Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенаторлар кәсіпкерлермен кездесті

Сенаторлар кәсіпкерлермен кездесті

Кеше үлгілі ауыл – Нағи Ілиясов елді мекеніне ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен келіп, аудан кәсіпкерлерімен кездесті. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық да­­му және кәсіпкерлік комитетінің құра­мы аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуы­­мен танысып, кәсіп иелерінің ұсыныс-пі­кір­лерін тыңдады.

Комитет төрағасы Д.Әділбеков бастаған Сенат депутаттары Е.Сұл­танов, С.Алдашев, Б.Қаниев, Ә.Құртаев, С.Лұқпанов, Е.Ма­мытбеков, З.Уашова, А.Ахметов, М.Бақтиярұлы алдымен рес­публикаға белгілі ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Сенаторлармен облыс әкімінің орынбасары Н.Аманұлы, аудан әкімі М.Ергешбаев бірге жүрді. Ауылдың әлеуетімен Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев таныстырып, халық қалаулылары мем­лекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынған әлеуметтік нысандарды аралады. Елді мекендегі спорт кешеніне барып, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына жасалған жағ­дайды көрді. Оған қоса, ауыл мұражайында болып, елді мекен тарихына қанықты. Содан кейін ауылдық мәдениет үйінде кә­сіпкерлермен еркін форматта кездесу өткізді.

Кездесуде халық қалаулылары мемлекет тарапынан кәсіп­кер­лікпен айналысатын ел тұрғындарына мол мүмкіндік жасалып жатқанын жеткізді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпті дөңгелетуге, әрі қарай кеңейтуге, әртарап­тандыруға болатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ел экономикасын ілгерілетуде кәсіпкерлердің рөлі зор екеніне тоқталып, негізгі басымдық кәсіпкерлік саласына бағытталып отырғанын айтты.

Кездесуде аудандағы шаруашылық құрылымдарының төр­аға­­лары мен жеке кәсіпкерлер өздерінің ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті дамытуға берілетін несиеге кепіл­дікке қойылатын мүлік арзан бағаланатынын атап, соның салдарына несие алуда кедергілер болатынына тоқталып, осыны көбейтуге қатысты ұсыныс жеткізді. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлері тарапынан түрлі бағытта төменгі па­йызбен берілетін несиелерді көбейтуге қатысты ұсыныстар айтылды.

Кездесу барысында сенаторлар кәсіпкерлердің ұсыныстары ескерілетінін, жалпы комитет отырысында назарда болатынын жеткізді.

Е.БЕРКІНБАЕВ
27 қазан 2022 ж. 391 0