Желбуаз ауру ма, ауытқу ма?
Осыдан он шақты жыл бұрын облыс орталығында орта жастағы аяғы ауыр әйел кісімен жолыққан болатынмын. Ол кезде мен болашақ журналистпін. Қызық жаңалыққа құлағымызды бұрып жүретін шағымыз. «Үш жылдан бері аяғы ауыр келіншек бар, бірақ осынша уақыт өтсе де босанбайды» дегенді естіп елең ете қалдым. Айтуы бойынша ол кісі адам қарайды екен. Не де болса сол кісіні іздеп тауып, Мән-жайды өз аузынан естігім келді.
Ол кезде мен Қорқыт ата университетінің жатақханасының тұрғынымын. Бір бөлмеде үш қыз тұрамыз. Екеуі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында білім алады. Үшіншісі – мен. Содан естіген жаңалығымды қасымдағы қыздарға айттым. Үшеуміз жоспар құрып сол кісіге баратын болып шештік. Ертесіне сабақтан ертерек сұранып қасымда Фариза деген құрбым екеуміз қоғамдық көлікке мініп, қаланың Шанхай бетіне қарай жол тарттық. Мекен жайы қолымызда, бірақ бұрын-соңды бұл ауданға келіп көрмегендіктен әбден адасып жүріп, үйін әрең дегенде таптық. Ескі лашық іспеттес үйдің ауласына келіп тоқтадық. Есіктен кірмес бұрын біраз кідірдік. Көкейде түрлі ой тұрды. Бойымызды қорқыныш пен үрей қатар билесе де есікке бет алдық.
Бізді ауладан жас жігіт күтіп алды. Жөн сұрады да, бізді үйге кіргізді. Үйде аяғы ауыр әйел бар екен. Өзінің жай-күйін түсіндіріп, алдына құран кітапты алды да бірдеңелерді айта бастады. Айтқан әңгімелері қисынсыз болса да тыңдап отыра бердік. Өзін емшімін деген әйелдің ішінің үлкендігі айы-күні жақындаған аяғы ауыр келіншектің ішіндей. Көзім де, ойымда сол әйелдің ішінде. Әңгімесін айтып болған соң өзімнің келген мақсатымды орындау үшін әлгі әйелді әңгімеге тарттым. Ол кезде жасы қырықтар шамасында, мүмкін одан да үлкен шығар. Есімі қазір ойымда қалмады. Екі көзім ішінде, әңгімесін тыңдасам, ұлы қайтыс болған екен. Сол ұл өмірден өткеннен кейін қатты есеңгіреп қалыпты.
Баланың қайғысы кімге болса да оңай болмасы анық. Содан баласының қабірінің басында отырып, көзі ілініп кетіп, кейін осындай күйге душар болыпты. «Осындай күйде жүргеніме де үш жыл болды. Әйгілі Қорқыт атамыз да үш жылдан кейін дүниеге келген, бәлкім бұл балада Қорқыт ата секілді атағы елге мәшһүр болатын бала шығар. УДЗ аппаратына сан мәрте түстім, бірақ ештеңе естілмеді, көрінбеді. Бірақ ішімнің үлкендігі кішіреймейді, онымен қоса барлық белгілерім жүктіліктің белгілері. Жылда толғағым келеді, бірақ босанбаймын» деген болатын әлгі аяғы ауыр әйел. Айтуына қарасақ, өзінің бармаған жері, қаралмаған дәрігері қалмапты. Бірақ дәрігерлер бұл жағдайды неге нақтылап түсіндірмегеніне таңым бар.
Қазіргі уақытта ол әйелге не болғанынан мүлдем хабарсызбын. Десек те мені де кейіпкерімнің қазіргі жағдайы қатты алаңдатады. Жалпы медицинада адамның психологиялық жағдайына байланысты пайда болған ауру түрлері бар. Бірақ көбісіне ем табылмай жатады. Менің білуімше әңгімеге арқау болған кейіпкерім өзінің жүкті еместігін өзі мойындаған жағдайда ғана ішінің көлемі кішірейіп бәз баяғы қалпына түседі. Барлығы психологиялық тұрғыда шешімін табады. Сол себепті психологтармен жұмыс жасау дер кезінде шешілмейтін мәселелердің түйінін тарқатуы мүмкін.
Мұндай жағдайды медицина тілінде «жалған жүктілік» деп атайды екен. Бұл жағдайда әйел өзін «шынайы жүктімін» деп санап, өзін жүкті әйел кейпінде ұстайды. Мұны халық арасында «көңіл-күй бұзылысындағы жүктілік» немесе «желбуаз» деп атайды. Кездесу жиілігі сирек, десе де ірі қалаларда көп кездесуі мүмкін. Таңғаларлығы сол, жалған жүктіліктің нақты себептері әлі де анықталмапты. Алайда психоэмоциолналды, вегетативті және соматикалық бұзылыстармен қатар жүретін құбылыс екен. Мұндай жағдайдың болуы әйелдің бала сүюге деген құштарлығының артуы салдарынан немесе жақын туысқаны мен құрбысының жүкті болуына деген қызғаныштан дамитыны ішінара дәлелденген. Қыз балалар арасында кездесуі жүкті болудан қорқу салдарының нәтижесінде болады.
Жоғары психоэмоционалды бұзылыстар – невроз, тұрақты стресстік жағдай, психоздық бұзылыстар әйел ағзасында гипозфиздегі гормондар бөлінуін арттырады. Көп жағдайда мұндай мәселе орта жастан асқан әйелдер арасында кездеседі. Әсіресе 35-40 жастағы әйелдердің «жүкті бола алмаймын ба, түсік бола ма» деген қауіптілік пен жүкті болуға деген үрейдің жоғары болуынан пайда болады дейді мамандар.
Жалпы жалған жүктілік белгілері де шынайы жүктіліктегідей дамиды. Олар – етеккірдің тоқтауы, іш көлемінің ұлғаюы, сүт бездерінің толысуы мен сұйықтықтың бөлінуі, салмақтың артуы, құрсақта ұрық қозғалысының болу сезімі. Сонымен қатар таңертеңгілік жүрек айнуы мен құсу, көңіл-күйдің ауыспалы болуы, тез шаршағыштық пен үнемі күрделі әлсіздіктің болуы да бар. Тіпті ерекшелігі сондай, жүктілікке деген сенімділіктің жоғары болғандығынан әйелде толғақты ауырсынулар да қатар дамиды. Акушер-гинеколог дәрігерге қаралу кезінде жалған толғақтың анықталуы әйел жүйкесіне ауыр соққы береді. Нақты диагностикалау ультрадыбысты тексеру кезінде ғана қойылады.
– Жалған жүктіліктің арнайы емі жоқ. Дегенмен әйелге психикалық тұрғыдан арнайы маман көмегі аса қажет. Гинеколог маман пациентке барлық тексеру қорытындысын көрсетіп, ашық түрде кеңес жүргізуі керек. Науқас сеніміне кіріп, өз райынан қайтарып, барлық болып жатқан өзгерісті дұрыс қабылдауға ықпал етуі тиіс. Мұндай іс-шара өз нәтижесін бермеген кезде түрлі ем-шара қолдануға болады. Емдік шаралар медикаментозды немесе медикаментозды емес болып екі түрге бөлінеді. Медикаментозды емес түрі – түрлі массаж ем қабылдау, рефлексотерапия жасау, аромотерапия және электроұйқы. Әрбір ем-шара өз кезегінде оң нәтижесін береді. Медикаментозды ем жеке дара таңдалады. Жүйкені тыныштандыратын, ұйқыны қалыпқа келтіретін препараттар арнайы маман кеңесінен кейін ғана тағайындалады, – дейді аудандық емхананың жоғарғы санатты акушер-гинекологы Марал Тоқтарқызы.
Жалған жүктіліктің алдын алу шараларын жүргізу өте маңызды. Себебі әйел жүкті болудан және жүктілікті алып жүруден қатты қорқуы мүмкін. Бұл кезде гинеколог пен психолог маман бірлесе көмек көрсетуі тиіс. Психолог маманға қаралудан ешқандай қауіптенудің қажеті жоқ. Сіз ешкімге айта алмаған құпия сырыңызды психолог маманға айта аласыз. Жалған жүктіліктің бір қиындығы ол бедеулік диагнозы нақтыланған жағдайда өрши түседі. Бедеуліктің кез келген түрі қазіргі заманауи медицинада өз шешімін тапқан. Сол себепті басыңызға қандай жағдай түссе де дәрігерлердің кеңесіне жүгінгеніңіз абзал.
Айдана ҚАЛИЕВА