Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан трассаларында жаңадан 4 медициналық-құтқару пункті ашылады

Қазақстан трассаларында жаңадан 4 медициналық-құтқару пункті ашылады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жаңа трассалық медициналық-құтқару пунктерін іске қосу жоспарларын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жолдардың апатты-қауіпті учаскелерін шұғыл медициналық көмекпен қамту деңгейін арттыру мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде 4 жаңа трассалық медициналық-құтқару пунктерін (Атырау – 2, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында – 1) құру жоспарлануда», - деп жазды Ә. Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, қазір елде 40 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында арнайы медициналық техникамен, медициналық мүлікпен, апатты-құтқару жабдықтарының жиынтығымен жарақталған реанимобиль бар.

ТМҚП-ның барлық қызметкерлері бұрын «Саламатты Қазақстан» (2011 – 2015 жылдары) және «Денсаулық» (2016 – 2019 жылдары) мемлекеттік бағдарламалары арқылы қаржыландырылса, 2020 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің штат санының лимитіне енгізілді және «Апаттар медицинасы орталығы» ММ қызметкерлері болып бекітілді.

Бастапқы кәсіптік даярлықтан өту барысында болашақ полиция қызметкерлерін алғашқы медициналық көмек, оның ішінде жол-көлік оқиғасы кезінде көмек көрсетудің базалық негіздеріне оқытады. Жұмыс істеп жүрген патрульдік полиция қызметкерлеріне ІІМ оқу орталықтарында тұрақты түрде біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.

Патрульдік автомобильді жинақтау тізбесіне (ІІМ-нің 2019 жылғы 1 қаңтардағы № 737 бұйрығы) кеңейтілген дәрі-дәрмек жинағы бар кәсіби медициналық қобдиша, өрт сөндіргіш, өртке қарсы төсеме, құтқару шеңбері, кеудеше және арқан (суда құтқаруға арналған), сондай-ақ альпинистік құтқару арқаны кіреді.

Бұдан басқа, трассалық медициналық-құтқару пунктерінен шалғай жерлерде патрульдеу орындарында полиция автоэкипаждары металды кесуге арналған қолға алып жүретін апатты-құтқару құралдарымен қосымша жарақталады.
17 сәуір 2022 ж. 315 0