Медицина мамандары ауыл тұрғындарын қабылдады
Кеше «16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай Сырдария аудандық ауруханасына қарасты Аманкелді дәрігерлік амбулаториясында дәрігер психитр, онколог, маммолог, кардиолог, уролог, хирург, ересектер және балалар невропатологы, акушер гинеколог мамандары ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетті. Игілігі мол іс-шараға Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов, Аманкелді ауылының әкімі Мейрамбек Нұрғалиев, сала мамандары қатысты.
Қабылдау барысында 282 аманкелділік келді. Ал 15 балаға аудиограмма аппараты арқылы есту қабілеттерін тексеру зерттеуі жүргізіліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үй жағдайында қабылдау ұйымдастырылды.
– Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Аманкелді ауылында «16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні» мерекесі аясында жергілікті тұрғындарға медициналық ақыл-кеңес берген едік. Сонымен қатар көпшіліктің денсаулығындағы кінәратты дер кезінде анықтап, зертханалық талдау жасалды. Созылмазылы дерті бар жандар кәсіби, білікті дәрігерлердің бақылауына алынатын болады. Балалар мен ересектердің денсаулығын басты назар ұстауымыз керекпіз. Кейде көпшілік денсаулығын дәрігерге тексертуге құлықсыздық танытады. Сырқатты асқындырмау үшін дәрігер диагнозын анықтап, ем-дом жасайды, – деді Жалғасбек Үсенов.
Аталған іс-шараға жиналған тұрғындарға Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, скрининг тексеруден өту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша кеңінен ақпарат берілді.
Ауыл тұрғындары аудандық аурухананың игі бастамасына өз алғыстарын жеткізіп, алдағы істеріне сәттілік тіледі. Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жалғасын табатын болады. Мұндай игілікті бастамалар халыққа тиімді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік» ағайын.