Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәурен Нұралинов - X «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы

Дәурен Нұралинов - X «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы

Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен Х «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтті.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін болған аламанның ашылу рәсіміне Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.

Биылғы турнирдің ең ауыр балуаны Ерасыл Қажыбаев 155 келі болса, ең жеңіл балуан - Ерсұлтан Мұзаппаров 90 келі.

Ақтық белдесуде Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының балуаны кездесіп, бабы мен бағы тең түскен Дәурен Нұралинов (ШҚО) «Қазақстан Барысы» атанды. Дәурен - турнир тарихында топ жарған жетінші балуан. Ал күміс белбеу Ғалымжан Қырықбайға, қола белбеу маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповқа бұйырды.

Жеңімпазға 25 миллион теңге, алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқты» Qazaq kuresi ассоциациясы бірінші вице-президенті Самат Әбіш табыстады. Екінші орын иегері Жамбыл облысының балуанына 5 500 000 теңге және күміс белбеу берілді. Үшінші орын алған Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғапов 1 800 000 теңге мен қола белбеуге ие болды.

Балуандарды марапаттау рәсіміне Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясының президенті Әнуар Садықұлов, Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясының бірінші вице-президенті Мәлік Мурзалин, Qazaq kuresi ассоциациясы бас хатшысы, Qazaqstan Barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қуанышбек Есекеев, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев және «Қазақстан Барысы» жобасының бас демеушісі, Магнум сауда желісінің басқарма төрағасы Азамат Османов қатысып, жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерін арнайы марапаттады.
05 шілде 2021 ж. 503 0