Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақта сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүруде?

Аймақта сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүруде?

Жыл басынан бері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында 7 сыртқы талдау жұмыстарын жүргізген. Талдау нәтижесімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында 70 ұсыным енгізілген. Қазіргі таңда 52 ұсыным орындалып, қалғаны орындалу сатысында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова мәлімдеп, департаменттің ағымдағы жылдың 8 айында атқарған жұмыстарын баяндады.

«Мониторинг барысында 2021 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспарында сатып алынатын тауар бағасы ішінара нарық бағасына күмән туғызған 70-ден аса ұйымдар мен мекемелерге бірқатар ұсынымдар берілді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 8 айында сатып алуға жоспарланған тауарларды зерделей келе 3,2 млрд. теңге үнемдеу мүмкін болды», – деді Ғалия Ұбайдуллақызы.

Брифингте департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Ақзада Мадалиева штаб құрамының жаңартылып жатқандығын атап өтті. Штаб негізінен консультативтік-кеңесші орган ретінде 18 мүшеден құралады. Мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласының мамандары мен журналистер, ғалымдар мен ұстаздар, заңгерлер штаб мүшелері бола алады. Кеңесші органның басты мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра отырып, парасат қағидаларын ілгерілету болып табылады. Жыл басынан бері бұл мақсатта штаб арқылы 495 іс-шара ұйымдастырылған.

Ал арнайы мониторинг топ және «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы мүшелерінің қатыстырылуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы 5 мониторинг жүргізілген. Мониторинг қорытындысымен 18 ұсыным берілген.

«Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов бұл жұмыстардың жалғасын табатындығын жеткізіп «Маусым айында барлық ауданда кездесу өткіздік. Халық көп тұтынатын мемлекеттік қызметтер саласына арнайы зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Мемлекеттік мекемелерге ұсыныстар берілді. Халықпен тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында түрлі кездесулер, қабылдаулар өткіздік. Алдағы уақытта жаңа формада жұмыс жасамақпыз», – деді.
23 қыркүйек 2021 ж. 396 0