Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІН ТҮЛЕТКЕН ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК

ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІН ТҮЛЕТКЕН ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК

 
Бұрын «Іс тетігін кадр шешеді» деген қағида болғанын бәріміз жақсы білеміз. Бұл қазіргі күні де өзекктілігін жойған жоқ. Нақты кезеңде осы қағиданың орны ерекше болып тұр. Оған қоса мемлекеттік қызмет барысындағы  сатылап өсу ұстанымының көп көңілінен табылып жүргенін ел ішінде естіп жүрміз. Қалай десек те, елдің тыныс-тіршілігін, өзі  қызмет жасайтын саланың қыр-сырын жете білудің маңызы қаншалықты жоғары екені баршаға аян. Дәл осындай көрініс теңіз төскейінде де қалыптасқан. Арал ауданы әкімі М.Оразбаевтың еңбек жолына көз тастасаңыз – жетекші маман, бас маман, бөлім меңгерушісі,  аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары секілді баспалдақтардан өткенін көреміз. Бүгінгі әңгімемізде Мұхтар Әуесұлы басқаратын іргелі ауданның аяқ алысына қысқаша тоқтала кетпекшіміз.
    Әңгімеміздің кіріспесі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан басталды. Өзі туып-өскен  аймақтың әрбір саласын бес саусағындай жатқа білетін аудан басшысы сауалымызға тосылған жоқ. Қағаз ақтарып, дерек те іздемеді. Қашанғыдай байсалды қалыппен сөзін жалғады.
    «Мұнан тура он екі жыл бұрын Мемлекет басшысының Арал ауданына жұмыс сапарымен келгені баршаға белгілі. Сонан бергі жылдар ішінде теңіз төскейі өсу, өркендеу кезеңін бастан кешіруде», – деп әңгімесін бастаған аудан әкімі ойын былайша өрнектеді.
    Статистикалық мәліметке жүгінсек, 2005 жылы аудандағы халықтың саны 70536 адамды құраса, бұл көрсеткіш биыл 77916-ға жетіпті. Ал ауданға тартылған инвестиция  көлемі 2,8 есеге артқан. Сол 2005 жылдан бастап аудандағы экономика саласында 11577 жаңа жұмыс орындары ашылған. Есепті мерзімде орташа жалақы көлемі де біршама артқан.
    Сондай-ақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халық¬аралық транзиттік көлік дәлізінің, «Жезқазған-Сексеуіл» теміржолының, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының және «Кеңқияқ-Атасу» мұнай құбырының құрылыстары қарқынды жүріп, брендтік мега жобалардың нәтижелі іске асырылуы да көңілге қуаныш ұялатады.
    Осы жылдың қаңтарына өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7164,4 млн теңгені құрады. Бұл 2005 жылдың деңгейінен 4 есеге артық деген сөз. Азық-түлік тағамдары өндірісінің, балық өнеркәсібінің, бетон және пластмасса өнімдерінің, тұз және кварц топырағы өндірісінде еңбек өнімділігі еселі.  Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі де ауыз толтырып айтарлықтай. Атағы елімізден асып, шартарапқа танылған ас тұзын шығару да ерекше қарқын алды. Кәсіпорында «Ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасы іске асырылып, екі жарым миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынды. Дүние жүзі бойынша тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтың көшбасшысы Испан елінің құрал-жабдықтары алынды. «Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 120 мың тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділік көлемі 1,7 есеге ұлғайтылған.
    Аудан әкімінің сөзінен түсінгеніміз, әлеуметтік салада да біршама шаруа тындырылған. Осынау  жылдар аралығында 31 мектеп пен мемлекеттік 3 балабақша ғимараты салынып, 19 жеке балабақша ашылған. Оған қоса 3 емхана мен 6 ауылдық амбулатория қолданысқа берілді. Биылғы жылы Арал қаласынан 150 орындық аудандық орталық аурухананың құрылысы басталды. Сондай-ақ, елді  мекендердегі мәдениет  ошақтары қайта жанданып, екі ауылдық Мәдениет үйі мен қалалық тарихи мұражайы бой көтерді. «Дені сау адам – қоғамның басты байлығы» ұстанымымен аудан орталығынан типтік жобадағы спорттық кешені, елді мекендерде 30 спорт алаңдары келушілерге есігін айқара ашып, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі іске қосылды.
    «Елдің тұрмыс деңгейін салынған құрылыстардан білуге болады» деген қағида бар. Бұл тұрғыда да Аралда толымды тірліктер тындырылған. Санаулы уақытта 62 арендалық тұрғын үй, Сексеуіл кентінде әкімшілік ғимараты бой көтерсе, газдандыру жобасы аясында Арал қаласы көгілдір отын желісіне қосылғанын айта кетпей болмас. Автомобиль жолдарын жөндеуге және қайта салуға 2005-2017 жылдар аралығында қомақты қаражат бөлініп, 228,9 шақырым жол жөндеуден өткізіліпті. Осылайша жол сапасы 43 пайызға дейін жақсарды. Аудан  орталығы түгелдей орталықтандырылған  ауыз су жүйесіне қосылды. 8 елді мекеннің тұрғындары «Арал-Сарбұлақ» топтық су  құбырының қызметін пайдаланса, 12 елді мекеннің ішкі су жүйелері қайта жаңғыртылды. Арал қаласы, Сексеуіл, Жақсықылыш кенті мен бірнеше ауылдық округтерде электр желілері мен қондырғылар қойылып, барлық шалғай елді мекендерге әуе желісі арқылы байланыс орнатылды. Қаратерең, Бөген, Қарақұм, Қамыстыбас, Ақирек, Аралқұм, Аманөткел және т.б. елді мекендері ұялы байланыс желісімен қамтылып, халыққа     қызмет етуде. Міне, осынау жетістіктердің баршасы Тәуелсіздігіміздің жемісі екені даусыз.
    «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының аудан халқына тигізер пайдасы туралы білмек болған едік. Сұрағымызға аудан әкімі аталған жол бойында бірқатар стансалар, бекеттер, ауылдарда тұрғын үйлер бой көтергенін, осынау күре жолдың бойында көліктік-логистикалық инфрақұрылым, заманауи қонақүйлер, дәмхана-асханалар пайда болғанын, олардың  қызметін  тұрғындар көріп жатқанын, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожол дәлізі арқылы Аралда өңделген балық және балық өнімдері тікелей  Еуропа мемлекеттеріне шығатынын айтып өтті. Мұның өзі  «Болашақта қазақ елі туризмнен мол қаржы табатын болады деген сөз. Ол үшін демалыс орындарын, жағажайларды жөнге келтіріп, сонымен бірге, табиғатты да сақтап қалу керек. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың «осындай әсем жерімізді сақтап, ұрпаққа қалдыру ең басты парызымыз» деген Елбасы пікірімен үндесетінін жеткізді.
    Теңізбен түлеген төскейдің келешегі де кемел!
    
Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ
26 наурыз 2018 ж. 1 049 0