Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№3 газет

14 қаңтар 2025 ж.

№ 2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Әбдіжәміл Нұрпейісов ұлт руханиятының көшбасшысы болды - Президент

Әбдіжәміл Нұрпейісов ұлт руханиятының көшбасшысы болды - Президент

Алматы тұрғындары аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаралы жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Әбдіжәміл Кәрімұлы – сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралған соң, қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты.

Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Заман жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды.

Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем суреттей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кең тынысты жазушы болатын. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды. Ол ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Солайша, өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналды.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатын шығармалары қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», делінген көңіл айту жеделхатында.
07 ақпан 2022 ж. 454 0