83 пәтер пайдалануға беріледі
Сырдария ауданында Жыл соңына дейін 83 баспана пайдалануға беріледі. Сырдариялық тұрғындар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесінде қоныс тойын тойлаудан үмітті.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда 10 үйдің құрылысы толықтай аяқталған. 4 бөлмелі жер үйдің құжаттары рәсімделу үстінде. Заманға сай жабдықталған үйлерде барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта да жаңа баспаналардың құрылысы ауданда қарқын алып, қарапайым халықтың тұрғын үй мәселесі кезекпен шешілетін болады.
– Бүгінде ауданымызда құрылыс жұмыстары жандану үстінде. Осы кезге дейін үй кезегіне 600-ден аса адам тіркелген. Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету басты мақсатымыз болып табылады. Аудандағы әрбір отбасы жайлы баспанаға қол жеткізіп, қоғам өмірімен біте қайнасуын көздейміз. Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 11 елді мекенде 33 тұрғын үй салынуда, – дейді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.
Жақында жаңадан салынған баспанаға қол жеткізетін тереңөзектік Гүлжазира Едренова – көпбалалы ана. Ол осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрған. Енді мұндай қиын сәттер артта қалатынына дән риза.
– Мен осыдан 8 жыл бұрын үй кезегіне тіркелген болатынмын. 7 баланың анасымын. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйге қол жеткізгеніміз үшін қуаныштымыз. Осы кезге дейін көрген қиындығымыз көз алдымызда. Пәтер жағалап, балаларды жеткізіп келеміз. Өзіміздің үйіміз болғанын жақсылыққа балап отырмыз. Берекелі шаңырақта ұрпақ өрбітіп, бақытты ғұмыр кешсек дейміз, – дейді көпбалалы ана.
Айта кетейік, тұрғын үй салу үшін болашақта жергілікті халыққа 135 гектар жер телімі берілмек. Берілетін жер теліміне 3 жыл ішінде құрылыс жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Балтабай ОРДАБЕКОВ