Төрт түлікті қараусыз қалдырмайық
Қазіргі таңда кент орталығында қараусыз жүрген малдардың көбеюі тұрғындардың жүріп-тұруына және көлік қатынасының қозғалысына кедергісін келтіріп отыр. Кент орталықтарында және орталық алаңда қараусыз жүрген малдар өсіп тұрған талдарды жеп, сындырып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан қоқыс жәшіктерін төңкеріп, ластауда.
Сонымен қатар, аудан көлемінде қараусыз жүрген малдарды темір жол аумағына жіберу бойынша 10 жағдай орын алып отыр. Атап айтсақ, қазан айында Тереңөзек кентінің және С.Сейфуллин ауылдық округі тұсындағы темір жол бекеті бойында 8 рет мал шығып, жылжымалы құрама машинистері жедел тежегіш қолдануға мәжбүр болып, соның салдарынан 3 рет мал басу оқиғасы орын алған. Қауіпсіздік жағдайы бұзылған кезде әкімшілік құқық бұзу жөніндегі ҚР Кодексінің 559-бабына сәйкес 5 (бес) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынатын болады.
Осы жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу мақсатында 2021 жылдың 28 қыркүйегінен бастап кент әкімі аппараты мен аудандық ветеринарлық станция мамандары бірлесіп, мобильді топ құрды. Аталған іс-шара барысында кент тұрғындарына пада бағытын көрсетіп, яғни И.Тоқтыбаев көшесінде «Айтек» арнасының үстінен өтетін көпірден, Қазақ көшесінде «Айтек» арнасының үстінен өтетін аяқ көпірден және бекеттен әрі қарай өріске айдап жіберу пада бағытын ұйымдастыру мәселесі көтерілді.
Тиесілі қараусыз жүрген төрт түлік малдарын бақылауда ұстап, кезекпен бағып және кешкі уақытта жайылымнан уақытылы күтіп алып, қораларға қамау қажеттілігі туралы кент тұрғындарына және әлеуметтік желі «Facebook» парақшасында түсіндірілді. Сонымен бірге, аудан орталығын ластауға жол бермеу, ең бастысы төрт түлік малды мал ұрлығы мен жол көлік апаттарынан сақтау ұсынылды. Алайда, тұрғындар арасында осы аталған ескертуге мән бермейтіндер де аз емес. Кент көшелерінде қараусыз жүрген 30 малдың иесіне ескерту берілсе, 10 адамға айыппұл салынды. Алдағы уақытта ескерту берілген тұрғындардың малдары қараусыз көшеде жүретін болса, онда Ж.Жабаев көшесіндегі «Арзан базардың» артында орналасқан мал қораға қамалатындығы ескертілді. Осыған сәйкес, ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» №235 Кодексінің №505 бабының 1-тармағында ескерту жасауға немесе жеке тұлғаға – 20 (58340) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатындығы және осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттер жеке тұлғаларға – 30 (87510) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатындығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жылқы малын бағатын кент тұрғындары және О.Мәлібаев елді мекенінің тұрғындарына да ескерту және түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Дегенмен, тұрғындар қазіргі таңда жылқы малдарының аяқталған күріш алқаптары жайылымына жіберілгені туралы арнайы ұйымдастырылаған мобильді топқа мәлімдеді.
Тереңөзек кентінің әкімдігі