынды Нұрайша Төлепбергенова иеленді. «Үздік сурет» номинациясынан І орынды Салтанат Маратова, ІІ орынды Айсана Серікбаева, ІІІ орынды Айымжан Сағатбек еншіледі. Ал«Үздік бейнеролик» номинациясынан І орынды Нұрислам Нұрмаханов, ІІ орындыТамырлан Жасұланұлы, ІІІ орынды Гүлбибі Салманқызы иемденді. Тереңөзек кенті әкімдігінің жастар ісі жөніндегі маманы Бақытжан Әнуарбеков челленджде үздік атанған аудан жастарына арнайы диплом мен бағалы сыйлық тапсырды.
Негізінен, үздіктер қатарынан көрінген жастар Тәуелсіздік туралы толғамды ойларын кеңінен жеткізген. Арайлы Азаттықтың басты құндылық екенін жеткізіп, тақырыптарына егемендікті арқау еткен. Осыған дейін туған жер топырағында жасалып жатқан игілікті істерді бейнелей түскен. Тоқырау жылдарындағы қиыншылық пен ауыртпалық кезеңді барынша ашып көрсетуге тырысқан. Сонымен бірге жылдар бойы жасалып жатқан өміршең жобаларды, экономикамыздың дамуын бейнеролик барысында аңғара білдік. Санаға сілкініс сыйлаған егемендік жайлы жазылған жазбалар көпшілікке біршама ой салды. Ал Сырдария ауданының әсем де көрнекті жерлері көрініс тапқан суреттер жиынтығы кез келген адамның көкірегіне мақтаныш сыйлайтыны рас.
«ТТ» ақпарат