Желтоқсан оқиғасының куәгері
Еліміздің Тәуелсіздік алуына Одақ кезіндегі Желтоқсан оқиғасының да ықпалы болды дейді тарихшылар. Қалай дегенде де бұл біздің өткен жолымыз. Оның тағылымды тұстарын жас ұрпаққа тарқатып айтсақ, артық болмайды. Осы мақсатқа орай Желтоқсан оқиғасының куәгері, кент тұрғыны Қалмахан Әлшеровті әңгімеге тартқан едік.
– Қал-аға, Тереңөзекте Желтоқсан оқиғасы куәгерінің бірі өзіңіз. Ауылда емес Алматыда болған жайға қалай тап болып жүрсіз?
– Мен ол кезде Қазақ Ауыл шаруашылығы институтының сырттай бөлімінің студенті едім. 1991 жылы қысқы сессияға барған болатынбыз. Бірге оқитын ауылдастарым Нұрлан Нақпытов, Мейрамхан Ысқақов және Таңбай Алыбаевпен жұбымыз жазылмайтын. Бәріміз Абай даңғылында орналасқан бас корпуста оқиымыз. 1986 жылдың 16 желтоқсан күні сағат таңертеңгі 10 шамасында төртеуміз сабаққа бара жатқан едік. Алдымыздан шерулеген, шұбатылған топ көрінді. Басын көріп тұрмыз, аяғы көрінбейді. Ән айтып келеді. Шерудегі қыздардың белсенді екені байқалады. Біз «Бұл не болды екен» деп аңтарылып тұрмыз. Жақындағанда бір қыз топтан шығып бізге қарата «Әр республиканы өз ұлтының өкілі басқару керек деген ұстаным бар. Бұл бұрмаланып, республика басшылығына өзге ұлт өкілі келіп жатыр. Біз бұған қарсымыз. Ұлттық намыс қайда жігіттер? Топқа қосылмайсыңдар ма?» деді. Шынын айтқанда, бұл сөз бізге қамшы болды. Төртеуміз топқа қалай кіріп кеткенімізді де байқамай қалдық. Шерулетіп орталық алаңға бардық. Сол күні кешке дейін болдық. Ертеңгі сабақтың арасында да орталық алаңға бардық. Ол кезде қарулы қақтығыс болған жоқ. 18 желтоқсан күні мұздай қаруланған әскерлер келіп, желтоқсаншыларды күшпен таратып жіберген көрінеді.
– Біз намысты жоғары ұстаған текті халықтың ұрпағымыз. Бір жағынан, намыс буып, бір жағынан, орталық алаңда не болып жатыр деген қызығушылық туындап барған боларсыз?
– Бұдан 33 жыл бұрын болған оқиғаны бүге-шүгесіне дейін еске түсіру мүмкін емес. Мен ол кезде жасым 30-дың үстіндегі оңды-солын танитын азамат едім. Жас адамға арандап қалу әп-сәтте. Көбіне жанымдағы жастарды содан сақтандырдым. Сонымен қатар оқытушылар да бізді орталық алаңға жібермеудің барлық шарасын жасады. Соңғы күні орталық алаңға бармағанымыз сондықтан. Әділдік үшін, шындық үшін айтатын бір жәйт сарбаздардың тепкісін көп көрген біздің ауыл шаруашылығы институтының студент қыз-жігіттері. Сонда да қасқая қарсы тұрып, қайсарлықтарын танытты. Олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
– Тереңөзек жігіттерінің арасынан 18 желтоқсан күні орталық алаңға барғандар да болыпты ғой?
– Иә, қайсар мінезді Мейрамхан Ысқақов барды. Бізге айтпай кетті. Күні бойы іздедік. Сөйтсек, әскерилер жастарды көлікке тиеп алып, Талғар, Есік бағытында тау жаққа апарып тастапты. Олар ертеңіне арып-ашып жетті. Бұл Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздің бастамасы болған ұлттық намыстың көрінісі. Бүгінде Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз қарышты дамып, өркениетті елге айналды.
– Азаттықтың туы желбіреген бүгінгі қоғам туралы ойыңыз қалай?
– Бүгінгідей мамыражай заман дүрілдеген Одақ кезінде де болған жоқ. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» дегендей білімді, еңбекқор адамның айы оңынан туып отыр. Заман көші алға қарыштап дамып, еліміз өркениетті мемлекетке айналуда. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің жемісі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Біз Тәуелсіздікті бабалардың нақылымен, халқымыздың парасатты ақылымен алдық. Тәуелсіздік – тарихтың толқыны шайқалмай, уақыттың соққысын байқамай, өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес, оны қолда ұстап тұратын тек шарболаттай шыңдалған рух, наркескен жаңашыл мінез, арайлы ақ таң үшін күрес. Міне, Мәңгілік жасайтын елдің өмірлік ұстанатын кепілі – осы. Мыңжылдықтар тоғысқан тұста Тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтардың пешенесіне жазылды» деп ерекше атап өткен болатын. Бүгінгі қоғам осы ұстаныммен өмір сүріп, жас ұрпақты тағылымды ұл-қыз болуға баулу үстінде. Олай болса, еліміздің келешегі жарқын болмақ.
Сұхбаттасқан
Ш.НҰРСЕЙІТОВ