Коронавирус жұқтырудың дерегі 100-ден төмен түсті
Қызылорда облысы коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайын бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта. Дегенмен соңғы күндері салыстырмалы түрде шілде, тамыз айларындағыдай 200-ден аса дерек емес, 100-ден төмен коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелуде. Мәселен, алдыңғы күні 65, кеше 76 жағдай тіркелген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.
- Облыста 2020 жылдың наурыз айынан бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясының 15 868 жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққандардың 79 пайызы клиникалық белгілерімен, 21 пайызы ауру тасымалдаушы ретінде клиникалық белгілерінсіз тіркелген. Өткен жылы керісінше аурудың симптомсыз түрі көп тіркелген болса, биылғы мутацияланған жаңа штамдардың әсерінен құрғақ жөтел, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік сияқты клиникалық белгілерімен анықталып жатқан деректер көп. Бұл ерекшеліктер «Дельта» штамының вируленттік және жұқпалылық қасиеттерінің жоғары және жылдам екенін тәжірибеде көрсетіп отыр, - деді Әлия Мүтәліпқызы.
Былтырғы жылы барлығы 3 392 COVID-19 жұқтыру жағдайлары анықталған болса, биыл бұл көрсеткіш бірнеше есеге өсіп, 12 476 деректі құрап отыр. Сәйкесінше ең жоғары көрсеткіш осы жылдың тамыз айында тіркелді – 5 333 жағдай.
Сондай-ақ, анықталған жағдайлардың 1,4 пайызы сырттан тасымалданған болса, 35,1 пайызы қарым-қатынас арқылы жұқтырған, ал 63,5 пайызы скринингтік тексеру нәтижесінде анықталды.
Дегенмен, коронавирус инфекциясы облыстың барлық аудандарында тіркелуде. Әсіресе Қызылорда қаласы, Жаңақорған және Сырдария аудандарында жағдай күрделі.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта облыстың барлық өңірлерінде вакцинаның 1 және 2 турына қор жеткілікті. КВИ-ға қарсы егілгендердің арасында вирус жұқтырғандар бар, дегенмен олардың үлесі 0,3 пайызды ғана құрайды. Бұл жағдай вакцинадан кейін сақтық шараларын орындамаудың, санитариялық талаптарға бей-жай қараудың салдары деп болжанады. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес белгіленген контингенттер 1 қыркүйекке дейін коронавирус инфекциясына қарсы егілуі қажет. Бұл бағыттағы тексеру жұмыстарын жүргізу тәртібін және жауапкершілік белгілейтін арнайы Алгоритм қазіргі таңда әзірлену барысында.