Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Астың бетін ашық тастама

Астың бетін ашық тастама


Ертеде бір кейуана болыпты. Ол аяғы ауыр әйелдердің босануына жәрдемдеседі екен. Әйелдер «қолы жеңіл» деп, оның алдына жиі келіпті. 
Бір күні түн ортасында есігін біреу қағады. Кейуана есікті ашса, ешкім жоқ. Кемпір «қағыс естіген шығармын» деп, төсегіне қайтып келіп жатады. Бірақ оқиға дәл осылай екі рет қайталанады. Үшінші ретте есік алдында тұрған ақбоз атты кісіні көреді. Түр-тұрпаты бөлек, өзгеше екен. Жақын маңайдың кісілеріне ұқсамайды. 
– Бір жас келініміз босана алмай жатыр, соған жәрдем берсеңіз, – дейді ол. Кемпір келісіп, жолға шығады. 
– Апа, көзіңізді тарс жұмыңыз, біз белгі бергенше ашпаңыз. Әйтпесе, майып боласыз, – дейді. Кемпір көзін тарс жұмып отырады. Жолда гүрсілдеген, салдырлаған, оқыс дыбыстар шығып, зәресін ұшырады. Бір жерге жеткенде: 
– Апа, көзіңізді ашыңыз, – деген дауыс естіледі. Қараса, бір үйге келіпті. Төрде жас келіншек босана алмай қиналып жатыр екен. Кемпір оны аман-есен босандырып алады. Нәрестенің кіндігін кесіп: 
– Баланы, шомылдыратын су әкеліңдер, – дейді. Өзін ертіп әкелген кісі: «Қазір», – дейді де, біраз уақытқа жоғалып кетеді. Сәлден кейін су емес бір шара сүт әкеледі. Кемпір түсінбей таңғалады. Баланы шомылдырып жатып қараса, шара көршісінің сүт құятын ыдысына ұқсайды екен. Кемпір секем алып қалады. Басқаларға білдірмей, сақинасын сүтке салып жібереді. Бәрі біткен соң, олар бөпені шомылдырған сүт пен тостақты қайтадан алып кетеді. 
Үй иелері оған мол сый-сияпат беріп, үйіне әкеліп тастайды. Кемпір таң атқанша көз ілмейді. 
Ертесіне түндегі шараны тексеру үшін көрші үйге барады. Таныс ыдыс көзіне оттай басылады. Ішінде сүт тұр екен. Ол сүтті сүзіп, сақинасын тауып алады. Сол кезде барып, түндегі бейтаныс кісілердің жын-пері екенін түсінеді. Көршісіне болған жайды баяндап, сүтке жын баласының шомылғанын айтады да, сүтті адам аяғы баспайтын жерге төктіреді. 
Көрші үйдің келіні бұрыннан салақ еді. Ырым-тыйым талаптарға жеңіл қарайтын. Майлықтары, жаулықтары айлап-апталап жуылмайтын. Кешкі астан соң ыдыс-аяғын жууға ерініп жата салатын. Үйдегі ас-ауқаттың бетін бүркеп жатуға да ерінетін. Сол күні түнде сүттің бетін жаппастан жатып қалыпты. Оның ашық-шашық ыдыстарын жын-жыбырлар жалап кетеді екен. Соның кесірінен үйінің берекесі қашып, байы еселеп мал тапса да, бақуатты өмір сүрмейтін. 
Осыған байланысты ел ішінде түнге қарай сүт пен суды, ас-ауқатты ашық тастамау, ыдыс-аяқты жуып жату туралы ырым-талаптар көбейген екен.
27 мамыр 2018 ж. 3 548 0