Адамға алғыс айтпағанның, Аллаға шүкірі жоқ
Дана халқымыз кез келген жақсы іске алғыс айтуды әдетке айналдырған. Ол әдет әдепке айналған. Сол арқылы адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Игі іске алғыс білдіру асыл дінімізде әдептіліктің белгісі саналады. Атаулы мерекеге орай аудандық мешіттің бас имамы А.Асқарұлына бірнеше сауал қойып, ризашылықтың риясы туралы білген болатынбыз.
– Асхат Асқарұлы, «Алтын – жер сыйы, алғыс – ел сыйы» дейді халық даналығы. Ел сыйына ие болу үшін адамдар қандай ізгі амалдар жасау қажет?
– Ең алдымен, алғыс айту – асыл қасиет. Пейілі кең халқымыз қашанда алғыс айтудан қашпаған. Халық арасында «алғыс – бата» деген ұғым бар. Көпті көрген ақсақалдар жастарға алғысын білдіріп, жасаған іс-әрекеттеріне көңілі толып, «Қолыңды жай, балам, батамды берейін, алғысымды білдірейін» деген. Бұл – үлкен тәрбие. Алғыс айту үшін арнайы жағдайды күту шарт емес. Мүмкіндік болып жатса, жақсы сөз айтудан жалтарып қалмау керек. Бұл – әдептіліктің белгісі. Жақындарыңызға, айналаңызға ризашылық білдіру арқылы қарым-қатынас та жақсара түседі. Одан бөлек, адамдар бір-біріне көмек көрсетіп, қолғабыс жасап, алғысқа ие болады. Бұған қатысты Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» (Тирмизи, Әбу Дәуіт), «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ» десе (Ахмет ибн Ханбал), енді бір хадисінде «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нәрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер» деген. Демек, шүкіршілік етіп жүретін жан адамдарға алғыс айтудан жалықпайды. Ал алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісінде береке болмайды.
– Ең бірінші алғысты кімге айтамыз?
– Әрине, барша әлемнің Жаратушысы Аллаға мадақ! Мұсылман үмбетіне, адамдарға алғыс айта білудің маңыздылығын Раббымыз Құранның аятында үйретіп, баян еткен. «Сендер Мені еске алыңдар, сонда Менде сендерді еске аламын. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпірлік етпеңдер» деген. (Бақара сүресі, 152 – аят). Біз Раббымыздың әрбір нығметтеріне шүкірлік етуіміз міндет. Адамдар арқылы бізге жақсылық келсе, ол жақсылық Алланың әмірімен келгендіктен сол адамға алғыс айтуымыз арқылы оны жіберуші Раббымызға шүкірлік еткен боламыз. Одан кейін ата-анамызға айтар алғысымыз шексіз болуы керек. Алла Тағала «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше, (уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)» дейді. Сол себепті адам баласының ата-анасына рақмет айтуы – міндет. Өйткені, Жаратушымыз ата-ананың жүрегіне мейірімділік салып, сәбидің кішкене күніндегі барлық қамқорлықтарын міндетсінбестен өз мойындарына алып бақты, қамқорлық жасады. Ата-анамызға жақсылық жасаумен, сөздерін жерге тастамай тыңдап, бойұсыну арқылы оларға алғысымызды білдірген боламыз. Ал ата-анамызға бағынуымыз өз кезегінде Алла Тағалаға шүкірлік еткен болып жазылады.
– Адам баласы жасаған жақсылығына алғыс күтуі керек пе?
– Адам баласы өзіне жақсылық жасаған, сондай іске себепкер болған адамға да әрдайым өзінің алғысын, рахметін айтып жүруі тиіс. Алғысын айтып үлгере алмаса да жақсы ниетпен, ізгі тілегімен өзгелерге айтып жүруі керек. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде: «Қандай да бір кісі жақсылыққа қол жеткізсе, алайда оның қайтарымы ретінде қарымтасын бере алмаса, оның жақсылығын айтып, мақтасын» деген (имам Тирмизи). Мысал ретінде мына бір ғибратты әңгімені айтайын. Сахаба Сағд ибн Ас Мадина қаласында көше бойлап келе жатып, бір үйден су сұрайды. Үй иесі оған бір кесе су беріп шығарып салады. Келесі жолы сол үйдің жанынан өтіп бара жатып: «Кім көбірек береді?», – деп жар салып жатқан дауысты естиді. Қызметкеріне: «Барып сұрашы, не болып жатыр екен?», – деп жібереді. Қызметкері үй иесінің қарызы бар екенін айтады. Сағд ибн Ас дереу сол үйге барып, үйге кірсе, қарызын сұрап келген кісі отыр екен. Үйдің қожайынынан мән-жайды сұрай келе берешек төрт мың динары бар екендігін білген соң лезде қызметкерін өзінің үйіне жөнелтеді. Қызметкер жігіт бір қалта динар алып келеді. Сахаба сол жерде әлгі су беріп көмектескен кісінің төрт мың берешек қарызына көмектесіп, қалған ақшаны үй иесіне беріп кетеді. Міне, бұл үй иесінің шын пейілмен берген бір кесе суы үшін білдірген алғысының қарымтасы болатын. Яғни шын пейілмен жасаған игі іске міндетті түрде алғыс айтылады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Ердос БЕРКІНБАЕВ