Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды

«Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды

Биыл облыста үшінші рет өткізілетін «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына 5-6 сынып оқушыларынан 15 мыңнан астам білім алушы қатысады деп жоспарлануда. Олимпиадаға тіркелу мерзімі 20 наурызға дейін жүргізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов хабарлады.

-«Білімді ұлт сапалы білім беру» ұлттық жобасының басты міндеті – қала мен ауыл мектептері арасындағы оқу жүйесінің алшақтығын қысқарту болып табылады. «Мың бала» олимпиадасы осы мәселені шешуге бағытталған жобалардың бірі. Аталған білім додасына еліміздің ауылдық мектептерінде оқитын 5-6 сыныптың оқушылары ғана қатыса алады. Соңғы екі жылда олимпиадаға 230 ауыл мектебінен 27 мыңнан астам оқушы қатысты. Республикалық кезеңнен 174 бала жеңімпаз атанды. Ал 50 бала еліміздегі «Білім-Инновация» лицейлері және дарынды балаларға арналған мектептерде оқуға мүмкіндік алды, - деді Әзизбек Ізімбетов.

«Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығында өткізіледі. Олимпиадаға қатысу үшін 1000bala.elbasyacademy.kz сайтына тіркелу керек.

-Тестілеу екі бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, «Логикалық ойлау» және «Кеңістіктік ойлау» бойынша 40 сұрақ беріледі. Тестілеуге смартфон, планшет немесе интернет желісіне қосылған компьютер арқылы қатысады. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған оқушылар олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алады. Екінші кезең 27-29 сәуір аралығында өтеді. Онда математикалық сауаттылық, қазақ тілі немесе орыс тілі, ағылшын тілі, жаратылыстану пәндері бойынша өткізіледі, - деді «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Қиянбекова.

Айта кетейік, олимпиада туралы толық ақпаратты «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығынан алуға болады.
03 наурыз 2022 ж. 465 0