Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас ақын «Ақбереннің» үздігі атанды

Жас ақын «Ақбереннің» үздігі атанды

Жақында Астана қаласында ІХ республикалық «Ақберен» өнер байқауының республикалық қорытынды кезеңі өткізілді.

Жас ұрпақтың бойына отаншылдық пен ұлттық рухты сіңіру, тілді, әдебиетті меңгеру, ақындық, сөз өнерінің қадір-қасиетін түсініп, шығармашыл жастардың дарындылығын айқындау мақсатында ұйымдастырылған байқауға бірнеше рет облыстық ақындар айтысына қатысып, үлкен додаларда жеңімпаз атанып жүрген Сәкен Сейфуллин ауылына №137 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Нұрахмет Мансұров қатысып, кестелі жыр, өткір тіл мен орамды сөз жарысының үлгісін көрсетті.

Айта кетейік, еліміздің түкпір-түкпірінен келген, суырып салма, ой қозғаған жүйріктермен бірге  жыр додасында көмейіне жыр толтырып, сөзден маржан терген жас айтыскер ақын Нұрахмет Мансұровқа Сыр өңірінің намысын қорғау бақыты бұйырды.

Айтыстың шыңын бағындыруды мақсат еткен жас ақын «Ақындар айтысы» бөлімі бойынша топ жарып, сөзден түрен салып, асығы алшысынан түсті. Ол – IІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы орайда, шәкіртін баптап, айтысқа дайындаған жетекшісі Гауһар Рахменшееваның еңбегін атап өтпеске болмайды.

«Шын тұлпарға тұсау жоқ» дейді қазақта. Жүзден жүйрік атанған Нұрахметтің алда әлі де алар асулары, бағындырар белестері мол. Жас өрен Сыр сүлейлерінің ізін жалғастырар азамат болатынына сенеміз. Жеңісі құтты болсын!
01 желтоқсан 2022 ж. 402 0