Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қасым-жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кірісті

Қасым-жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кірісті

Елордадағы Тәуел­сіздік сарайында­ Қасым-Жомарт То­қаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті. Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы Тә­уелсіздік сарайы­ның Үлкен залы­на әке­лінген соң, жаңадан сайлан­ған Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Мемлекеттік күзет қызметі басты­ғының рапортын қабылдап, ішке кірді.
Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді.
– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, – деді Президент.
Жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.
Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде зор сенім артқаны үшін қазақстандықтардың бәріне алғыс айтып, қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті.
– Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз – бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті он негізгі бағытты белгілеп берді және олардың бәрін жүзеге асыруға дереу кірісу керектігін айтты. Атап айтқанда, халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, соттық-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдау.
Соңында Қазақстан Республикасының Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан ҚР Қарулы Күштерінің әскер түрлері салтанатты сап түзеп өтті.
Ұлықтау рәсіміне Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Пар­ла­менті депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, облыс­тар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, президенттікке үміткер болғандар, «Nur Otan» партиясының басшылығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Рәсімге барлығы 2500 адам қатынасты.

akorda.kz
15 маусым 2019 ж. 1 645 0