Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданының өзекті мәселелері қаралды

Сырдария ауданының өзекті мәселелері қаралды

Өткен аптада аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев алқа отырысында Қызылорда облысының өзекті мәселелерін саралап, алдағы уақытта арнайы жиындарды ұйымдастырып, облыс орталығы мен аудандардың дамуына талдау жүргізуді тапсырды. Бүгін Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев атқарылған жұмысын баяндады.

Мәжіліске облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес төрағалары, тиісті мемлекеттік орган басшылары қатысты.

Жиынның мақсаты – ауданның өзекті және проблемалық мәселелерін анықтап, бірлескен түрде оларды шұғыл арада шешу жолдарын қарастыру.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан басшысының жұмысын бағалап, бірқатар назар аударатын тұстарын да атап өтті.

Ауданның жұмысы 4 негізгі бағыт бойынша бағаланды, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, жоғары тұрған органдар мен облыс әкімінің тапсырмаларының орындалу барысы, ауданның кадрлық әлеуеті; мен қоғамдық-саяси ахуал бар.

2022 жылдың қаңтар-маусым айларындағы аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша рейтингте Сырдария ауданы 4 орынды алып, орташа даму динамикасын көрсетті. Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бойынша 6 ай қорытындысымен құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуіне жол берген жалғыз аудан екенін қаперге салып, алдағы уақытта жоспарлы көрсеткіштерге мұқият көңіл бөлуді және салынған нысандардың толық есебін жүргізіп, статистикалық органдарда тіркелуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, аудан бюджетінің кірістер бөлігін орындалмау қаупі бар және республикалық бюджеттен нәтижелі жұмыспен қамту бағыты бойынша бөлінген қаражат толық игерілмеуі мүмкін екенін ескере отыра, жұмысты жандандыруды міндеттеді.

Мұнан бөлек, облыс әкімі ауданда жұмыс орындарын құру, индустрияландыру бағдарламасы аясында жобаларды іске асыру бойынша Сырдарияда жұмыс қарқыны баяулағанын тілге тиек етті.

«Сырдария кәсіпкерлік саласы бойынша кенже дамыған аудандардың қатарында. Көпшілік айтатын негізгі себеп - Сырдария ауданы Қызылорда қаласына жақын орналасқан. Мен бұл себепті кемшілік емес, қайта зор мүмкіндік деп есептеймін. Сізге бұл географиялық орналасу ерекшелігін пайдаланып, Қызылорда қаласының айналасынан азық-түлік белдеуін құру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Ол үшін ауданда бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және етке негізделген мал, құс шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасалған. Осы жұмыстар тиімді ұйымдастырылған жағдайда халықты ең толғандыратын мәселелердің бірі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізері сөзсіз», - деді аймақ басшысы.

Екінші бағыт бойынша аймақ басшысы Ел Президентінің халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына кешенді қолдау көрсетуді үйлестіру мақсатында барлық өңірлерде отбасын қолдау орталықтарын ашуды тапсырғанымен, Сырдария ауданында осы уақытқа дейін «Бақытты отбасы» әлеуметтік бөлімі ашылмағанын және облыс әкімінің тұрғылықты халықтың санына сәйкес өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен қамтылуы үшін қосымша 464 гектар егістік жер дайындау туралы тапсырмасы толық орындалмағанын айтып, осы бағыттағы жұмысты тез арада қолға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі күнге дейін бірде-бір мемлекеттік бақылау шарасы жүргізілмеген және азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында айналым схемасы арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне заем беру жұмыстары мүлдем ұйымдастырылмаған деп ескертті. Нұрлыбек Нәлібаев бюджет қаражатын тиімді әрі сапалы игеру керектігін алға тартып, ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды уақытылы пайдалануға беруге тапсырды. Қазіргі таңда азық-түліктің басым бөлігі сырттан тасымалданатынын ескере отыра, егіншілікпен айналысам деушілерге жер телімдері табысталатынын кеңінен ақпараттандырып, келесі егін маусымына қазірден-ақ дайындала бастауды міндеттеді.

Бағалаудың келесі бағыты – кадрлық әлеуетті дамытуға байланысты облыс әкімі аудандарда кейбір лауазымды тұлғалар, оның ішінде, әсіресе, мектеп және балабақша директорлары көптеген жылдар бойы бір қызмет орнында қалғанын ескертіп, заңнама аясында ротациялауды қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, қызмет барысында заң бұзушылықтарға жол берген қызметкерлер жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.

Сонымен қатар, облыс әкімі аудан көлемінде қоғамдық-саяси ахуалға басты назар аударып, тұрақты бақылауға ұстауды тапсырды және соңғы кездері ауданда кейбір қылмыс түрлері өскенін назарға салып, құқық қорғау органдарына жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, жаппай рейд ұйымдастыру әрі тұрғындарға сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қажеттігін атап өтті.

Аймақ басшысы аталған жұмыстарды іске асыру барысында облыстық және аудандық мәслихат депуттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері де белсенді атсалысуы керек екендігін баса айтты және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы облыс әкімінің жіті бақылауында болатынын ескертті.

Жиында межелі көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған аудан әкімдері мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шара қарастырылатыны ескертілді.





Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
29 шілде 2022 ж. 464 0