Айтулы күнде Сырдарияда қос сәби дүниеге келді
Ойлы оқырманға сүйінші жаңалықты жеткізуге асықпыз. Сырдарияда саяси науқан күні 2 сәби дүниеге келді.
Сырдария аудандық ауруханасының «Перзентхана» бөлімшесінде босанған қос ана 1 ұл, 1 қызды құшағына басты. Өз кезегінде «Перзентхана» бөлімшесіне арнайы барған дәрігерлер аналарды қуанышымен құттықтады. Ерекше құрмет көрсетті.
– Сіздер ерекше күнде сәбилеріңізді дүниеге әкеліп отырсыздар. Денсаулықтарыңыз жіті бақылауда болады. Аман-есен босанып, отбасыларыңыз қуанышқа кеңеліп жатыр. Облыс бойынша бірнеше сәби дүниеге келуде. Біз қашанда науқастарымыздың сырқатын айықтырып, жаңа өмір сыйлауға барымызды саламыз. Міне, Сайлау күні сырдариялардың қатарына 1 ұл, 1 қыз қосылды. Қос сәбидің елдің мақтаулы азаматы болуына тілекшіміз. Әрине, бұл күн екі отбасы үшін естен кетпес күн болды, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Үсенов.
Ақ халатты абзал жандар жаңа босанған аналардың денсаулығына күтім жасап, бақылауда ұстау керектігін жеткізді. Бұл ретте, жас аналар Ардақ Жарылқапова мен Салтанат Қожамұратова дәрігелерге алғыстарын айтты. Ана бақытын сезінген олар сәбилеріне ерекше мейірім төгуде. Айтулы күнде босанған қос ананың қуанышында шек жоқ.