Мүмкіндігі шектеулі жандарға еш кедергі болмауы тиіс
Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта болу қажет. Бұған мемлекет тарапынан қолдау көп. Соның ішінде олардың кез келген ғимаратқа еркін кіріп-шығуына да жағдай жасалуы тиіс. Атап айтқанда, ғимарат алдына келгеннен бастап арнайы автотұрақ, пандус, оларды қабылдайтын орын тиісті талаптарға сай болуы керек. Осы мақсатта құрылған мониторингтік топ пандустарға қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізді.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы ортаның дұрыс қалыптасуын мақсат еткен топ құрамына «AMANAT» партиясы, әлеуметтік, құрылыс, экономика, мәдениет, БАҚ саласы және ҮЕҰ өкілдері енгізілді. Олар Тереңөзек кенті мен ауылдардағы әлеуметтік нысандарды аралап, пандустарды стандартқа сәйкестендіру бойынша түсіндірмелер жасады.
Мониторинг барысында автотұрақ белгісі болуы, пандустың бекітілген талапқа сәйкес жасалуы, есіктерге арналған сары түсті жапсырмалар, тактильді жолақ, тактильді полиуретанды плитка, мекеме туралы ақпараттық белгілер, брайль әріптерімен жазылған ақпараттық тақталар, жуынатын және дәретхана бөлмелерінде тіреуішті тұғырлардың болуына қатысты талаптар зерделенді. Бұл талаптар көбіне елді мекендердегі мәдениет үйлері мен мектептерде сақталған. Өйткені бұл мекемелерде сайлау өтеді. Десе де кейбір мәдениет мекемелері мен білім ордаларының пандустары мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен кедергі келтіреді. Арбаға таңылған жандар ол мекемелерге бара қалса, ішіне кіріп-шығудың өзі мұң болары анық.
Басқа мекемелерде де сын-ескертпелер бар. Бірен-саран ескертпелер қалпына келтірілсе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсеткенде еш кедергі болмайтын әлеуметтік нысандар да жетерлік.
Мониторингтік топ мүшелері мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыруға қатысты ескертпелерді тисті мерзімінде қалыпқа келтіруді ескертті. Ал ескертулер қалпына келтірілмесе, «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25 бабына сәйкес «Лауазымды адамдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылымға және көліктік инфрақұрылымына кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеуі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, әкімшілік жауаптылыққа әкеліп соғады». Сол себепті де әрбір мекеме қызметкерлері кедергісіз орта қалыптастырудың жауапкершілігін сезінуі қажет.
Ердос БЕРКІНБАЕВ