Түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Қазақ халқы ішсе – асы, кисе – киімі, мінсе – көлігі, тұтынса – бұйымы, берсе – сыйы, дауласа – құны болған төрт түлігін түгел өргізіп, тіршілігін төрт түлікпен тығыз байланыстырған. Десек те, бүгінгі таңда мал иелерінің өз меншігіндегі төрт-түлігіне бей-жай қарауы мәселе туындатып отыр. Көше кезіп, егесіз жүрген жануар өсіп тұрған көкті жеп кент келбетінің көркеюіне кедергі келтірсе, беймезгіл уақытта тас жолды торуылдаған ірі қара жол-көлік оқиғаларының басты себебі болып отыр.
Қазіргі кезеңде күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – көлік апаттары. Төрт дөңгелекті темірден төнген қатер күн санап көбеймесе, азаяр емес.
Аудан көлемінде 2021 жылдың басынан бері 13 жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұл көрсеткіш былтыр 10-ды құраса, өсім 30 пайыз деген сөз. Жол апаттарының алдын алу бағытында жолда жүру ережелерін бұзушылармен профилактикалық жұмыстар жандандырылуда. Арнайы мамандар елді мекендерді аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Осы ретте, ауданға қарасты Шаған елді мекеніне арнайы барған түсіндірме топ өкілдері мал шаруашылығымен айналысатын азаматтармен кездесу ұйымдастырды. Жиынға Шаған ауылдық округінің әкімі Ұлбала Абдраманова, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Зұлхарнай Тасбергенов, аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Сейілхан Кеукенов, аудан тұрғындары мен тілшілер қатысты.
– Негізгі мақсат – мал шаруашылығымен айналысатын азаматтармен арнайы кездесу ұйымдастырып, төрт-түлікпен байланысты орын алып отырған жол апаттарының алдын алу үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, алдағы уақытта қауіптің алдын алу, – деп түсіндіріп өтті тәртіп сақшысы.
Статистикалық ақпарат беріп, жағдайды нақтылап түсіндірген полиция майоры ауыл тұрғындарының арасынан арнайы кезекшілік ұйымдастырып, малдың тас жолға шығып кетпеуін қадағалау қажеттігін айтты. Сондай-ақ жиынға қатысқан ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектері тыңдалды.
– Ең біріншіден, жол-көлік оқиғалары түнгі уақыттарда жиі орын алады. Бұл ауыл көшелерінің жарықтандырылмауы мен арнайы жол белгілерінің болмауынан болып отыр. Сондықтан ең әуелгі ұсыныс көшелерге жарық беруді қамтамасыз ету керек, – деді Шаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Тасбергенов.
Сөз алған тұрғындар жол-көлік қатынасы саласына жауапты арнайы мамандарды шақыртып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, тәртіпке бағынған құл болмайтынын естен шығармай, олай етпегендерге арнайы шара қолдану қажеттігін айтты.
Ауыл әкімі жарықтандыруға қатысты арнайы мәжіліс өткізілгенін тілге тиек етіп, бұл мәселенің 2021 жылдың соңына дейін өз шешімін табатынына тоқталды.
Айта кетейік, егесіз жүрген, автокөлік апаттарына себеп болған мал иелеріне қатысты Заң жобасы бұрыннан бар. Ендігі кезекте кентті ластап, иесіз жүрген төрт-түлік мал иелеріне де заң аясында шара көрілетін болады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ