Тұғырлы тұлғаға лайықты құрмет

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі әдеби ортаға етене таныс. Қаламына құт қонып, бақ дарыған еңбегі ерен қайраткер-тұлғамен ел тәуелсіздігінің қуанышына бірге бөленіп, бір заманның ауасымен тыныстап жүргеніміздің өзі бір ғанибет. Тіпті, заманның заңғар тұлғасы әдебиеттегі біздің бағдаршымыз, арқасүйер алып бәйтерегіміз. Пайымдап қарар болсақ, Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әдебиетін әлемге танытқан бірден-бір тұлға – Әбдіжәміл Нұрпейісов.
Қаламгердің қуатты қаламына арқау болған «Қан мен тер» романында ХХ ғасырдың ауыртпашылыққа толы алғашқы жиырма жылы, революциялық дәуірдің адам сенгісіз дүмпуі, сілкіне де бұлқына бастаған Арал өңірінің түйіні тарқамаған мәселелері, революция рухымен ояна бастаған қазақ халқының бастан өткерген қилы сәттері ғажап суреттелген. Бұл талантты қаламгердің дара дарын иесі екенін білдіреді.
Ұлы жазушының ұлылығын өзінің көз алдында аспандатып, мерейлі тойын бүкіл елдің тойы ретінде абыроймен атап өтіп жатқанымыз – өркениет ауылына нық бет бұрғанымыздың көрінісі. Түптеп келгенде, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының абыройын асқақтатып тұр.
«Тт-ақпарат»