Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алаяқтық туралы не білеміз?

Алаяқтық туралы не білеміз?

Бүгінде ғаламтор пайдаланбайтын, әлеуметтік желілерде ­па­рақшасы жоқ адамдар кемде-кем. Заман ағымы, уақыт талабына сай әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қаты­нас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелерді талқылауға, белгілі-бір оқиға немесе қоғамдық пікір қалыптасыруға ық­палы зор үлкен күшке айналып отыр. Ақпарат ғасыры саналатын заманда басқаша болуы мүмкін емес те сияқты. Дегенмен интернетті игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Осы ретте Сырдария аудандық полиция бөлімі алаяқтық қылмыстарынан сақ болуға шақырады.
Бұдан бірнеше жыл бұрын ғаламтордағы алаяқтық кәсіби хакерлердің ірі қаржы ұйым­дары мен мемлекеттік мекемелердің сайт­тарына шабуыл, олардың ақпараттық жүйелерін істен шығару әрекеттерімен ға­на байланысты болатын. Бүгінде жекелеген адамдардың әлеуметтік желілеріндегі па­рақшаларына бұзып кіру, ондағы хаттар мен өзге де мәліметтерді көшіріп алып, түрлі мақсаттарға пайдалану, отбасылық құ­пияларды пайдаланып ақша бопсалау, жалған уәде беру сияқты теріс қылықтар бе­лең алуда. Енді соларға жеке-жеке тоқ­тал­сақ.
Вирустық бағдарламалармен ақша табу. Арам пиғылдылар жеке азаматтың әлеу­меттік желідегі парақшаларын бұзып кіріп, ондағы достарына түрлі жарнамалар мен вирустық бағдарламалардың сіл­темелерін жібереді. Сілтемелердің мазмұны әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ мақсаты бір – ақша табу. Мұндай түсініксіз сілтемелерді ашпа­ған, өзге біреулерге таратпаған дұрыс. Қат­ты күдіктенсеңіз дереу құқық қорғау органдарына хабарласқаныңыз жөн.
Бопсалау. Алаяқтар түрлі бағдар­лама­лардың көмегімен желі қолдану­шылардың парақшасын бұзып, ондағы суреттерді, кө­бінесе жеке чатта жазылған хабарламаларын көшіріп алады. Сосын оларды «мүдделі тараптарға» жібереміз деп қорқыту арқылы ақша бопсалайды. Жаза басып, сезімге ерік бергендер мен кесе көлденең өткен қыз­дарға бір қырындамай қалмайтын туа бітті нәпсіқұмарлар ондай алаяқтар үшін оңай ол­жа, әрине.
Қайырымдылық акциялары. Бұл да әлеуметтік желідегі алаяқтықтың кең та­ра­ған түрі. Мұнда ауыр дертке шалдық­қан, шаңырағында қайғылы жағдай болып, қаражатсыз қалған адамдар мен отбасылар туралы хабарландырулар жарияланып, елден көмек сұралады. Ұсынылған күмәнді есеп-шоттар мен электронды әмияндарға ой­ланбастан ақша аудара салатындар болмаса, ондай алаяқтар туралы да айтпас едік.
Жалған уәде беру. Алаяқтар қа­ра­пайым азаматтардың сеніміне кіріп, оларға жер, үй, көлік алып беремін немесе арзан ба­ға­да заттарын сатып беремін де уәде ете­ді. Ауызша келісілген уәденің соңы өкі­­ніш­пен аяқталуы ықтимал. Азаматтар алаяқ­­тардың алдап-арбауына түсіп қалмау үшін қандай да бір маңызды істі атқарарда заңмен рәсімдеуі керек. Сондай-ақ заңсыз іс-әрекеттер байқалатын жалған уәделерге сенбеген дұрыс.
Бейтаныс арулар. Алаяқтар әлеу­меттік желілерден жас қыздардың атынан парақша ашып, онда көркі көз қы­зықтыратын сұлу­лардың суретін салады. Сол аккаунттан жігіттерге достық ұсыныс жіберіп, әңгі­меге тартады. Кісінің көңілін аударатын, қызықты (көбінесе аянышты, немесе отбасылық-тұрмыстық қиындықтарды талқы­лаған) посттар жазып, қалталы деген азаматтардың жазбаларына үнемі пікір қалдырып жүреді. Жеке чатта әңгімелесуге қол жеткізгеннен соң әлдебір себептермен «достарынан» ақша сұрай бастайды. Көп тараған себептердің бірі – ғаламтордағы қы­лықты ару өзі сөйлесіп жүрген досы тұратын қалаға бір шаруалармен бармақ жоспары барын, бірақ жол жүруге біршама қаражат жетпей тұрғанын айтады. Өкінішке қарай, қаражат «қолын байлаған» аруға мәрттігі ұстап көмектеспек болатындар кез­деседі. Алаяққа керегі де осы. Алданған жомарт жан бейтаныс арудың сұраған ақ­шасын алғаннан соң қалай байланыс­ты үзіп, жаңа «кеңістікті игеруге» кірісіп те кеткенін түсінбей қалады. Сондықтан әлеу­меттік желілердегі жазбаларға көп сене бер­меу керек.
«Сыныптастар бас қосады. Ақшаны мен жинап жатырмын», «Телефонымда бірлік бітіп қалды, қаланың сыртында жүр едім. Ақша салшы» деген сылтаулармен оңай пайда тапқысы келетіндерді күнде көріп жүрміз. Тіпті ондайларға мән бермейтін де болғанбыз. Ал енді жоғарыда аталған алаяқтықтарға тап болмас үшін әрбір әлеу­меттік желі қолданушыларынан барынша сақтық талап етіледі. «Жаңа таныстармен» мұқият тексермей, ортақ таныстардың бар-жоқтығына көз жеткізбей сұхбаттаспауға, аса қажет болмаса жеке өміріңізге қатысты суреттер, бейнежазбаларды әлеуметтік же­ліге жарияламауға тырысыңыз. Ең бас­тысы, ел аузында ертеден келе жатқан «Сақтансаң – сақтайды!» деген тәмсіл әлеу­меттік желіні де айналып өтпейтінін ес­те ұстағанымыз абзал.
Алаяқтық дегеніміз – бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену немесе өз мүлкіндей пайдалану құқына заңсыз қол жеткізу. Ол үшін қылмыскер алдау-арбау амалдарын қолданады. Басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Бұл арада мынаны еске алу керек. Алдау және сенімге кіру жо­лымен басқа қылмыстар да жасалуы мүмкін. Олардың жазасы қатаң. Алаяқтар жауапкершілігі қылмыстық-құқықтық нормалар бойынша қарастырылады. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мә­нісін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу маңызды. Қыл­мыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағанын анықтап алу қажет. Мұның өзі қылмыстық заңда қыл­мыстық жауапкершілікке тартуға бір­ден-бір негіз болады.
Қылмыстың әрбір құрамы нақты қыл­мыс­тың объективтік және субъективтік бел­­гілерінің сипаттамасынан құралады. Сон­­дықтан Сырдария аудандық полиция бөлімі аудан халқын алаяқтық қыл­мыс­­тардан сақ болуға шақырады. Бұл ба­ғыт­­та сырдариялық құқық қорғаушылар кент, ауыл әкімдерімен берлесе нақты жұ­­­­­­мыс­тар жүргізуде. Тиісті жадынамалар таратып, тақырыптық билбордтар ілі­ну­де. Атқарылған жұмыстар аудандық про­курорының, аудандық полиция бөлімі бастығының да тікелей бақылауында.
Ау­дан­дық полиция бөлімі алаяқтық қыл­мыс­­тарымен бірге күресуге, алдын алуға, қан­дай да бір күмәнді азаматтар туралы ақпарат болса дереу бөлімге хабарласуға шақырады.

Сырдария аудандық полиция бөлімі
23 сәуір 2022 ж. 1 077 0