Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Билер кеңесі – бірегей сот жүйесі

Билер кеңесі – бірегей сот жүйесі

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Билер кез келген дауды келісіммен шеше білгендігін тарихтан білеміз. Бүгінгі медиация ата-бабаларымыздың мәмілегерлік дәстүрінің жалғасы деуге болады.

Аудандық мәдениет үйінде елдің бірлігін нығайтып, қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған маңызы зор іс-шара өтті. Іс-шараға аудандық сотының төрағасы Руслан Алдамбергенов, Қызылорда облыстық билер кеңесінің төрағасы Зейнулла Нұрсейтов, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, сот қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

«Күлтөбенің басында күнде жиын» деген қанатты сөздің аясында Қазақ хандығы тұсындағы асқан ерлігімен, батырлығымен даралаған Тәуке ханның, билер мен батырлардың кеңесінен көрініс беретін пролог тамашаланды.

Жиында Қызылорда облыстық билер кеңесінің төрағасы Зейнулла Нұрсейітов, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев сөз алды. Елімізде 2019 жылы құрылған Билер кеңесінің жұмысы өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Дауласушы екі тарапты татулыққа, бітімгершілікке шақыратын кеңесте қаралатын мәселелер оң шешімін тауып, әділетті шешім шығудың нәтижесінде көп ретте екі жақ ризашылықтарын білдіреді.

Қазыбек бидің жоңғар қоңтайшысына айтқан сөзінен мысал келтірген Д.Байдушев: "Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз" деп билер кеңесінің жұмысына жоғары баға берді.

Еріктілік, екі тараптың теңдігі, құпиялық пен бөгде азаматтардың кейлікпеуі – негізгі принциптері болып саналатын Билер кеңесінің қоғамда алатын орны ерекше. Тәжірибесіне, білімі мен іскерлігіне сүйеніп, өз еркімен өзара тиімді шешімді қабылдайтын билер кеңесі ауданда да құрылғаны белгілі. Билер кеңесінің құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, еңбек ардагері Мектепхан Елеусінов, кент тұрғыны Кенжебек Мұстафаев бар. Салтанатты кеште еліміздің өркендеу жолындағы ерен еңбектері үшін билер кеңесіне алғыс айтылып, сый-сипат көрсетілді. Ізгі дәстүрмен иықтарына шапан жабылды.

Ауданда соңғы жылдарда құқықтық дауларды сотқа дейін азаматтардың құқығы мен бостандығына залал келтірмей, әлемде қалыптасқан тәжірибелер деңгейінде шешу өз өміршеңдігін дәлелдеді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаев билер кеңесіне жүгінген тұрғындардың арасында 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекті алған 320 адамға жүргізілген тексерулер нәтижесінде оның тең жартысына жуығы әлеуметтік көмекті кері қайтару қажет деп танылған. Міне, осы ретте билер кеңесі қоғамдық ахуалға әсер етпей келісімге келіп, жұмыс жүргізіліп, өз нәтижесін берген. Тұрғындар өз еркілерімен алған қаражатты мемлекетке қайтарған.

Билер кеңесінің жұмысы туралы аудандық соттың судьясы Дәурен Ералиев хабарлама жасады. Өз хабарламасында Дәурен Еркінұлы билер адвокаттың да, прокурордың да, соттың да, медиатордың да ролін қатар атқаратын әмбебап адамдар. Бұған қоса, екі елді елдестіру, мемлекет арасындағы мәселелерді шешудің де билерге тапсырылғанын атап өтті.

– Биге артылған жауаптылық қандай жоғары болса, оған көрсетілетін құрмет те сондай биік еді. Айналасына өзін мойындатқан, сөзін тыңдатқан билер кез келген дауды ақылмен, бітіммен шешті. Биді сыйлағандықтан, бидің айтқан төрелігін мойындағандықтан айтылған кесім, берілген үкімнің орындалмайтын кезі болмайтын. Қазіргі судьялардың билер институтынан алар үлгісі мол.

Билер жолына, бітімгершілік үрдісінің маңызына соңғы жылдары ерекше мән берілуде. Өйткені, бұл біздің құқықтық тарихымыз. Сонымен бірге, билер билігі қазақтың дауды бейбіт шешуге ниетті, ел бірлігін сақтауды басты орынға қойған ел екенінің дәлелі. Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» заңның қабылдануы билер институтын жаңғыртудың, елдегі даукестікті азайтып, тараптар арасындағы татулықты сақтаудың ізгі қадамы десек қателеспейміз, – деді.

Мерекелік концертке ұласқан кеште аудан өнерпаздары Дархан Разақов «Бір ел болса», Дастан Палмахов «Қазақстан», Алмат Өтеуов Т.Ізтілеуовтың «Өсиет» термесін, Мақсұт Әбсадықов «Туған жер, өзің дегенде», Ақбота Талғатова «Қазақтың баласы», Динара Жакешова мен Ақбота Талғатова «Қазақстаным», Абылай Байділдаев «Ауылым», Ерхан Тимурұлы «Жүрегім қазақ» әндерін орындады.

Айту керек, Билер билік жүргізу кезінде ең алдымен қоғамда қалыптасқан моральдық көзқарастарды ұстанады.

Бибісара ЖАНӘЛІ
05 желтоқсан 2022 ж. 367 0