2004: ауданның өркенді даму жылы
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2004 жылды «Халықаралық күріш жылы» деп жариялады. Көптеген елдерде күріш дақылы адам баласына өте қажет нанның орнын алмастырады. Адамзаттың жартысына азық болған күріш дақылы өндірісінің көлемі 2025 жылға таман 70 пайызға өспек. Соңғы 10 жылда күріш өндірісінің жылдық орташа көрсеткіші 560 миллион тоннаға жеткен. 1991-2000 жылдар аралығында дүниежүзілік күріш өндірісі 14,3 пайызға артқан.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2003-2005 жылдар «Ауылды қолдау жылы» болып, үш жылдық бағдарлама әзірленген. Айтулы жылдың екінші жылына аяқ басқан сырдариялықтар нарықтық экономика әкелген көптеген жаңашылдықты игеруге үйренді. Солардың бірі – шағын кәсіпкерлік.
2004 жылы ауданда 941 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Онда 4446 адам жұмыс жасаған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір өскен. Яғни, шағын кәсіпкерлік саны – 71-ге өскен болса, жұмыспен қамтылғандар 96-ға артқан.
Аудан әкімі жанынан кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында «Шағын кәсіпкерлікті қолдау, әрі дамыту мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңес» құрылған. Сарапшылық кеңестің ықпалымен ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық төрағалары ауылдық аймақтарды дамыту, кәсіпкерліктің өзекті мәселелері жайындағы түрлі тақырыптардағы курстарға қатысып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
2004 жылы шағын кәсіпкерлік субъектілері 579,3 млн теңгенің өнімін өндіріп, 33,5 млн теңге төлемді бюджетке аударған. Өсіп, өркендеудің негізі ауданда осылайша қаланған.
Жыл басында ауданға сенаторлар келген. Қаңтардың 15-не дейін демалысқа шыққан халық қалаулылары Оңалбек Сәпиев пен Бақберген Досмамбетов тұрғындармен кездескен. Жиында ҚР Сенатының депутаттары экологиялық апат аймағы деп танылған Қызылорда облысы аумағында үш бірдей туберкулезге қарсы күрес диспансерін салуға қол жеткендігін айтқан. Арал, Қармақшы, Сырдария аудандарындағы аурухана құрылысы үшін 300 млн теңге бөлінсе, одан кейінгі уақытта тағы да қомақты қаржы қарастырылған. «Ауыл» жылдары бағдарламасы негізінде халықаралық маңызы бар жолдарды жөндеу үшін 14 млрд теңге бөлінген. Әсіресе, ағымдағы жылы Сексеуіл-Шымкент бағытындағы жолға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Жағымды жаңалықтардан хабардар еткен сенаторлар әлеуметтік жәрдемақы төлеуде кеткен кемшіліктерді болдырмау мақсатында арнайы заң қабылданатынын айтқан.
«Ауыл» жылының алғашқы қорытындысы шығып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан сала озаттары марапатталған. «Жылдың үздік инвесторы» – «Шапағат ЛТД» ЖШС төрағасы Б.Еламанов, «Жылдың үздік құрылысшысы» – «Нұрай» ЖШС төрағасы С.Алшынбаев, «Жылдың үздік кәсіпкері» – Г.Бекжанова, т.б. сала мамандары аудан әкімінің «Алғыс хатымен», бағалы сыйлықтарымен марапатталған.
Аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газетінің шыға бастағанына наурыз айында 65 жыл толған. Айтулы мереке құрметіне жас оқырмандар арасында шығармашылық бәйге өткен. Байқау шарты бойынша жас қаламгерлер өз шығармашылығына ауданның тарихындағы ерен еңбек иелерін, олардың еңбек жолын арқау ету мақсаты қойылған.
Қырғи тілді ақын А.Тоқмағамбетов туғанына 100 жыл толу қарсаңында ауданға бір топ зиялы қауым өкілдері келген. Құрметті меймандармен бірге ақынның қос перзенті Роза мен Аягөз Тоқмағамбетова әке рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл қойған.
Той-тойға ұласып, диқаншылар «Алтын дән – 2004» мерекесін атап өткен. Облыста екінші орын алған жеңімпаздар марапатталып, астықтан тау тұрғызып, мол өнімге қол жеткен.
Ауданның эпидемиолгиялық ахуалы өзінің тұрақсыздығымен ел-жұртты алаңдатқанын да айта кеткен жөн. Күз айында вирусты гепатит өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге өскен. Жұқпалы ауру Тереңөзек кенті, Н.Ілиясов, Шіркейлі, Қоғалыкөл ауылдарында көп тіркелген.
Эпидемиологиялық талдау нәтижесінде сары аурудың шығу көзі ауыз судың сапасыздығынан екені анықталған. Мысалы, Қоғалыкөлде халық ауыз суды баспа құдық пен шахталы құдықтан тұтынған. Ал құдықтар жыл басынан бері бірде-бір рет залалсыздандырылмаған. Әрине, бұл жағдай қазір мүлдем басқаша. Аудан облыс бойынша ауыз су мәселесін 100 пайыз шешкен, тұрғындар тәулік бойы таза ауыз су тұтынады.
Жыл соңында аудан халқы тағы да абыржып қалған. Дарияны мұз буып, кент тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен. Желтоқсан айында күннің күрт сууы салдарынан дарияның төменгі ағысы бойында мұз қатып, қайтадан күннің жылт етіп жылынуынан мұздың сеңге айналуы себеп болған. Тереңөзек кенті тұсындағы Соркөл маңындағы қорғаныс бөгеттері бұзылып, су кент орталығына қарай жөңкіген. Қалжан ахун ауылы тұсындағы дария суы да жағаны жарып өтіп, 300 гектар ауыспалы танабын басып қалған. Аудандағы төтенше жағдайға байланысты барлық техника кентке кіреберіс жолдың жиегіне қорғаныс бөгетін салуға жұмылдырылған.
2004 жылы ауданның құқық қорғау қызметі жемісті еңбегімен ерекшеленді. Саладағы елеулі оқиғаның бірі – аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің дүйім елді дүрліктіріп, үрейін ұшырған ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеуі еді. Бірінен соң біріне жалғасқан кісі өліміне себепкер болған қылмыстық топты құрықтауда полиция подполковнигі Болат Тоқберішов, полиция майоры Рысбек Ибраев, полиция лейтенанты Раджап Салхадин ержүректілік танытты. Дұрыс ұйымдастырылған іздестіру және бақылау жұмысының нәтижесінде аудан аумағында қылмыскерлерді құрықтады. Қылмыстық іске нүкте қойған полиция қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Осындай қарбалас сәтпен, оқыс оқиғамен жылды қорытындылаған сырдариялықтар әлеуметтік қамсыздандыру бойынша 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақының өсетіндігі туралы жаңалықты асыға күтті.
Бибісара ЖАНӘЛІ