Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үнді штамы әлемге қауіп төндіріп тұр

Үнді штамы әлемге қауіп төндіріп тұр

Коронавирустың COVID-19 инфекциясы пайда болғанынан бері төрт штамы анықталған. Олар – Ұлыбритания, Оңтүстік Африка мен Бразилия, Үндістан штамдары. Үнді штамы былтыр күзде пайда болғанымен, осы көктемде сәуір-мамыр айларында өршіп, өз ішінде тағы бірнеше мутацияға бөлініп кетті, деп жазады qadam.asia.

Қазір үнді штамы әлемге қауіп төндіріп тұр. Алғаш пайда болған сәтінде Ұлыбританияның бас дәрігері, профессор Крис Уитти (Chris Whitty) үндістан штамы коронавирус мутацияларының ішінде ең қауіптісі деп атап, өте жұқпалы вирус екенін айтқан. Сол кезде Ұлыбританияда үндістан штамына шалдыққандардың саны 10 есе көбейіп кетті.

Үнді штамының қаупі – коронавирусты емдеп жатқан дәрі-дәрмек пен вакцинаға бой бермейтіндігі. Соның себебінен қазір әлемге тез тарап жатыр.

Үнді штамының симптомдары

Үнді коронавирус штамының белгілері COVID-19-тен біршама бөлек. Ковидтегі сияқты дәм мен иіс сезуден айырылу, іш өту мен асқазан ауруы сынды белгілер жоқ. Сондықтан болса керек, жұрттың көбі оны тұмаумен шатастырып алады да, ковидке шалдыққанын өздері де сезбей қалады. Іш өтудің орнына адам тамақтан уланған сынды ауырады.

Ұлыбританияда тарап жатқан үнді штамының ковидтік белгілері басым. Вирусқа шалдыққандар бас ауырып, дене қызуы көтерілетінін, жөтел ұстап, тұмау тиетінін айтады.

Жас, дені сау адамдар үнді штамын тұмаумен шатастырып алады.

«Бір қарағанда сырқат тұмауға қатты ұқсайды. Әлсіздік жайлап, дімкәстік басады. Сол кезде сырттан тон пішпей, тест тапсыру керек«, — дейді Лондонданағы Король колледжінің профессоры Тим Спектор.

Үнді штамы неге қауіпті?

Қазір әлемге үнді штамының қауіп төндіріп тұрғанын жоғарыда айттық. Коронавирустың келесі толқыны келе жатыр. Бұған үнді штамы себепкер болуы мүмкін.

Үнді штамының басты қаупі – тез таралып жатқаны. Әрі коронавирустан өзгеше симптомдар әкелуде.

Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, қазір әлемді алаңдатып отырған үнді штамын тоқтатуды мүмкін болмай тұр.

Ал Сингапур мамандарының айтуынша, үнді штамының кесірінен туған пандемия COVID-19 пандемиясынан да асып түсуі мүмкін.
Швецияда үнді штамына шалдыққандардың саны бес күннің ішінде 70 пайызға жеткен.

Румынияның Вакцина жөніндегі ұлттық комитетінің басшысы Валериу Георгицэдің айтуынша, коронавирустың төртінші толқынын – осы үнді штамы туғызуы мүмкін.

Индонезия билігі үнді штамының тарауына байланысты тағы локдаун енгізгелі жатыр.

Вакцина көмектесе ме?

Бұл сауалға әзірше нақты жауап жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, бұған нақты жауап беру үшін әлі де медициналық зерттеулер жүргізу керек.

«Бірақ мына нәрсені айта кеткен жөн. Қазіргі дәрі-дәрмек пен вакцинаның, диагностика шараларының үнді штамына әсер етпейді. Оны біз жақында білдік», — дейді ДДҰ-ның сарапшысы Мария ван Керкхове.

Ал орыс микробиологы, Н.Ф.Гамалеи атындағы орталықтың директоры Александр Гинцбургтің айтуынша, «Спутник V» вакцинасының үнді штамын тоқтатуға мүмкіндігі бар.  Бірақ ол үшін вакцина салу шарасын жеделдету керек.

«Олай болмаса, коронавирустың жаңа штамы тез тарап, басқа түрге еніп, жаңа бір аурудың түріне айналып кетуі мүмкін», — дейді Гинцбург.

Ал үнді зерттеушілер Covaxin пен Covishield вакцинасын алған адамдардың өзі жаңа мутацияға шалдыққанын байқаған. Соған қарағанда екпенің әсер ету не етпеуі тікелей аурудың түріне байланысты.
27 маусым 2021 ж. 594 0