Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қажет

Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қажет

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру жүзеге асырылуда. Бұл тағдыр тауқыметімен мүмкіндігі шектеулі болған жандарды қоғамнан бөлектемей, керісінше ел-халықпен тең дəрежеде өмір сүруін қамтамасыз ету.

Осыған байланысты мемлекет тарапынан олардың кəсіппен айналысуына, жұмыспен қамтылуына жəне басқа да қажеттіліктеріне жан-жақты мүмкіндіктер жасалуда. Олардың ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандардың кез келген мемлекеттік мекеме немесе кəсіптік нысанға кедергісіз кіріп-шығуыүшін ең алымен пандусқа аса мəн берілуде. Оның инфрақұрылымын барлық талапса сай етіп орнатып, мүмкіндігі шектеулі жандар ешбір кедергіге тап болмауы тиіс. Осыған байланысты аудан əкімдігі жанынан мониторингтік топ құрылып, кент жəне ауылдық округтегі мекемелердің пандустарына зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Негізінен, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: əркімге лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы Жол картасының 84,85-тармақтарында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін аймақ бойынша əлеуметтік инфрақұрылымның 2000-нан аса нысанын бейімдеу жұмыстары қарастырылған. Соған байланысты ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына орай, облыс көлемінде 2021-2025 жылдар аралығында бейімделетін нысандар жөнінде жасалған бөлініс бойынша ауданда биыл 32 мекемені талапқа сай жабдықтау көзделген. Бұған қатысты аудан көлемінде бейімдеу ісшараларын жүргізуді қажет ететін 32 мекеме анықталып, оларға аудан əкімдігі тарапынан арнайы хат жолданған. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарды əлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің 2021 жылға арналған жұмыс жоспарына сəйкес, биылғы жылдың 30 маусымдағы кезекті отырысының күн тəртібінде осы мəселе арнайы қаралып, хаттамалық тапсырмада 1 қазанға дейін пандустарды толық жабдықтау тапсырылған. Оған қоса, аудандық прокуратураның «Заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы» ұсыныс хатымен аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудың əлеуметтік саясатын жетілдіру жəне оларға əлеуметтік, көліктік инфрақұрылым нысандарының кедергісіз қолжетімділігін қалыптастыру үшін көрсетілген мекемелерді белгіленген талаптарға сай ету ұсынылған. Осылардың барлығын негізге ала келе арнайы мониторингтік топ құрылып, аудан көлеміндегі пандустардың жағдайын тексерді. Мониторинг топ құрамында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының, аудандық жұмыспен қамту, əлеуметтік бағдарламалар жəне азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің, аудандық құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы бөлімінің, аудандық «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жəне жергілікті БАҚ өкілдері бар.
Топ мүшелері əрбір мекемеге барғанда кедергісіз орта қалыптастыруда белгіленген 9 талаптың сай болуын бақылады. Атап айтқанда, кез келген мүмкіндігі шектеулі жан мекеменің алдына келгеннен өзіне кедергінің жоқ екенін білуі тиіс. Ол үшін алдымен оларға арналған автотұрақ белгісі болу шарт. Одан кейін пандус бекітілген талапқа сəйкес жасалуы қажет. Яғни, жауын-шашыннан қорғайтын шатыры, тайғанақ болмауы үшін төсенішпен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ пандус арбамен келген мүмкіндігі шектеулі жандар үшін биік болмағаны дұрыс. Сонымен бірге, қызметкерлерді шақыруға арналған қоңырау, есіктерге арналған сары түсті жапсырмалар, тактильді жолақ, тактильді полиуретанды плитка, мекеме туралы ақпараттық белгілер, брайль əріптерімен жазылған ақпараттық тақталар, жуынатын жəне дəретхана бөлмелерінде тіреуішті тұғырлардың болуы міндетті. Міне, елді мекендердегі барлық мекемеден осы талаптар зерделенді. Мониторингілеу барысында ауылдық əкімдіктердегі пандустардың арагідік талапқа сай келмейтіні анықталды. Яғни, кейбір елді мекендерде пандустың биіктігі сəйкес болғанымен, шатыры, төсеніші, кейбірінде қызметкерлерді шақыратын қоңырау болмай шықты. Ал кейбір ауыл əкімдіктерінде пандус талапқа сай келгенімен тактильді жолақтар, ақпараттық белгілер, жапсырмалар орнатылмаған. Тіпті, кейбір ауылда мүмкіндігі шектеулі жандардың жоқтығы пандусқа осындай көзқарас қалыптастырған. Десе де, бұл өмірде ешкімнің сақтандырылмағанын, адамдар түрлі оқыс оқиға, апаттардың салдарынан мүмкіндігі шектеулі болып жатқанын еске салып, мұндай көзқарастың болмауы тиіс екендігі назарға салынды.
Бір айта кетерлігі, ауданда сайлау учаскесі ретінде таңдалған мекемелердің пандустары талаптарға сəйкестендірілген. Бір-екі кемшіліктері болмаса, қалған талаптар толығымен сақталған. Яғни, сайлау кезінде барлық адам, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне кедергі болмас үшін қаржы қаралып, барлығы жасалған. Осы тұста, басқа мекемелердегі пандустарды көріп, «Жарымжан жандарға кедергісіз орта қалыптастыру үшін мекемелерде сайлау өту қажет пе?» деген ойға келдік. Кент жəне ауылдық округтерде мəдениет үйі, білім ошағы, балабақша жəне медицина мекемелері араланды. Осылардың ішінде көбіне мəдениет үйлері мен мектептер сайлау учаскелері ретінде белгіленген. Сондықтан олардың көбісі талапқа келтірілген. Дегенмен, кейбір мəдениет мекемелері мен білім ордаларының пандустары мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен кедергі келтіреді. Арбаға таңылған жандар ол мекемелерге бара қалса, ішіне кіріпшығудың өзі мұң болары анық. Мониторингтік топ ауылдарды аралағанда Жетікөл əкімдігін, мектебін жəне клуб үйін, С.Сейфуллин əкімдігін үлгі етуге болады. Тіпті, Жетікөл елді мекендегі мектепте пандус барлық талапқа сай жасалып, еш кедергі жоқ екенін атап өту керек. Бұдан өзге ауылдарда да талаптар сақталған мекемелер жоқ емес. Тек бірең-сараң ескертпелерді қалпына келтірілсе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсеткенде еш кедергі болмайды.

Ауылдардағы емханалар да толық жабдықталмаған. Атап өтерлігі, барлық медицина мекемсінде пандус салынған да, əрі қарайғы қызмет көрсету жолақтары, арнайы белгілер орнатылмаған. Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі жандардың бірінші кезекте келетін жері емхана екенін ескерсек, медицина мекемелері өзгелерге үлгі болуға тиісті. Оларға кедергісіз орта қалыптастырып, еміне шипа жасау ақ халаттылардың басты міндеттеріне жатады.

Жалпы, кент жəне елді мекендерді аралау барысында аудандағы пандустардың жай-күйі белгілі болды. Белгіленіп берілген 32 мекеменің көбісі толық жабдықталмаған. Оларға 1 қазанға дейін уақыт берілген. Оған дейін ескертулер қалпына келтірілмесе, «Қазақстан Республикасында мүгедектерді əлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25 бабына сəйкес «Лауазымды адамдардың, сондай-ақ кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың мүгедектердің əлеуметтік инфрақұрылымға жəне көліктік инфрақұрылымына кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеуі ҚР Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сəйкес, əкімшілік жауаптылыққа əкеп соғады» делінген. Сол себепті де аудандағы мекеме башылары мен қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастырудың жауапкершілігін сезінуі қажет.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
14 қыркүйек 2021 ж. 754 0