Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім беруді дамытудың өзекті мәселелері тамыз кеңесінде талқыланды

Білім беруді дамытудың өзекті мәселелері тамыз кеңесінде талқыланды

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Білімді Ұлт – тұрақты даму кепілі тақырыбында облыстық тамыз кеңесі өткізілді.

Педагогикалық жиынға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова, Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева, «Talap» КЕ АҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков, ZOOM платформасы арқылы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев қатысты. Сондай-ақ, пандемия жағдайын ескере отырып, кеңес жұмысына Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, аймақтағы білім беру ұйымдарынан 400-ге жуық өкілдері ZOOM платформасы арқылы қосылды.

Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіп, алдағы жаңа оқу жылында педагогтарға сәттілік тіледі.

- Өткен аптада және күні кеше қала, ауылдарды аралап, бірнеше мектептің жаңа оқу жылына дайындық барысын өзім көріп шықтым. Облыс бойынша білім беру ұйымдары 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайын! Індеттің жаңа штамдары пайда болған қазіргідей қиын кезеңде біз үшін әрбір баланың денсаулығы маңызды! Сондықтан, облыстық білім басқармасына барлық білім ұйымдарында санитарлық талаптарды қатаң сақтауды, балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын, - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Педагогикалық кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жаңа оқу жылының басты ерекшеліктеріне тоқталып, оқу жүйесінде іске асатын басты жобаларды атап өтті.

- Биылғы оқу жылының басты ерекшелігі - қыркүйек айынан бастап педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесінің өзгеруі. Осы кезге дейін мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібі мектеп директорының құзіретінде болса, енді тиісті критерийлерге сәйкес, біліктілік талаптары бойынша конкурс арқылы электронды форматта өткізілетін болады. Бұл - педагогикаға кездейсоқ азаматтардың алынуына жол бермейді. Сонымен бірге осы жылы алғаш рет білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау институты енгізіледі. Ротацияны бірінші басшыларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес жүргізетін боламыз. Негізгі міндеті - білім беру ұйымы басшылары арасында бәсекелестікті күшейту. Бұл бағытта нақты шаралар атқарылады, - деді басқарма басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.

Басқарма басшысы алдағы 5 жылда «Nur Otan» партиясының жол картасы аясында 28 мектептің құрылысын басталып, биыл 6 жаңа мектепті пайдалануға берілетінін айтты.

Жиында ҚР Парлемент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева сөз сөйлеп, білім саласындағы маңызыды мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар аймақ педагогтарының басқосуында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев, «Talap» КЕ АҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков жаңа оқу жылының міндеттері мен техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың өзекті бағыттары бойынша баяндама жасады.

Салтанатты шарада білім беру ісіне елеулі үлес қосып, отандық білім мен ғылым саласына ерекше еңбек сіңірген үздіктер марапатталды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төс белгісін Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің құрылтайшысы Мирамбек Исаев, Қазалы ауданы, №276 орта мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Бағдат Орымбас, Қызылорда қаласы, №23 мектеп-лицейінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Роман Огай және Қызылорда облысының білім басқармасының тәрбие және өзін-өзі тану жұмыстары бөлімінің бас маманы Шолпан Байғазиеваға табыстады. Сонымен қатар Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылы Әбірәш Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Раушан Абдраманова, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің оқытушысы Рахия Абуова, Жалағаш ауданы, «Арай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гүлбану Жалғасова мен Қармақшы ауданы, Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің директоры Мәуегүл Ерғалиева «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталады. Ал, облыс әкімінің «Алғыс хаты» Арал ауданы, №19 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Сембайқызына, облыстық №7 арнайы түзету мектеп-интернатының еңбек пәнінің мұғалімі Жарқынбек Кәрімбердіұлына, Жаңақорған ауданы, №162 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мереке Әбдімәжитқызына табысталды.

Облыс әкімінің «Үздік орта білім ұйымы» грантымен – Қызылорда қаласы, Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі марапатталды. Сыйақы мөлшері - 34 млн. теңге.

25 тамыз 2021 ж. 388 0