«Омикрон» штамы: Жаңа шектеулер енгізілді
Екінші жылға созылған пандемия тағы бір қауіпті кеселге ұласты. Коронавирустың жаңа штамы деп атау алған «омикрон» көптеген мутацияға ұшырауымен қауіпті. Яғни, 32 мутацияны біріктіргендіктен оған қарсы тұруға вакцина да қауқарсыз дейді вирусологтар.
«Омикрон» туралы алғаш айтқан Оңтүстік Африка Республикасының дәрігері Анжелик Кутзее науқас жаңа штамды жұқтырғанда коронавирустың белгілерінен өзгеше және жеңіл болып көрінетінін атап өткен. Яғни, дәм мен иіс сезуді жоғалтпай қатты шаршау, жүректің қатты соғуы мен жоғары температура байқалады екен. Дәрігерлердің ескертуі бойынша көбіне вакцина салдырмағандар мен егде тартқан қарт кісілерде аталған ауруды өткізу оңайға соқпайды. Жалпы, соңғы кезде жастардың арасында жылдам тарап жатқан «омикрон» «дельта» штамынан да қауіпті.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесінде коронавируспен ауырған адамдар арасында «омикронды» жұқтыру деңгейі жоғары. Алайда, бір қуанарлығы, қазіргі уақытта қолданылатын ПТР тест жаңа штамды анықтауға қауқарлы.
Осы күні Еуропаның бірнеше елдерінде анықталған «омикрон» салдары қайтадан шектеулер жариялауға мәжбүрлеген. Жалпы, адамзатқа қауіп әкелетін, аса жұқпалы инфекция туралы нақты мәлімет жоқ. Тек оның өте жылдам тарайтыны айтылады. Яғни, вирустың бастауы болған Африкада эпидемиологиялық зерттеу аяқталмайынша нақты бір шешім айту қиынға соғады.
«Омикрон» штамының таралуына жол бермеу мақсатында елімізде 3 желтоқсаннан бастап жаңа шектеулер күшіне енді. Бұл жайында Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі М.Шоранов хабарлаған болатын. Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. «ДДҰ бұл нұсқаны алаңдаушылық деп атады. Алдын ала мәліметтер бойынша, коронавирустық инфекцияның басқа түрлерімен салыстырғанда, «Омикрон» нұсқасы «Дельта» штаммына қарағанда жұқпалы, негізінен 20-30 жас аралығындағы адамдарға әсер етеді, сонымен қатар, КВИ қайта жұқтыру қаупі де байқалады», – деді вице-министр.
Осыған байланысты ведомоствоаралық комиссияның шешімімен республика аумағына жаңа штаммның әкелінуіне және таралуына жол бермеу үшін бірқатар шектеулер енгізілуде.
Шектеулерге сәйкес, Ботсвана, ОАР, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Танзания, Малави және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға кіруі ұйымдастырылады. Египетпен әуе қатынасы жоғары жолаушылар ағыны мен Египеттен келген азаматшадан Бельгияда «Омикрон» нұсқасы анықталған жағдайға байланысты тоқтатылады.
Сондай-ақ, «Омикрон» коронавирустық инфекция штамы нұсқасынан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден келетін адамдар үшін: Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет вакцинацияға қарамастан және үлгілерді іріктеу уақытынан бастап 72 сағаттан кешіктірмей ПТР-тесттен өту міндетті болады.
Бұдан басқа, «Омикрон» тудырған КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР-тестінің нәтижесіне қарамастан 7 күн мерзімге өзін-өзі оқшаулауға (үй карантині) жатады.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ