Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлерді қолдау жалғасуда

Кәсіпкерлерді қолдау жалғасуда

Ағымдағы жылдың 31 тамыз күні Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасына қарасты «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымының бақылау кеңес отырысы өтті.

Кеңеске Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракция жетекшісінің орынбасары Нәлібаев Мақсұт Ыбырайханұлы төрағалық етті.

Отырыста облыс кәсіпкерлерін несиелендіру үшін ұсынылған жобалар қаралып, қорытындысымен 293,5 млн.теңгенің 37 жобасы қолдау тапты.

Қолдау тапқан жобалар қатарында құрылыс материалдарын өндіру, балық және тамақ өнеркәсібі, егін және мал шаруашылығы, жиһаз, құрылыс материалдары мен жылыжай өндірістері бар.

Айта кету қажет, микроқаржылық ұйым құрылған 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 8,7 млрд. теңге болатын 2000-нан астам жобаны жеңілдетілген несиемен қаржыландырып, нәтижесінде жаңадан 2300-ден аса жұмыс орны құрылды.

Микроқаржылық ұйым өзінің қажеттілігін былтыр карантин кезеңінде көрсетті. Әлемді жайлаған пандемия салдары әсер еткен бизнес саласының жұмысын жандандыру үшін облыс әкімі Г.Н. Әбдіқалықованың бастамасымен әзірленген «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» аясындағы жобаларды іске асыруда осы ұйымның ықпалы зор.

Қазіргі таңда өңір кәсіпкерлері, оның ішінде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер бизнес бастамаларын одан әрі дамытып, тұрғындарды қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етіп отыр.

Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы мұнымен тоқтамай, кәсіп ашып оны дамытамын деген белсенді азаматтарды қолдауға әрдайым дайын.
03 қыркүйек 2021 ж. 192 0