Байрағымызды қоғамдық жерлерде қоюға еш тыйым жоқ - Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім кезінде мемлекеттік туды қоғамдық жерлерге және жекеменшік орындарға қоюға болатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мен бүгінгі салтанатты жиынға түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырдым. Ол қауіп-қатерге қарамастан, Туымызды және Елтаңбамызды өрттен аман алып шықты. Осындай азаматтардың арқасында біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры нығая түседі. Біз оларды жастарға үлгі-өнеге етуіміз керек.Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Сондай-ақ қастерлі Отанымыздың тұтастығын ерлігімен нығайтатын азаматтар да аз емес», деді Мемлекет басшысы.
«Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесі өзгертілді. Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ», деді Президент.