Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Жаңақорған ауданында жаңа дәрігерлік амбулаторияны ашты

Облыс әкімі Жаңақорған ауданында жаңа дәрігерлік амбулаторияны ашты

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жаңақорған ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды ашты.

Аймақ басшысы алдымен Төменарық ауылдық округіндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорт кешенінде болды. Жаңа ғимарат құрылысын «Айару» дара кәсіпкерлігі жүргізген. 12 адамды жұмыспен қамтыған спорт кешенінде қазір 170-ке жуық бала еркін күреспен айналысып, дзюдо және баскетболмен жаттығуда.

Облыс әкімі балалардың спортпен машықтануына жағдай жасаған кәсіпкермен пікірлесіп, спортзалда шынығып жатқан жасөспірімдермен тілдесті. Сондай-ақ, ауылдық округтегі ақсақалдармен кездесіп, ауылды дамытуға қажетті ұсыныстарын тыңдады.

Әрі қарай облыс әкімі Келінтөбе ауылдық округіне барды. 4 мыңға жуық тұрғыны бар елді-мекенде кәсіпкерлікке ден қойған азаматтар көп. Мәселен, биыл ауылдың 12 тұрғыны «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренсе, 8 адам кәсібін дамыту үшін грант иегері атанған. Мұнда өңір басшысы жаңадан салынған әкім аппаратының ғимаратымен танысты. Нысан тамыз айында пайдалануға берілген. Ғимаратта халыққа қызметке көрсету бұрышы жұмыс істейді.

Гүлшара Әбдіқалықова Қандөз елді мекенінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорт кешенінің жұмысымен де танысты. Өткен жылдың наурыз айында пайдалануға берілген нысанда бүгін 126 бала спорттың 3 түрі бойынша жаттығады. Спорт кешені арқылы 11 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мұнда да облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, инфрақұрылым мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мәселелерді кезең-кезеңімен шешілетінін қаперге салды.

Өңір басшысы Президент тапсырмасына сәйкес өңірдегі 2156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды 2021 жылғы 212 млн. теңгеден, келер жылы 638 млн. теңгеге ұлғайту жоспарда бар екенін және осы арқылы 4312 баланы бұқаралық спортқа тарту көзделгенін алға тартты. Сондай-ақ, ауыл спортын көтеруге атсалысып, жеке қаражаты есебінен нысан салып мүдделестік танытқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Мұнан соң аймақ басшысы ауданға қарасты Жаңарық елді-мекеніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты шарада өңір басшысы ұлт денсаулығын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін, дәрігерлік амбулаторияның ашылуы ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

- Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы 3 жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Аймақтың барлық аудандарында медициналық объектілер жаңадан салынуда.

Былтыр Жалағаш ауданында 100 төсектік заманауи орталық ауруханыны пайдалануға берсек, осы жылы тамыз айында облыс орталығынан Модульді жұқпалы аурулар ауруханасын пайдалануға бердік. Жыл соңына дейін Қазалы ауданынан 250 келушіге арналған емхананы ел игілігіне табыстайтын боламыз.

Міне, бүгін Жаңарық ауылындағы ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылуының куәсі болып тұрмыз. Жаңа амбулаторияны мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «Ныш-Ер» құрылыс компаниясы қысқа мерзімде салып, Сіздердің игіліктеріңізге пайдалануға беріп отыр. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының дертіне шипа табатын орынға айналуына шын жүректен тілектеспін,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айта кетейік, ауданда 3 дәрігерлік амбулатория салынуда. Ал, жаңа дәрігерлік амбулаторияда егу бөлмесі, дәрігерлерге дейінгі қабылдау және күндізгі жатын бөлмелері бар.

©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

03 желтоқсан 2021 ж. 331 0