Қызылордада қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен салынады
Қызылордада қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жасыл» экономиканы дамыту тұжырымдамасы аясында аймақта қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде қуаты 60 мың болатын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша кешен құрылысы жоспарлануда.
«Жалпы, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жұмыстары үш бағыт бойынша жүргізілуде: қалдықтарды жинау, сұрыптау және өңдеу. Бүгінгі күні облыстың елдімекендерінде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін полигондар салуға 145 жер учаскесі бөлінді. Қазалы және Қармақшы аудандарында 2013-2015 жылдары полигондар салынды. Ал Арал және Сырдария аудандарында полигон құрылысының жобалары дайындалды. Қазір қалған аудандарда жұмыстар жүргізілуде», - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Болат Бисенбаев.
Сондай-ақ, заңға сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өрт қаупі бар қалдықтарды, пластмасса мен полиэтилен қалдықтарын, құрамында сынап бар шамдар мен басқа да заттарды, түсті және қара металдардың әйнегі мен сынықтары секілді тұрмыстық қалдықтармен бірге көмуге тыйым салынады. Осыған байланысты жыл соңына дейін қауіпті қалдықтарды бөлек жинау және кәдеге жарату үшін сұрыптау кешенінің құрылысы жоспарланған.
«Қызылордада қалдықтарды жинауға арналған қазіргі полигон 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Ағымдағы жылы сұрыптау кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Кешен құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жоспарлануда. Қазір аталған жобаны іске асыруға байқау жарияланды. Біздің өңірде қалдықтарды өңдеумен «Ибрайхан и К ЛТД» ЖШС және «Smart Rubber» ЖШС автошиналарды өңдейтін кәсіпорын айналысатыны белгілі», - деді Б.Бисенбаев.