Бала денсаулығына бейжай қарамаңыз
Қоғамдағы келелі мәселенің бірі – бала денсаулығы. Себебі, дені сау бала – жарқын болашаққа бастаушы, ертеңгі ұрпақты жалғастырушы тұлға. Енді ғана бүрлеп келе жатқан жас шыбықтың саулығына аса ден қою маңызды.
«Ас тұрған жерде ауру тұрмайды», «Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Бұл негізсіз сөз емес. Себебі, адамның ішкен асы оның өмірінен, сырт келбетінен, денсаулығынан көрініс беріп тұрады. «Мына бала тамақ ішпейді» деп баласына шүйліккен ата-ананы жақын-жуықтың арасында жиі байқап қаламын. Анықтап сұрасақ, кішкентай баланың сүйікті асы – қытырлақ картоп, кепкен нан, тәтті сусын, тағы сондай бірдеңелер. Ал ұзақ сақталатын әрі сырттан алынған ондай тағамдардың адам денсаулығына зиянын көзі ашық кез келген адам білетін болар. Бұндай өнімдер бала тұрмақ, үлкен адамға да зиян тигізе алады. Ал енді ғана қалыптанып келе жатқан, күн сайын өсіп-жетілетін жас ағзаға қалай кері әсерін тигізетінін бағамдай беріңіз. Мен сізге бір дерек келтірейін. Жас балалардың арасында көбінің «ң» әрпіне тілі келмейді. Одан бөлек, кей әріптерді айта алмай, яки тілі дұрыс шықпай жатады. Соның салдарынан логопед мамандарға жүгінетіндер де көп. Түптеп барсақ, негізгі себеп – ішкен тағамның зияндығынан екен. Ұлттық тағамдардың қолданыстан біртіндеп ысырылуы – басты себептің бірі. Бір ғана құртты мысалға алар болсақ, құрт жеп жүрген баланың ауыз-қуысы жаттығады екен де, оның тілі тез шығып әрі анық сөйлеуіне ықпал етеді екен. Бұл жерде өнімнің табиғилығы да басты назарда болуы тиіс екенін айта кеткеніміз жөн. Бұрынғының адамдарында қазіргідей ілім мен ғылым жаңа жетістіктерге жетіп, дамымаса да, ненің дұрыс, ненің бұрыстығын анық әрі дәлелді түрде білген. Мысалы, кішкентай балаға май беретін болған. Тіпті, сәби кезінде-ақ. Саусақ басындай ғана майды өз бетінше сорып жүрген баланың асқазан, ішек жолдары майланып, бұл өз кезегінде ауру-сырқаудың алдын алады екен.
Біздің пайымымызды мамандар да қуаттап отыр. Аудандық аурухананың бас педиатры Ақгүл Құлекемен тақырыпты арнайы талдап, сұхбаттасқан едік.
– Аудан бойынша 17 жасқа дейінгі балалар саны, қазіргі есеп бойынша 13046-ны құрайды. Оның 646-сы – бір жасқа дейінгі сәбилер. 236 мүгедек бала бар. Биыл 31 бала мүгедектік санатына қосылып отыр. Олардың ішінде басым көпшілігі жүйке жүйесі, көз, тіл дамуының кешігуі ауруларымен ауратындар, – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, балалар арасындағы жалпы аурушаңдық былтырғы жылмен салыстырғанда біршама көбейген. Статистикалық дерек құрсақ, балалардың көбі асқазан-ішек жолдарының ауруымен шағымданады екен. Одан кейін жүйке жүйесі, көз аурулары, есту жүйесі мен эндокриндік жүйе аурулары жиі кездеседі.
– Асқазан-ішек аурулары арасында өт жолының дискенезиясы, гастрит көп болса, эндокриндік аурулар арасында семіздік жиі кездеседі. Оның басты себебі – балалардың дұрыс тамақтанбауы, жылдам әзірленетін өнімдерді, газды, энергетикалық сусындарды көп ішіп-жеуден, дене қозғалысының аздығынан деп айтуға болады. Көз ауруларының ішінде алыстан көрмеу алдыңғы орында, оның бірден-бір себебі – жақын жерден ұялы телефонды көп пайдалану, компьютерде ұзақ отыру. Осыған орай осы жылы мектептерде жастар орталығы мен саламатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің мамандары осы ауруларға әкелетін себептерді азайту мақсатында оқушылар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы семинар-тренингтер ұйымдастырды, – дейді Ақгүл Әмірханқызы.
Әрбір ата-ана баласының дені сау болғанын қалайды. Бірақ, өкініштісі сол, барлығы бірдей баланың жақсы денсаулығы үшін саламатты өмір қағидаларын ұстануды және кішкентайынан бала бойына дарытуды назарға алмай жатады. Енді ғана бүрлеп келе жатқан жас ағзаға ең керектілері – таза ауа, табиғи өнім, тазалық пен күн сәулесі, жалпы әр нәрсенің мөлшерлі болуы. Бұл тұста, мамандар бала көтеру жасындағы аналардың денсаулығы басты назарда болуы қажеттігін айтса, әкелерге баламен ерте жастан жұмыс жасау қажеттігін ескертеді.
«Денсаулық – зор байлық» деген мақал текке айтылмаса керек. Осы тұста, дене тәрбиесіне мән беру маңызды. Дене – жанның құралы. «Сау денеде салауатты рух болады» деген де бар. Баланың есейгенде жасайтын әрекетінің көп мөлшері оның кішкентай кезден алған дағдысына тікелей байланысты болады. Осыған орай, ата-аналарға баласын кішкентай күнінен физикалық белсенділікке, жаттығу жасап, деннің саулығын күтуге үйрету маңызды. Ол қалыптасқан әдет ретінде баланың есейген кезінде де оң ықпалын береді. Жастайынан спортқа жақын болған бала ағзасы қалыпты дамыған әрі шымыр болып өседі.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ