Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі

«Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті Төраға!
Құрметті Мәжіліс депутаттары!
Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып ең­сере білдік. Енді біз мұн­дай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте ма­ңыз­ды міндет.
Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шын­дыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кет­­кенін көріп отырмыз. Мұның, әрине, бірнеше себеп­тері бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды ег­жей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кей­бі­рі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады.
Бірақ, бізге керегі – тек ақиқат қана. Сол се­бепті, оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдай­лар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл – бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұ­лым­дықтың көрінісі. Олар­дың көз­дегені – өздерінің қатыгез пиғыл­да­рын іске асыру болғаны айдан анық.
Мұның қатарында Жамбыл облысында бол­ған тәртіпсіздіктер, этносаралық сипаттағы аранда­ту­шылықтар мен басқа да шиеленістер бар. Қоға­мымыздың тұтастығын жүйелі түрде, соның ішін­де наразылықтар мен кәсіби түрде әзірленген сцена­рийлерді қолдану арқылы шайқалтып келген.
Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын дайындау жасырын түрде жүргізілген. Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті уәкілетті орган ретінде осы бүлдіргі жұмыстарға нақты баға бере алмады және бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген аса үлкен қауіпті көрмеді. Шабуыл ұйымдас­тыру­шыларына тек себеп із­деу ғана қалды, ал ол себеп бәрібір табылар еді.
Халықтың газ бағасының өсуіне байланыс­ты наразылығы құрал ретінде пайдаланылды. Содан кейін оқиға спираль түрінде дамыды. Бірінші кезеңде бірнеше өңірде, атап айтқанда, Жаңаөзенде митингтер өтті. Екіншісінде қарақ­шылар мен бас­бұзарлар қосылды. Бұдан әрі «отты» кезеңге жетіп, қарулы лаңкестер, со­ның ішінде шетелдік содырлар іске араласты. Осыдан кейін олардың негізгі мақсаты белгілі болды – мемлекеттік басқару инс­титуттарын тарату, конституциялық құрылымды бұзу және түпкі нәтижеде билікті басып алу.
Әр нәрсені өз атымен атар болсақ, бұған дейін ҰҚШҰ саммитінде айтқанымдай, біздің елге қарсы террористік соғыс ашылды. Жау асқан қатыгездік пен кез келген қадамға баруға дайын екенін көр­сетті. Олар тіпті халық арасында қорқыныш ұяла­тып, қарсы шығу туралы ойды басуға талпынды.
Қазақстанға шабуыл жоспары әртүрлі аспек­тілерді қамтыды: әскери, саяси, идеологиялық, жал­ған ақпараттандыру және тағы басқалар. Би­лікті басып алуға дайындық жұмыстарын кәсіп­қойлар жүргізді. Бұл халықаралық лаң­кестік тарапынан елі­мізге қарсы жасалған қарулы агрессия бол­ғандықтан, Қазақстан заңды түрде Ұжымдық қауіп­­сіздік шарты бойынша әріптестеріне бітім­гер­шілік контингент жіберу туралы өтініш жасады.
Мынаны түсіну керек: осындай шешім қа­был­дап жатқан кезде Алматыны бақылауды толықтай уыс­тан шығарып алуымыз мүмкін еді. Ондай жағ­дайда қалада лаңкестер ойран салатын еді. Алматыдан айырылсақ, астананы да жоғалтып, кейін елімізден айырылатын едік.
Қаңтардың қаралы күн­деріндегі оқиғалардың мәні де осында. Елордада бітімгершілік контингент пайда болғаннан кейін, Алматыға арнайы жасақтың қосымша бөлім­шелерін жіберіп, қаланы сақтап қала алдық.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қа­у­е­­сет­тің, әсіресе, шетелде тарап жатқан жаң­сақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжым­дық қа­уіп­сіздік мәселелерімен айналысады.
Қазақстан – оның толыққанды құрылтай­шы­сының бірі. Осы ұйым­ның барлық мүшеле­рінен жа­сақ­­талған бітімгершілік контин­г­ен­ті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді. Оған жүктелген мін­деттер нақты айқындалған. Бұл – стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп, қолдау көр­­сету.
Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қа­зақстанның күштік құрылымдары жүзеге асыруда. Шын мәнінде, солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ.
Мемлекеттік төңкеріс, елдің тұрақтылығына қол сұғу талпыныстары сәтсіздікке ұшырады. Біз біртұтас ұлт ретінде Алматы мен өзге облыс орта­лық­тарын бірге қорғап қалдық. Қысқа мерзімде олар қалпына келтіріледі және бұрынғыдан да көр­кейе түседі. Енді бұл – менің тікелей міндетім және әрине, Үкіметтің жауапкершілігі.
Осы сәтті пайдалана отырып, террористік аг­рес­сияның нысанына айналған қалалардың тұрғын­дарына көңіл айтқым келеді.
***
Бүгін, сол қаралы күндер артта қалған кезде, Ішкі істер министрлігі­нің арнайы жасақ­тарының тер­рористік агрессияның бетін қайта­рудағы ерлігін атап өткім келеді. Мысалы, Алматы қаласында по­лицияның шағын тобы полиция департаментін басып алмақ болған бан­дит­тердің шабуылын екі түн қа­тарынан той­тарып отырды.
Қиын-қыстау кезеңде Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қыз­мет­­­­шілері де абыроймен көзге түсті. Бірақ бәрі бір­дей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ.
Бірқатар қалада Ұлттық қауіп­сіздік комитеті де­партаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимарат­тарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге соғыссыз тастап кетті.
Енді алғашқыда атқаратын жұмыстың бағы­тын айқындап бергім келеді. Бірінші. Антитер­рорлық қимылдарды табысты аяқтау қажет. Аза­маттарымыздың қалаларда, елді мекендерде және ауылдарда жақындары мен балаларын уайымдамай жұмыс істеп, еркін жүріп-тұрып, оқи алуы үшін құқықтық тәртіпті толықтай қалпына келтіру керек.
Жалпы, контртеррористік опера­цияның не­гіз­гі фазасы аяқталды. Еліміздің барлық өңі­рінде ахуал тұ­рақты. Осыған байланыс­ты ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күш­терінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды деп мәлімдеймін. Екі күннен кейін ҰҚШҰ-ның бірлескен бітімгершілік контингентін кезең-кезеңмен шығару басталады. Контингентті шығару процесі 10 күннен аспайды.
Екінші. Содырлар мен олардың бейбіт тұр­ғындарға қарсы қыл­мыстарға қатысы бар сыбайластарын түгел тауып, жазалау керек. Лаңкестік ша­буылдардың артында кім тұрғанын тыңғылықты анықтау өте маңызды.
Тағы бір өзекті мәселе – содырлардың жасырын «ұяшықтары» мен олардың командалық пунк­тінің қызметі не себепті мемлекеттің назарынан тыс қалды? Неліктен еліміздің аумағында осыншама заңсыз қару мен арнайы құралдар бар болып шықты? Терроризм нысандарын анықтау мен бейтараптандыру бойынша агентура жұмысы неліктен жүр­гізілмеді? Арнаулы жедел тергеу тобы өз жұ­мысын сапалы әрі толық көлемде атқарып, траге­дияның барлық себебі мен мән-жайын ашуы керек.
Үшінші. Қаза болған тәртіп сақшыларының, әс­кери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсету – біздің қасиетті борышымыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз.
Төртінші. Қысқа мерзім ішінде қираған дү­ние-мүлікті қалпына кел­тіру керек. Толығымен қа­лыпты өмір­ге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тап­шы­лығын, ба­ға­ның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды. Үкімет комиссиясы өз жұмысын бас­тап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай кө­мек­пен қатар, кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айт­қанда, несие­­лер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсім­пұл белгілеу тоқтатыла тұрады.
Бесінші. Еліміздің қауіпсіздігін ны­ғайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери тех­ника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін то­лық­тыру ісін қолға аламыз.
Мемлекеттік шекараны ны­ға­йтуымыз керек. Көші-қон, соның ішін­де ішкі көші-қон саласын тәр­тіпке кел­тіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет. Шұғыл түрде қираған ғимараттар мен арнаулы техниканы жөндеп, бейнебақылау жүйесін іске қосып, құқық қорғау органдарының қызметін қалпына келтіру керек.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қай­та құру сынды стратегиялық мін­детке ерекше тоқталғым келеді. Қару­лы күш­теріміздің, құқық қорғау құры­лымдарымыздың, Ұлт­тық қауіп­сіздік органдарымыздың, сыртқы бар­лау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бір мақсатқа – кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатер кезінде азаматтарымызды, консти­туциялық құрылымды, еге­мендікті барынша тиімді қорғауға жұмыла жұ­мыс істеуге тиіс. Мұны мемлекетіміздің негізгі мүдделері талап етеді. Бұл міндетті шешу үшін келесі басымдықтарға назар аудару қажет.
Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалау­ға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама іл­геріледік. Бірақ жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға да­йын болуымыз керек. Күштік құры­лым­дардың қол­басшылары жаңа жауын­герлік дағдыларды шың­дауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтарымен жабдықтауға шұғыл кірісуі қажет.
Екінші. Ұлттық гвардияны сан мен сапа тұр­ғысынан нығайту. Өңірлерде оның жаңа бөлім­шелерін жасақтап, бар бөлімшелерді күшейту, кө­ліктік және материалдық-техникалық қамта­масыз ету мәселелерін шешу қажет.
Ішкі істер министрлігінің арнау­лы мақсаттағы құрылымдарының және Ұлттық ұланның санын ұл­ғай­тып, әскери дайындығын күшейту ке­­­рек. Қажетті материалдық-техни­ка­­­­­лық жабдықтармен қосымша жа­рақ­­­­­т­андыру қажет. Бүкіл күштік құ­­­ры­­­­­­лымдар­дағы арнаулы бөлім­ше­­­лер қыз­меткер­лерінің жалақысы көтерілсін.
Үшінші. Полицейлердің құқық­тық қорғалуын арттыру. Билік өкіл­деріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындар үшін жауап­кершілікті күшейту қа­жет.
Төртінші. Әскердің жауынгерлік қабілетін арттыру. Қысқа мерзімде Арнаулы операция күштері қолбас­шылығын құру.
Бесінші. Шекара қызметінің ұйым­дастыру және басқару принциптерін қайта қарау керек. Мем­лекеттік шекараны әскери қорғаудан жедел жұмыс әдістеріне баса назар аудартқан реформаларға ревизия жүргізу.
Алтыншы. Сыртқы, әскери, қыл­мыс­тық және қаржылық барлауды қоса алғанда, барлау қызметін толықтай құру қажет.
Жетінші. Түрлі күш құрылымдары арасындағы тиімді үйлестіруді қамта­масыз ету керек. Дағдарыс жағда­йын­дағы мемлекеттік орган­дардың іс-қимыл­­дарының алгоритм­дері өзектендіріліп, ведомство­аралық үйлестіру күшейтілуі қажет. Барлық күш құ­ры­лымдарының жедел және әскери-техникалық сәйкестілігін жолға қою керек.
Сегізінші. Қарулы күштердің өзді­гінен шешім қабылдай алуын қамтамасыз ету, басшыларының жауапкершілігін кү­шейту қажет.
Тоғызыншы. Діни экстремизмге қарсы күрес­те жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыру. Олар­дың кри­миналмен, әсі­ресе қылмыстық-атқару мекеме­лерінде сыбайласып кетуіне мүлдем жол бермеу керек. Таяуда қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткі­земіз. Ол жерде жоғарыда айтылған жайттар ортаға салынып, шешу жолдары қаралады.
Қайғылы жағдай негізінен күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен кейбір мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігі, нақты айтқанда олқылығы салдарынан болғанын мойындау керек. Жеке атқарушы органдардың күрделі жағдай мен азаматтардың қажеттіліктерінен айтарлықтай ал­шақ­­тауы байқалды. Билік құры­лым­­дарының өкіл­дері халықтың өміріне, олардың ұмтылыстары мен қа­­жет­­тіліктеріне қатысты қате көзқарас қалып­тасты.
Теңсіздік мәселесі де ушыға түсті. Ол жылдан жылға қиындай берді, ал халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай кө­рінді. Алайда елеулі орташа табыстың артында қо­­ғамдағы мүліктік күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азамат­тардың көптеген күрделі проб­лемасы ше­шілген жоқ.
Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқа­тын жақсарту – мем­лекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгер­мейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істе­мей тұр.
Елде құрылған әлеуметтік-эконо­микалық жүйе жалпыұлттық табысты арттыруда өзінің тиімді­лігін көрсетті. Бірақ оны бөлісуде тиімсіз екені аң­ғарылды. Мұны бәріңіз жақсы түсініп отыр­сыздар.
Экономикалық өсуден негізінен қар­жылық және олигархиялық топтар пайда тауып отырды. Қалыптасқан олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеп, елдің бәсекеге қабі­леттілігін тө­мендетті.
Ең алдымен, еліміздің жаңа эконо­микалық тұ­ғырын қалып­тас­тыруды мық­тап қолға алу қажет. Эконо­микалық сая­сатымыздың мақ­саты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту.
Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдын­дағы жауап­кершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқым­ды тобы тұра­тыны анық. Яғни, бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ға­на байланыстыратын кәсіпкерлер.
Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті, кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды. Мен бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіп-өр­кендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым. Үкімет осы заңның әлеуетін нақты іс жүзінде пайдалануы қажет.
Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі туралы көп­теген әділ сұрақтар туын­дап жатыр. Қа­лыптасқан жүйе негі­зінен ірі құрылымдарға «достарға – бәрі, қалғандарына – заң бойынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағдарланған. Шын мәнінде, қазіргі жүйе эконо­микадағы олигополияны одан әрі күшейтеді. Ірі кәсіпорындар бәсеке­лестікті тұншықтырып, реформаны тоқ­тататын ерекше артықшылықтарға ие.
Мысалы, Қазақстан даму банкі қаржы-өнер­кәсіптік және құрылыс топтарынан өкілдік ететін таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне айналды. Бәрінің аты-жөнін білеміз. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, олар өз жобаларын іске асыруда артықшылық алып отыр. Бұл жо­баларға кеткен мемлекеттің қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болатын еді.
Үкіметке Қазақстан даму банкінің қызметін қайта құруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну үдерістері ашық емес әрі тиімсіз болып отыр. Бұл тәсілдерді түбегейлі қайта қарау керек. Бұл түсінікті әрі ашық тетіктер болуы қажет. Өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн.
Әділ бәсекелестік біздің экономика үшін бас­ты талапқа айналуға тиіс. Бүгінде бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нәрсеге айналды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, Мен былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ, кейбіреулер заңнамадағы кем­ші­ліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қал­дыруға тырысуда. Сондықтан картельді келісім­дер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекет­тік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жою­ды тапсырамын.
Келесі мәселе. Жылдан жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіп­керлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп-тарату жүйесінің ашық болмауы­­нан зардап шегіп келеді. Тіпті, жанар-жағармай ба­ғасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз.
Осы кезеңде Бас прокуратура Бә­секелестікті қор­ғау және дамыту агент­тігімен, сондай-ақ Энер­гетика минис­трлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі сақталады.
Келесі мәселе – «Самұрық-Қазына» қоры қыз­метінің тиімділігі. Бүгінде бұл қордың активі елі­міздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуық­тайды. Яғни, осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тіке­лей әсер етеді. Қордың КЕГОК, Қазақгаз және Қазақстан темір жолы сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиім­ділігін айқындайды.
Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?
«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің страте­гия­лық активтерін басқару ісін­де басты рөл атқа­рады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жос­парлау жә­не реформалар агенттігімен бірлесіп, квази­мемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер Қор­ды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құры­лымның экономикамызда болмағаны жөн.
Қордың сатып алуларының ашық­тығына қа­тысты мәселелер бар. Шағым­дар жиі түседі. Осы мәселелердің міндетті түрде жауабын табу керек. Әсіресе, мем­лекеттік сатып алуды бір тараппен ғана келісім-шарт жасауға мүмкіндік беретін негіздерді азайту маңызды. «Самұрық-Қазына» қоры мен басқа да ұлттық компаниялардың сатып алулар тәртібін қайта қарастыру міндеті алда тұр.
Былтыр реттелетін сатып алулар туралы заң шықты. Алайда мәселелердің көбі бұрынғыдай заңға тәуелді актілер мен Қордың өз шешімі деңгейінде ше­шілуде. «Самұрық-Қазына» ере­желері мен рәсімдерін Қаржы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігімен келісуді қамтамасыз ету керек.
Экономикалық өсім мемлекеттің эко­номи­кадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты. Бірақ, жекешелендіру жүй­елі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Атап айтқанда, бәсекелестік ортаға берілуге тиіс активтерді іріктеу тәсілдері айқындалмаған. Оны шұғыл әзірлеу қажет. Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті Мемлекеттік комиссияның жеке­ше­лендіруге қа­тысты шешім­дерінің толық ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Экономиканы әртараптандыру – күр­делі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-­ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың бас­ты ба­ғыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнер­кәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді.
Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен им­портқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Алю­ми­нийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар жә­не машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша тек мұ­най-газ және тау-кен машина жасау саласының импорты 4 миллиард доллардан асты. Әлде еліміздегі кейбір адамдар ахуалдың дәл осындай күйде болуы­­на мүдделі ме? Үкімет бүкіл өнеркәсіп саласына терең талдау жұмысын жүргізуге тиіс.
Шикізат қорын, құзыреттері мен экономикалық тиімділікті ескере отырып, бәсекеге қабілетті секторларды анықтау керек. Жүргізілген талдаудың негізінде нақты жобаларды әзірлеп, инвесторларды тарту қажет. Бұл – Үкіметтің жаңа құрамының алдында тұрған басты міндеттердің бірі.
Келесі. Кәсіпкерлер мен жалпы қоғам тара­пынан «Оператор РОП» деп аталатын компа­нияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «Оператор РОП» ЖШС-ның утильдік алым жинаумен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралғаны жөн. Мемлекеттің утилизациялау, автомобильдік өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға қолдау көрсетуін ешкім тоқтатқан жоқ. Бұл мәселені бизнес­пен және қо­ғам­мен конструктивті түрде талқылау керек.
Отандық автокөлік пен ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есе­бінен ваучер беру мәселесін қарастырған жөн. Осы және өзге де утильдік алым қаражатын қо­ғам­ға пайдамен жарату тәсілдерін қарастырыңыздар.
Біздің қоғамды, әсіресе елорда тұрғындарын тітіркендіретін демесек, қатты алаңдататын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы. Ол кәдімгі инфра­құрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқ­сан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Орасан зор қаражат жұмсалды, қарыз алынды. Ше­телдік әріптестер алдында ауқымды келісім-шарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба әу-бастан қателік еді, оны мойындау керек. Оған қоса, бұл жобадан күшті жемқорлықтың иісі шығады.
Енді оңтайлы шешім қабылдау қажет. Себебі оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жо­ғалтуды білдіреді. Бізде отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны пайдаланудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа таңдау жоқ.
Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Был­тыр­ға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жем-шөппен қам­тамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұ­қыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамта­масыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң ба­қылауда ұстауға тиіс.
Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тә­сілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мер­зім ішінде атқарылуға тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашық­тығын қамтамасыз етуге тиіспіз.
Жуырда болған заң бұзу­шылықтардың қайта­лануына жол бермеу маңызды. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляция­ны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді.
Макроэкономикалық тұрақ­тылық­ты қамта­ма­сыз ету үшін бюджет кіріс­терінің қосымша көздері қажет. Шикізат бағасының жоғары болуы­на байланысты тау-кен өнеркәсібі саласындағы кәсіп­орындардың кірісі өсті. Мұны білеміз.
Үкіметке бюджетке қосымша кірістер мәсе­лесін пысықтауды тапсырамын. Есесіне жаңа кен орындарын барлау мен игеруге ауқымды жеңіл­діктер беруге болады. Мен ірі тау-кен және басқа компаниялар туралы айтып отырмын.
Қолайлы нарық жағдайында бензин өндіру­шілер мен әртүрлі делдалдар қосымша пайда алады. Осы маржаның бір бөлігін акциздер арқылы бюджет пайдасына алу қажет деп санаймын. Үкімет тиісті есептеулер жүргізуі керек. Бұл ретте бағаның өсуіне жол бермеу қажет.
Бюджет кірістерін арттырудың айтарлықтай әле­уеті кеденде тәртіп орнатумен байланысты. Әсіресе, Қытаймен шекарада.
Онда болып жатқан нағыз былықтар бәріне мәлім. Машиналар тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді. Қытайдың кеден органдарымен салыстырмалы статистикадағы сәйкессіздік миллиардтаған долларға жетеді. Қол сұғылмайтын мәртебесі бар «уәкілетті операторлар» бар. Елі­міз салық түрінде ондаған миллиард теңге жоғалтып отыр. Бұлай болмайды.
Бас Прокуратураға Қаржы министрлігімен, Қаржы мониторингі агенттігімен және басқа да мүд­делі органдармен кешенді тексеру жүргізіп, кеден­дік шекарадағы тәртіпті қамтамасыз етуді тап­сырамын.
Бюджет кірістері туралы айтқанда, шығыс­тардың жекелеген баптарына тоқталмауға болмайды.
Үкімет мүшелері мен депутат­тардың, әкім­дердің еңбек­ақы­ларына тоқталайын. Өткен жыл­дың соңында бұл мәселе қоғамда қызу талқы­ланды. Негізі аталған санаттағы мемлекеттік қыз­метшілердің жала­қысы толығымен жеткілікті деп санаймын. Сондықтан Үкімет мүше­лерінің, өңірлер әкімдерінің және депутаттардың жала­қысын көтеруге бесжылдық мораторий жариялауға болады деп есептеймін.
Бұл Мәжіліс депутаттары үшін жақсы жа­ңалық емес еке­нін түсінемін, бірақ сіздер бұл жа­ңа­лықты түсіністікпен қабыл­дайсыздар деп ойлаймын. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттегілердің еңбекақысын бюджет мүм­кіндіктерінің өсуіне қарай арттыруды жалғас­тыра­мыз.
Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені бел­гілі. Экономика өсіп, халықтың табысында ал­шақ­тық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қау­пін тудыруы мүмкін.
Үкімет жеке тұлғалардың бан­крот­тығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығы­рықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шек­тен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пру­де­нциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын.
Валюта нарығындағы тұрақ­тылық­ты қамта­масыз етпейінше тұрақты эконо­микалық өсім мүмкін емес. Орын алған оқиғалар, төтенше жағ­дай режимі салдарынан ұлттық валютаға айтар­лықтай алаяқтық қысым тәуекелі туындады. Ұлт­тық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне нарықтың сыртқы және ішкі қа­тысушылары тарапынан теңгеге сенім толықтай қайта қалпына келгенге дейін валюта нары­ғының тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Қазақстандықтардың әл-ауқатын арт­тыру мақ­сатында жалақы мен зейнет­ақыны бірнеше рет көтердік. Бірақ әрдайым бағаның бақылаусыз өсуімен бетпе-бет келеміз. Бірнеше жыл бойы жоға­ры инфляция экономикамыздың басты проблемасы болып отыр. Ол эко­номикалық және әлеу­меттік саясаттың тиімділігін төмендетеді. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез келді. Бағаны және ха­лық­­тың инфляциялық күтуін тұрақ­тандыру керек.
Инфляцияны төмендету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуге тиіс. Мақсатты дәлізі – 2025 жылға қарай 3-4 пайыз. Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, инфляцияны бақылау жөніндегі кешенді іс-шаралар әзірлеуі қажет. Ол импортқа тәуелділікті, артық делдалдықты төмендету және ақша-несие саясаты құралдары бо­йынша іс-шараларды қамтуы керек.
Қазақстанда тікелей шетел инвес­тициясын тарту үшін барлық жағдай жасалған. Біз қолай­лы инвестициялық ахуалдың сақталғанына мүд­деліміз. Мемлекет ішкі және шетелдік инвес­тор­лардың сенімін қайта қалпына келтіру үшін қажетті барлық іс-ша­раны қабылдайтындығына сен­діргім келеді. Инвесторлар ал­дындағы мем­лекеттің бар­лық мін­деттемелері мен кепілдері толық кө­лемде орындалатын болады. Дәл осы кезеңде жа­һандық энергетикалық және технологиялық өту – ESG талаптарының күшеюі жағ­дайында елдің тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық сая­саттың жаңа тұжырымдамасы қажет.
Келесі мәселеге жекелей назар аударғым ке­леді. Төтенше жағдай ре­жімінің енгізілуіне байланысты жекелеген қаржылық-өнеркәсіптік топтар­дың капиталды шетелге, оның ішінде жалған мәмілелер жасау жолымен жылыстату тәуекелі артып тұр. Біз қазірдің өзінде жекелеген тұлғалардың есепшоттарындағы қозғалысты байқадық. Сон­дықтан Ұлт­тық банкке Қаржылық мониторинг және қаржы нарығын реттеу агенттігімен бір­лесіп, нақты бақылауды қамтамасыз етуді, барлық транзакциялар мен елден қа­ражатты негізсіз шығарған тұлғаларды тек­серуді және бақылауға алуды тапсырамын.
Сөзімнің экономикалық блогын түйіндей келе, бүгін біз жаңа Премьер-Министрді тағайында­ғанымызды, оған бірқатар нақты тапсырма жүктел­генін атап өткім келеді.
Премьер-Министрге үш аптаның ішін­­де Үкі­меттің 2022 жылға арналған іс-қи­мыл жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Оны ақпан айының басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында қараймыз.
Дүниежүзінде коронавирустың жаңа толқыны басталды. Қазақстанда науқас­тардың күрт өсуі бай­қалады. Күніне 2 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеледі. Пандемия басталғалы бері вирус жұқ­тырғандар саны 1 миллионнан астам адамды құ­рады. Сондықтан босаңсымай, коронавирус­пен күресті жалғастыру маңыз­­ды. Бұл да жаңа Үкі­мет­тің басты мін­деті болуы керек.
Енді өңіраралық теңгерімсіздіктер туралы. Қа­­зақ­станның өңірлері бірдей деңгейде дамып жат­пағаны баршаға аян. Теңсіздік әлеуметтік жай­сыздық пен миграциялық көңіл-күйге жол ашады. Соңғы оқиғалар батыс және оңтүстік өңірлерде ха­лықты еңбекпен қамтудың өзекті мәселелерін көр­­­сетті. Бұл өңір­лерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан жүйелі индус­трия­ландыру, шағын және орта бизнеске көмек көр­сету, аталған облыстарда қызмет көрсету саласын дамыту өңірлік емес, ұлттық басымдық болмақ.
Дамудың мәдени-ағартушылық құра­мдас бө­лігін де ұмытпау керек. Білімді азаматтардың еліміздің түкпір-түкпірінде бәсекеге қабілеті артып, табысқа жетуге және лайықты өмір сүруге мүмкіндіктері молаяды. Үкіметке аталған өңірлер үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және басқа бағдарламалар аясында жекелеген ба­ғыттар әзірлеуді тапсырамын.
Әрі қарай. Жасыратыны жоқ, көбіне кей өңірді қолдау деңгейі тұрғындардың нақты сұранысына емес, нақты бір әкі­мнің «салмағына» байланысты. Бұл даму­­дағы тең­герімсіздікке және аза­маттардың нара­зылығына әкеледі. Олар­дың көп­шілігі, әсіресе шикізаттық өңір­лердің тұрғындары бюджеттік ресурстарды бөлуде өз облыстарына көбірек назар аударылғанын қалайды.
Бұл өңірлер бюджеттің доноры бола тұра, әлеу­меттік-экономикалық дамудың көптеген пара­метрлері бо­йынша артта қалып келеді. Сондықтан тәсілдерді біртіндеп өзгерту керек. Бюджетаралық қатынастарды түбегейлі реформалаудың уақыты жетті. Үкіметке заңнамалық өзгерістер пакетін әзір­леуді тапсырамын.
Мемлекеттік басқару саласы кешенді рефор­малауды қажет етеді. Кадрлық әле­уеттің төмен­дігін, формализмді, жем­қор­­лықты және кадр тұрақтамауын мойындау керек. Сондықтан халық­тың мемлекеттік билік институттарына сенімі тө­мен.
Мемлекеттік қызметке алу талабын жетілдіру, артық талаптар мен кедергілерді жою керек. Жұ­мысқа қабылдау мен жоғарылатудың нақты принципі «меритократия» болуы керек. Мемле­кет­тік қызмет кез келген қазақстандық үшін ашық бол­ғаны жөн.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен кету про­цесін де жеңілдету керек. Кейбір шенеуніктер кабинетінде жылдар бойы тапжылмай отырады. Олар жас әрі перспективалы мамандардың өсуіне жол бермейді, мемлекеттік аппараттың ти­ім­ділігін төмендетеді. Ондай шенеу­ніктермен оңай қоштасу керек. Дегенмен, мемлекеттік басқару аппаратына келсек, шенеуніктің институционалдық жады да маңызды мәнге ие. Барлық шенеунікті бірден жас­тармен ауыстыра салуға болмайды. Бұл жерде мейлінше қисынды қадам қажет.
Егер 60 жастағы шенеунік өз қызметін ой­дағыдай атқарса, инс­титуционалдық жадқа ие болса, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы болса, оны жұмыстан шығаруға болмайды. Яғни, ақылға қо­ным­ды, сараланған көзқарас болуы керек. Үкі­мет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тиісті тетіктерді әзірлеп, енгізуді тапсырамын.
Мен «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасына бастама жасадым. Бұл – келешегі зор жас­тар үшін әлеуметтік лифт, сонымен бірге жаңаша ойлауды қалыптастырудың, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізудің тетігі. Бұл тәжірибе жалғасын табады.
Менің тапсырмама сәйкес, өткен жы­лы мем­лекеттік аппараттың көлемі 15 па­йызға қыс­қар­тыл­ды. Мем­лекеттік аппарат реформа­лардың қоз­ғалтқышы және орындаушысы, аза­маттарға маңызды мем­­лекеттік қыз­меттер көрсетеді, «Ха­­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымда­масын жүзеге асыруды қам­та­масыз етеді. Мемле­кеттік аппаратсыз мем­лекеттің өзі табысты өмір сүре алмайды.
Қазіргі кезеңде мемлекеттік қызмет­кер­лер­дің санын оңтайлы деп санаған жөн. Жаңа Үкі­метті тағайындауға қа­тысты барлық ұйым­дасты­рушылық ше­шім­дер қабыл­данғаннан кейін бұл санды орта мерзімді кезеңге бекіту қажет. Содан кейін байқаймыз. Мемлекеттік функциялардан бірте-бірте арылсақ, оларды бәсекелес ортаға көшірсек, демек, мемлекеттік аппараттың көлемі де бірте-бірте азаяды.
Шенеуніктердің азаматтармен диало­гының тиімділігі төмен екендігін айтып өткен жөн. Мем­ле­кеттік орган басшылары халықпен сөйлесе алмайды, тіпті кейде қорқатын секілді. Үкімет мүшелері өңірлерге жиі шығуға тиіс. Ал өңір әкім­дері әрбір елді мекен тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуі керек.
Тағы бір мәселе – бюрократияның етек жаюы. Ол азаматтардың санасында мем­лекеттік аппарат туралы баяу жұмыс істейтін немқұрайлы машина деген әділ түсінік қалыптастырады. Бюрократия – реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себептерінің бірі. Мұндай аурудан бәрімізге емделу керек.
Реформаның формасы емес, мазмұны басым­дыққа айналуы қажет. Есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тәсілдері өткеннің еншісінде қалуға тиіс. Түпкі нәтиже процестен маңыздырақ. Өзін-өзі ақтамайтындай күрделендірілген және нақты шешімді баяулататын үде­рістің бәрі жойылуы керек.
Бүгінде мемлекеттік органдар тап­сырмалардың мазмұнды іске асырылуына емес, бюрократиялық орындалуына бағдарланған. Формасы бо­йын­­ша үлгілі, бірақ мазмұны жағынан нашар құжат­тар әзірленіп жатыр. Негізгі интеграциялық жүйе­лердің бар болғанына қарамастан, меморгандар макулатураны қаптатып, мәнсіз хат алмасуын қояр емес.
Мемлекеттік органдардың ақ­парат­тық жүйе­лерінің дерек­терін ресми және қағазбен дәлелдеуді қажет етпейді деп тану керек. Олай болмаса, цифрландыруды не үшін енгізіп жатырмыз? Цифрландыру сәнді ойыншық емес қой. Ол мемлекеттік аппарат функциясын орындау тұрғысынан пайдалы болуы қажет. Жиындардың көбін онлайн форматта өткізу керек. Мемлекеттік аппаратты бю­рократсыздандырудың осы және өзге де шаралары жеке Жарлықта көрініс табатын болады.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің, Мемле­кеттік қызмет істе­рі жөніндегі агенттіктің функционалдарында мем­лекеттік аппа­рат­тың тиімділігін арттыру және бю­рократсыздандыру шараларын іске асыру мен мониторингтеудің нақты функцияларын қарас­ты­ру қажет.
Азаматтардың әл-ауқаты және әлеу­меттік кө­ңіл-күйі мемлекеттің бас­ты назарында болуы керек. Цифр­лармен ойнауды қойып, нақты істер­ге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамту­шылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адамдар жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, әлеуметтік қор­ғау­сыз қалып жатыр.
Бұл әлеуеметтік-еңбек саласын са­па­­лы жаңар­туды қажет етеді. Осы мақ­сатпен мынадай шараларды қабыл­даған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты әрі әрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Бас­қарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақ­ты көрсет­кіштерін бекіту қажет.
Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азамат­тардың нақты санын анықтау керек. Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Үкіметке Әлеуметтік ко­декс­тің уақытында қабылдануын қамтамасыз ету қажет.
Осы құжат аясында әлеуметтік сая­сатты пандемия тәуекелдері мен қор­даланған проблемаларды ескере отырып бейімдеуіміз керек. Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі элементіне айналуға тиіс.
Жұмыссыздықты, әсіресе жастар ара­сындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітіру­шілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұ­мысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Біз мұны жақсы білеміз. Олар тапқан жұмысын істеп өмір сүреді. Кейбіреулер табыс іздеп, заң бұ­зуы мүмкін.
Үкіметке «Жастар тәжірибесі» және «Алғаш­қы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзі­мін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарас­тыруды тапсырамын. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды. Үкіметке тиісті гранттардың мөлшерін 2 есеге – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту жүктеледі.
Келесі. Сапалы білімге қолжетім­ділікті арттыру сөзсіз басым бағыт. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім – мектептің жүрегі». Сондықтан мен мұғалімдер тапшы­лығы бар өңірлерге үздік педагогтарды тар­тудың арнайы қолдау пакеттері бар арнайы бағ­дарламасын әзірлеуді тапсырамын.
Жоғары білімнің қолжетімділігі де көкейкесті мәселе. Елдің халық тығыз қоныстанған өңір­леріндегі жастарға ар­налған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа экономика құру үшін ЖОО-ның бәсекеге қабілетін арттыру маңызды. Таяуда Қазақстанда жетекші ше­телдік жоғару оқу орындарының филиалдарын ашу басталды. Жақын арада Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жос­парланып отыр.
2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиа­лын ашу қажет деп есептеймін. Осы орайда, екі техникалық бағдарланған филиал еліміздің батысында болғаны жөн.
Жалпы бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық маман­дықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет.
Келесі. Әлеуметтік әділдік те маңызды мә­селенің бірі болып қала береді. Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Мемлекет аз нәрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50 пайыздан астамын әлеуметтік шы­ғындар құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз.
Бізде Ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлемуеттік қорын құруды тапсырамын. Ол ден­саулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау сала­ларындағы өзекті мәселелерді шешумен айналысады.
Мысалы, сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Өйткені, көптеген отбасы емдеу ақысын төлей алмайды. Қалаларда, аудандарда, кенттер мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматының сұм­дық қасіретті оқиғадан оңалуына көмектесеміз. Осы қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көр­сетеміз. Бұл жекелеген мысалдар ғана.
Атап өтейін: бұл Президенттің, Үкіметтің немесе басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл – барша қазақстандықтардың қоры, халықтық қор. Ол Әкімшіліктің немесе Үкіметтің жанында жұмыс істемейді. Беделді байқаушылар кеңесі құ­рылып, адал да жауапты басшы тағайындалады. Біз оның қызметінің толық ашықтығын, қоғам алдындағы есептілігі мен бақылануын қамтамасыз етеміз. Жос­парлар, бюджет, жобалар сайтта жария­ланады. Барлық ақпарат ашық болады.
Қор жеке және мемлекеттік көз­дер­ден қар­жыландырылады. Ха­лық­­аралық қайырым­ды­лық ұйым­дары­ның көмегін тарту жоспарланып отыр. Бұл қорға лотерея операторынан, бәс тігу орталығынан және басқа монополистерден мін­детті жарналар түседі.
Әлбетте, біз Қорға ірі бизнес тарапынан қо­мақты әрі тұрақты, атап айтамын, тұрақты аударымдар жасалуын күтеміз.
Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар мен тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да бай адамдар тобы пайда болды. Енді Қазақстан халқына тиесіліні беретін және оған жүйелі әрі тұрақты негізде көмектесетін уақыт жетті деп есептеймін. Сондықтан Үкіметке компаниялар қатарын анық­тау және олармен Қорға бөлінетін жыл сайынғы жарна көлемін келісу қажет болады. Сонымен қатар, іс жүзінде орасан қаражатқа ие бола отырып, көлеңкеде қалып келе жатқан тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін.
Қор қоғамды ұйыстырудың тағы бір құралы болатынына, азаматтарда әлеуметтік әділдік сезімін нығайтатынына сенімдімін.
Өткен оқиғалар қоғамымыздағы өт­кір мә­селелердің бетін жалаңаш­тады. Қалаларымызға, туғандарымыз бен жақындарымызға жасалған шабуыл мемлекетіміздің ең басты құн­дылықтарының – бейбітшілік пен тұрақ­тылықтың қаншалықты нәзік екенін көр­сетті.
Біз мемлекет пен азаматтар, бұл – бір тұтас екенін айқын түсінуге тиіспіз.
Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе бар. Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеу­ден қашады.Әскери билетке ие болу жастардың мақта­нышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған аза­маттардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруы­мыз керек.
Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бас­тан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз.
Жалпы, мемлекет пен қоғамның ара­сындағы өзара қарым-қатынасты транс­формациялау қажет­тілігі пісіп жетілді. Қоғамдық шарттың жаңа форматы керек. Қазақстан саяси жаңғыру бағытын жал­ғас­тырады. Бұл – менің қағидатты ұс­танымым.
Саяси салада аз шаруа істелген жоқ. Менің тарапымнан саяси реформалардың төрт пакеті ұсы­нылды, соларды жүзеге асыру аясында 10-нан астам заң қабыл­данды. Бұл орайда мен өте жедел әрі сапалы жұмыстары үшін Сенат пен Мәжіліс депутаттарына аса ризамын.
Митингтер туралы шын мәнісінде жаңа заңнама іске қосылды. Партия құру үшін тіркеу кедер­гілері мен олардың Парламентке өту межесі төмендетілді. Әйелдер мен жастардың Мәжіліс пен мәслихаттарда өкілдік ету аясы кеңейді. Парламенттік оппозиция институты енгізілді, сайлау бюллетеньдерінде «бә­ріне қарсымын» деген баған пайда болды. Ел тарихында тұңғыш рет ауыл әкім­дерін тікелей сайлау өтті.
Адам құқығын қорғау саласында салмақты ілгерілеулер болды. Атап айт­қанда, Қылмыстық кодекстің 130 және 174-баптары декриминалдандырылды жә­­не ізгілендірілді.
Еліміз Азаматтық және саяси құ­қықтар туралы Халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына қо­сылды.
Құқық қорғау саласын кешенді жаң­ғыртуға бағытталған «Қазақстан Рес­публикасының адам құқықтары сала­сындағы әрі қарайғы шаралары туралы» Жарлыққа қол қойылды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкіл институты жүйелі ны­ғайтыла бастады. Өлім жазасы то­лығымен алынып тасталды.
Қыркүйектегі кезекті Жолдауымда азаматтық қоғаммен және сарапшы­лармен кең ауқымды және сындарлы диалог негізінде әзірленетін сая­си реформалардың жаңа пакетін ұсынамын.
Мемлекет те өзінің базалық функ­ция­ларының толыққанды және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Мемлекет заңдылықтың сақта­луына және құқықтық тәртіпке, аза­маттардың қауіпсіздігі мен мен­шік құқықтарының қорғалуына ке­піл­дік беріп, әлеуметтік игілікті және сапалы мемлекеттік қыз­мет көр­сетуді қамтамасыз етуге тиіс. Өз кезе­гін­де бизнес пен азаматтар қоғам­дық мінез-құлық нормалары мен заң­намаларының сақталуына, салық­тар­дың әділ төленуіне және еңбек қаты­настарындағы ашықтыққа жауапты. Осы­ған байланысты кезең-кезеңді өз­герістер бағдарламасын әзірлеу керек.
Үкіметке жауапты сарапшылық қо­ғам­дас­тықпен және азаматтық қоғам­мен бірлесе отырып, тиісті ұсы­ныстар пакетін әзірлеуді тапсырамын.
Ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің бір отырысында қаралатын болады.
Құрметті отандастар, құрметті депутаттар!
Жақында болған қайғылы оқиға­лар кезінде азаматтарымыздың басым көпшілігі патриоттық танытты, экстремистермен күресте бірлігін көр­сетті. Халықтың ауызбірлігі, Қазақ­станның Тәуел­сіздігі мен егемен даму идеясына деген шынайы сенімі қо­ғамды ұйыстыру және елімізді іл­герілету үшін қуатты іргетас болып саналады.
Біз барлық қиындықты бірге еңсе­реміз.
Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз!
Қадірлі отандастар!
Қиын күндер артта қалды. Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйы­са білген бүкіл халқыма шынайы риза­шылығымды білдіремін! Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, ты­ныш­тық пен тұрақтылықты сақтауы­мыз қажет.
Енді Қазақстанда дамудың жаңа ке­зеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады.
Егемен елімізді бірге өркендетейік!
Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат.
Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!


15 қаңтар 2022 ж. 482 0