«О, Қыздар» драмасы сахналанды
Аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының өнерпаздары Қырғыз елінің белгілі жазушысы Сұлтан Раевтың «О, қыздар» драмасын сахналап, көрермен назарына ұсынды. Жергілікті өнерпаздардың қойылымын тамашалауға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі С.Сәдуақасов бастаған азаматтармен бірге тұрғындар да барып, бір сағатқа жуық уақытын рухани-мәдени іс-шараға арнады.
Режиссер Әділ Ерғалидің жетекшілігімен халық театрының актерлары қойылымға жақсы дайындалғаны аңғарылды. Әсіресе мәдениет саласының жас мамандары Толғанай Қашақова Жарқынайдың, Ақбота Талғатова Перидің, Әлия Бақытбекова Зейненің, Мөлдір Серікбай Флюраның, Динара Жакешова Қарлығаштың рөлін жоғары деңгейде сомдады. Ал өнер саласының майталманы Мінаш Ысқақ қатал әрі өктем үн қататын жатақхана комендатын, жас маман Дәулет Асанов жастықтың буымен кеудесін кере соққан Кешаның бейнесін жақсы ұсынды. Қойылымның суретшісі Жәнібек Әбдіреев болса, сахнаны әр эпизодқа сай әрлеу, безендіру жұмыстарын ұтымды үйлестіріпті.
– Мәдениет саласы ауданның қоғамдық-саяси, рухани дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан жергілікті өнерпаздарды қолдау мақсатында арнайы уақыт бөліп, драманы тамашалауға келдік. Актерлардың дайындығы көңілімнен шықты. Жастар ізденсе, көрермен қауымға бұдан да жақсы қойылымдарды ұсынады деп сенемін. Аудан тұрғындарын халық театрының қойылымдарын тамашалауға шақырамын, – деді қойылымнан кейін өз әсерімен бөліскен аудан басшысы.
Рухани-мәдени іс-шарадан соң режиссер Әділ Ерғалимен жергілікті БАҚ өкілдеріне халық театрының алдағы жоспарлары жөнінде сұхбат берді. Мәдениет саласының жалынды жас маманы ізденіске толы жоспарларын таныстырып, драманы тамашалауға уақыт бөліп келген көрермендерге ризашылығын білдірді.
Айту керек, «О, қыздар» драмасының авторы, Қырғызстанның бұрынғы мәдениет министрі Сұлтан Раев сырдариялықтар қойылымды сахналаған күні ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы болып сайланды. Бауырлас елдің абыройлы азаматының жаңа қызметке тағайындалуымен тұспа-тұс келген игі іс-шараны жақсылыққа жорыдық. Бұл өнерде шекара жоқ екенін білдірсе керек-ті.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ