Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Белкөл кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешенінің жағдайымен танысты

Облыс әкімі Белкөл кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешенінің жағдайымен танысты

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы бірқатар нысандарды аралау барысында Белкөл кентіне де барды. Аймақ басшысына елді-мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы таныстырылды, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.

Кентте биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы 9 жоба қаржыландырылған. Елді-мекенде жыл басынан бері 24 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, олардың жалпы саны 235-ке жетті.

Кент тұрғындарының басым бөлігі қалаға қатынап жұмыс істейді. Осы ретте облыс әкімі елді-мекеннің жол-инфрақұрылымдық дамуына айрықша назар аударуды тапсырды.

Аймақ басшысы жаңадан салынған қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешеніндегі жағдайын көрді. Полигон «Белкөл» кентінен 7,5 шақырым қашықтықта, экологиялық-санитарлық талаптарға сәйкес қалдықтардың өңдеу үлесін арттыру бағытында салынған. Өткен жылы пайдалануға берілген нысан күніне 16-17 тонна, жылына 60 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеуге қауқарлы. Қазір кешенде 40-ға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Ауданы 20 гектар қоқыстарды сұрыптау кешенімен және жарамсыз қоқыстарды көму алаңдарымен қамтамасыз етілген полигонға орташа есеппен күніне 110 тонна көлемінде қаладан жиналған тұрмыстық қалдықтар қабылданады. Осы қалдықтарға сұрыптау және көму жұмыстары жүргізіледі. 2020 жылы Қызылорда қаласы бойынша жиналған 27 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 21,8 пайызына сұрыптау және өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 115 тонна сұрыпталған шикізат өнімдері (пластмасса, стекло, қағаз) қайталама пайдалану үшін мүдделі кәсіпкерлерге жөнелтілген.

Облыс әкімі бұл жоба тек коммуналдық сала үшін ғана емес, экономикалық және экологиялық маңызды жоба екенін алға тартып, облыс орталығының тазалығын сақтау үшін тиісті жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды.
23 қыркүйек 2021 ж. 237 0