Жүз жастағы жауынгер
Бүгінде облыс бойынша Ұлы Отан соғысының көзі тірі жеті ардагері бар. Сырдариялық майдангер Яхия Тасыров – Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгерлердің бірі. Жүз жастан асқан қария Тереңөзек кентінде тұрады.
Майдангер 1922 жылы дүниеге келген. Ол сұрапыл соғыс басталғанда небәрі 19 жаста болған. Жастық жалыны мен күш-қайратын Отан қорғауға жұмсаған азамат соғыстың бас кезінде броньмен қалдырылған. Осы кезде Ленинградтан, Ресейдің басқа да үлкен қалаларынан тоқыма мата комбинаттары Ташкентке қоныс аударғаны белгілі. Себебі соғыс жағдайында олар эвакуацияланды. Бұл Ташкенттің тоқыма-мата комбинатының жұмыс ауқымының кеңеюіне әсер етті. Яхия Тасыров күндіз-түні жұмыс басынан табылды. Дегенмен 1941 жылдың желтоқсан айында тоқыма-мата комбинатының іргесіндегі Фрунзе аудандық әскери комиссариатына шақырылып, майданға аттанады.
– Мен артиллерия әскери күштері құрамында Сталинград, Курск қалалары мен Беларусь, Польша, Германия елдерінде шайқасқа қатыстым. Біз бір күні жүздеген әскер таудың етегіне орналастық. Дон өзенінің жағасында «Красная балка» атты терең сайға қаруларды ату шебіне бағыттап құрдық. Командирлердің тапсырмасымен тереңдігі үш метрдей етіп ор қазып, жау танкілерінің өтуін болдырмаудың шараларын жасадық. Әр солдаттың өз міндеттері болушы еді. Алғашқы соғыс болған жазық даланы жау миналап тастағаны есімде. Алма-кезек ұрыстарда менің қолым дыз ете қалғандай болды, содан соң барып байқадым, снаряд жарықшағы тиген екен. Жау танкілері қазылған ордан өте алмай кері шегінді. «Клим Ворошилов» деген жазуы бар Кеңес әскерлерінің танкілері жауды қуа жөнелді, – дейді соғыс жылдарын ой елегінен өткізген қария.
Айту керек, снаряд жарықшағы тиіп жараланған жауынгер Яхия Тасыров осы жолы «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады. Бұл награда Я.Тасыровқа 1947 жылы соғыстан соң тапсырылды. Бүгінде ардагер көптеген орден және медальдардың иегері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы». Батагөй қартқа түрлі мерейтойларында бірнеше рет автокөлік кілті табыс етілген. Ол жастар Тәуелсіздіктің қадірін біліп, елге адал қызмет етуі тиіс екенін жас ұрпаққа аманат етеді. Сырдариялықтар ақ баталы ардақты ардагерді мақтан тұтады.
А.СЕЙІЛОВ