"Қызылорда-Жалағаш" автожолы жөнделуде
Облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары жөнінде ақпараттар жариялады. Депутат «Қызылорда-Жалағаш» автожолының жөндеуді қажет ететіні түрлі кездесулерде және әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланғанын айтып, бұл мәселе облыс әкімінің облыстық мәслихат депутаттарымен өткен басқосуында да көтеріліп, аймақ басшысына тұрғындардың талап-тілегі жеткізілгенін атап өткен.
«Ең алдымен, депутаттық ұсынысымызға сәйкес, облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолын орташа жөндеуге тиісті басқармаға жоба-сметалық құжаттама дайындап, бюджеттік өтінім ұсыну жөнінде тапсырма берген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға ерекше алғыс айтамын. Аймақ басшысының бұл жұмысты тікелей бақылауына алуы, соның негізінде маңызды жолдың жөнделуі ішкі жолдар арқылы облыс орталығына қатынайтын Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының тұрғындары үшін қуанышты хабар болды. Сондықтан үш ауданның тұрғындары атынан ризашылығымызды білдірсек артық емес» деген Расул Әбутәліпұлы жол жөндеу жұмыстары аяқталамын дегенше партиялық бақылау жұмыстары жүргізілетінін атап өткен.
«Облыстық маңыздағы «Қызылорда – Жалағаш» автожолының жалпы ұзындығы 90 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда жолдың белгіленген учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрдім. Мердігер мекеме «УАД» ЖШС-нің учаске басшысы Ерлан Махамбетов бізге жолды фрезалау, битумдау, асфальт жаю және жол жиектерін тегістеп, кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, жоспарлы жұмыстардың барысын таныстырды. Учаске басшысы 25 техника және 35 жұмысшы тартылғанын, жоба өтпелі болғандықтан 2021 жылы 12 шақырым жолды орташа жөндеу қарастырылғанын айтты. Яғни, аталған жолды жөндеу жұмыстары келесі жылы тағы да жалғасатын болады. Сөйтіп, жолдың осал тұстары толық жөнделеді. Ең маңыздысы, жоба сметалық құжаттарға сәйкес сапалы және уақытылы аяқталуы қажет. Мұны біз тұрақты түрде бақылайтын боламыз» деген облыстық мәслихат депутаты өз жазбасында.
Атап өту қажет, өткен аптада аудандық партия филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері облыстық маңыздағы «Қызылорда – Жалағаш» автожолының 0-30 шақырымына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ