ЗАҢҒА БАҒЫНБАҒАН ЖАЗАСЫН АЛАДЫ
Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: «Көптеген ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам, қылмыс жасауға бейім тұрады және де тиісті шекке жетпейінше, сол бағытта әрекет жасай береді» деген екен. Әрине, қылмыстың ең кең көлемде көптеп тараған түрі адамдар арасындағы сыбайластыққа бару факторлары. Қарапайым тіршілікте көрер көзге анық байқалмағанымен әрбір адам түрлі жағдайда сыбайластық көрінісіне ие болады. Бұл жағымсыз құбылыс таяуда пайда бола қойған жоқ. Қайта, тарихы тереңге сүңгіп кеткен. Өктемдіктің айқын сипаты өрши түскенде сыбайластық көздегенін жойып тынатын жегі құртқа айналады. Қоғамдағы жекелеген факторлар мен ми қабыршағымызда кенедей жабысқан құрсаулы сана жемқорлыққа итермелейтіні тағы бар.
Сыбайлас-жемқорлық көріністерін біржолата тоқтата алмағанымызбен белгіленген деңгейде бәсеңдетуге болады. Індетті жоюдың негізгі факторы осы кеселге шалдыққандарды заң шеңберінде жазалау. Келесі бірі тұсауға түскенді көріп, аяғын індет жайлаған қоғамнан тартама дейсің. Дамыған мемлекеттер тәжірибесі бізге де жәймендеп келе бастаса, келешегімізді жемқорлықсыз қоғам ретінде елестетер едік. Адамда қорқыныш пен үрей туғанда өзі құрған қақпанға қалай түскенін байқамай да қалады. Кеселдің түп-тамырын күйретуге байланысты мемлекетте ауқымды жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар әрбір адам қызметіне адал ниетпен қараса, жұмыста алға басу байқалады. Жалғанды жалпағынан басып, өз арымызды былғау арқылы өзге біреу алдында сенімсіздікті жоғалтатындығымызды ескермей жатамыз.
Осы орайда, аудандық архив мекемесінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жемқорлық індетін жою» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шараны мекеме басшысы Р.Бексейітова ашып, қоғам үшін қиындық туғызатын мәселеге айналған сыбайлас-жемқорлық жайлы ашып айтты. Өз кезегінде сала маманы Ж.Сейілов аталған тақырыптар негізінде баяндама жасап, одан туындайтын жәйттерді тізбектеді. Бұдан кейін аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің әдіскері Т.Нұрсұлтанұлы, аудан әкімі аппаратының әдіскері А.Әлшоразова, аудандық прокуратураның инспектор іс-жүргізушісі Ж.Аманова, әлеуметтік төлемдерді есептеу орталығының маманы Ә.Уалиханов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсовод маманы А.Жұмабекова, сала мамандары қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ