Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨҢІР ТЫНЫСЫ ЖАНДАНДЫ

ӨҢІР ТЫНЫСЫ ЖАНДАНДЫ


Табаны кеуіп, тартылған Арал теңізінің болашағына алаңдаған ел-жұрттың үмітін «Саратс» жобасы қайта жалғады. Бүкіл әлемде назар аудартқан алқалы жиын осыдан 25 жыл бұрын біздің облыста өткен болатын. Сол жиында Елбасы өзі бастап ұлы жобаның алғашқы сұлбасы жасалды. Арал проблемасына қолдау көрсеткен Дүниежүзілік Даму банкінің арқасында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жөніндегі жобаның бірінші кезеңі нәтижелі аяқталды. Екінші кезеңнің бағдарламасы 2020 жылға дейін жалғасады. Қазірдің өзінде теңіздің суы көбейіп, тіршілік қайта түледі. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарып, бірнеше балық зауыттары салынды. Онда балықтың көптеген түрлері өңделіп, экспортқа шығарылуда. Теңіздің Арал қаласына бірнеше ша­қырымға жақындауы көлдердің қайта қал­пына келуіне әкелді.
«Сулы жер – нулы жер» демекші, жайылымдық жерлер көлемі артты. Адам ас-ауқатсыз өмір сүруі мүмкін. Бірақ сусыз тіршілік болмайды. Арал теңізін сақтап, оған су келетін арналарын реттеу арқылы, күллі аймақтың экологиялық жағдайы да жақсарады. Кезінде жаппай туған өлкесінен үдере көшкен халық ата қонысына қайта оралып, туған мекенді түзетуге кіріскені қуантады. Шалқыған теңіздің толқыны әлі талай жанның шаруасын дөңгелетіп жіберетініне сенім мол.

Ә.ЖАҢАБАТЫРОВ,
су шаруашылығы
саласының ардагері
27 наурыз 2018 ж. 1 161 0