Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЗ ТЕҢІЗ ҰЛТАНЫНА БІРІНШІ БОЛЫП БАРҒАНДАР ЕДІК

БІЗ ТЕҢІЗ ҰЛТАНЫНА БІРІНШІ БОЛЫП БАРҒАНДАР ЕДІК


Бұл осыдан 27 жыл бұрын, 1991 жылы болған жағдай. Сол кезде бұл жер «Экологиялық апаттың эпицентрі» деген атқа ие болып адамзаттың өміріне қауіпті аймақ екені жөнінде бүкіл дүние жүзіне барлық БАҚ арқылы хабар айтылып тұрған қорқынышты кезең еді. Осы апаттың пайда болуына бірінші себепкер болған Советтер Одағының кешірілмес қатесін жөндеу мақсатында үкімет 1990 жылы арнайы «Консорциум Арал» деген қаулы алды. Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1991 жылдан сексеуіл, сарсазан егіп бастауды жоспарлады. Бұл жұмысты атқаруды Қазақстан мен Өзбекстанға жүктеді. Ол кез әлі одақтың тарамаған, егемендік алынбаған уақыт болатын. Барлық қаржы, қажетті құрал-жабдықтар түгелдей Мәскеу арқылы бөлінді. 1991-1993 жылдары 3 жылда 54 мың гектар жерге сексеуіл, сарсазан ағашы мен бұта егілді. Қазір сол жерде және айналасында қалың сексеуіл орманы бар. Өз тұқымының есебінен көгерген ағаш пен өсімдіктердің көлемі шамамен 0,5 млн гектарға дейін жеткен.
    Одақ тараған соң 1992-1993 жылдардағы Аралдың жұмысы Қазақстан Республикасы бюджеті есебінен орындалды.
    Бірінші осы жұмысты бастандыру өте қиынға соқты. Жұмысқа баруға адамдарда ықылас жоқ, ол жерге ешкім барып көрген емес, оқыған-естіген хабардан санасы әбден уланған, тіпті соғысқа бара жатқандай қорқыныш сезімде болды. Халықпен көп жұмыс істеуге тура келді. Қаржымыз, техникамыз түгел болды, тікұшақ тұрақты қызмет істеді. Жатын орын, азық-түлік, киім-кешек, таза су, монша, медициналық қызмет толық қамтамасыз етілді. Еңбекақы мәселесі толық шешілді. Жылына күзде бір ай жұмыс істеледі, жұмыс тоқтамай тәулік бойына жүргізілді.
    Облыстағы 8 орман шаруашылығынан 200 адам тұрақты жұмысқа тартылды. Жұмыс орнында кісілердің айлығы сақталды. 8 сағат жұмысқа 3 сом 15 тиынның орнына Аралда 19 сомнан төленді. Бұл Одақтағы Тайгада орман ағашын кесушілерге берілетін тариф. Олар таза ауада жұмыс істейді, біз экологиялық апаттамыз, ол үшін 50% экологиялық коэффицент төленді, тапқан табысының көлемінде сыйақы берілді. Қорыта айтқанда, адам басына бір айлық жұмысына 500-600 сом табыс тауып қайтты. Тәртіп бойынша жұмыс кезінде жұмысшылардың барлық қажеттілігі тегін  таратылып тұрды.
    Дегенмен, жұмыстың ауыр болғандығын мына жағдайдан сезінуге болады. Көліктен жерге түскенде төбеде көк аспан, жерде аппақ тұз бен құм, көзге ілінетін қарайған ешнәрсе жоқ. Жерге аяғың тиісімен тобыққа дейін бұрқылдақ ұлпа тұз бен құмға кіріп тұрады. Жел жоқтың өзінде шамалы ауа екпінінен әлгі тұз бен құм буланып қозғалатын сияқты әсер қалдырып, басың айналады. Адамның психологиясына қатты әсер етеді. Бір ай бойы жұмыста төбеңнен бірде-бір құс ұшып өтпейді, себебі құс та өлі өлкенің үстінен ұшпайды екен. Ешқандай өсімдік не жәндік жоқ. Жерде миллиондаған теңіз жәндіктерінің құрғап қалған қаңқалары. Осындай жағдайдан кейін өзіңді бір түсініксіз вакумның ішінде қалғандай сезінеді. Жел көтерілсе, айналаны ақ тұман басып, ешнәрсе көрінбейді. Демалу, жүріп-тұру қиын. Осының барлығына қоса ауаға ұшып жатқан тұз бен құмның әсерінен көзің ашып қызарып жүреді, мұрның бітеліп ашиды, тамағың жыбырлап жөтелесің, әйтеуір шыдауға тура келеді. Десе де, барлық адамға арнайы киім, өзге де заттар берілді. Күнделікті тікұшақ Қазалыдан 100 км жерге тасып жеткізіп тұрды. Кезекті жұмыстың соңында автомоншаға ыстық су мен буға жуынып демалатын болды.  
    Жалпы, Арал теңізінің суы 1968 жылдан бастап қайта бастады. Өткен жарты ғасырда біз осындай қиын жағдайға душар болдық.
    Құдайдың құдіретімен табиғаттың өзі де адамның қатысуынсыз әрекет жасап жатыр. Арада өткен 50 жылдың ішінде бұрынғы Теңіздің жиегінен ішке қарай 50 км жерге дейін түрлі өсімдіктер мен бұталары өсіп әрі қарай кеңейе түсуде. Орта есеппен жылына 1 шақырым алға жылжиды. Қазір сол жердің өзінде түрлі жәндіктер, өсімдіктер, құстар, аңдар бар. Міне, табиғаттың құдіреті қандай, сол жерді аралап, зейін қойып қарасаңыз, таңғаласыз. Бұрынғы ұшып жатқан тұз бен құм бораны біршама тоқтаған. Дәл қазір осы айтқан өсімдігі бар жерден әрі қарай ашық жатқан үлкен теңіздің қалдығына дейін 150 шақырым жер бар.
    Жалпы қазіргі жағдайда құдайдың құдіретімен көгерген жер мен соңғы 27 жылда адамның қолымен көгерген жер шамамен 1 млн гектар деп есептесек, әлі дүре тимеген 3,5 млн гектар ашық дала жатыр. Бұл – күн тәртібінен алып тастауға болмайтын шаруа, өмірлік қажеттілік. Тиісті министрліктің қолында біздің космонавт Айдын Айымбетов космостан түсірген Арал теңізінің құрғаған ұлтанының нақты суреті бар. Соны ғалымдарымыз анықтап, Президентіміздің 2050 жылға дейінгі үлкен бағдарламасына ендіріп, көгалдандырудың ұзақмерзімді бағытын белгілесе, пайдалы іс болар еді.
    Бүгінгі таңда жоғарыда айтылған ұлпа тұз бен құм өткен уақыттың ауа райының әсерінен біршама беті қайтып, бұрынғыдай емес тұзды боран азайған. Кейбір жерлердің, беті тобарсып, адамның салмағын көтеретін жағдайға дейін қатайған, бірақ ол экологиялық жағдай жақсарып қалды дегенді білдірмейді. Қажетті жұмыстарды тоқтатпай жалғастыру керек.
    Өткен ғасырда ғалымдардың болжамы бойынша Арал теңізінің суы 2011 жылы толық таусылып, жер ашылып қалады деген болатын. Жағдай олай болмай шықты. Теңіздің суы барынша азайып, көлемі кішірейді, енді ауаға бу болып ұшатын су мен жерге сіңетін судың шығын көлемі Кіші Аралдан артылып, Сырдария өзенінен келіп құйылатын сумен теңесіп, табиғи баланс пайда болды. Теңіздің қазіргі көлемі тұрақталып, осылайша ондағы тіршілік ауаны бір жүйеге түсе бастады.
    Мұхитдін СМАЙЫЛҰЛЫ,
     еңбек ардагері,
    орман шаруашылығының
    І дәрежелі құрметті қайраткері.
    Шиелі ауданының Құрметті азаматы.

26 наурыз 2018 ж. 1 032 0