Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпеге сенбесек, індет дендемек...

Екпеге сенбесек, індет дендемек...

Коронавирустың алғашқы дерегі тіркеліп, халықты тәлкекке түсіргелі жылдан асып барады. әлем батпандап кірген аурумен Әлі де арпалысуда. Дәрігерлер дертпен күресті күші жеткенше жүргізгенімен, қауіпті індет көпшілікке кесірін тигізіп, ел экономикасының құлдырауына ықпал етіп келеді.

Дегенмен, ауруды ауыздықтап, ден-саулықты қорғаудың бір жолы бар. Бұл – екпе жасату. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1 ақпаннан басталған вакциналау жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Бастапқыда Қара­ғанды фармацевтикалық кешені елге «Спутник V» екпесінің ең алғашқы шы­ғарылымдарын жеткізген болатын.

Дерттің дауасы мен емін табуда әр елдің ғалымдары ат салысып жатқаны аян. Ал коронавирусқа қарсы екпе жасауда көршілес Ресей көш бастап тұр. Бұл ақпаратты Ресей Президенті Владимир Путин ғылым және білім жөніндегі кеңес отырысында мақтанышпен мәлім еткен.

ДДСҰ қандай вакциналарға рұқсат берді?

Бүгінгі күннің басты мәселесі мен көптің көкейіндегісі вирусқа қарсы вакцина болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қандай екпені енгізуге рұқсат берді, қай елдер «вакциналар сайысына» өз өнімдерін қосты, осы турасында қысқаша шолып өтсек.

Вакцина тарихына көз жүгіртсек, Азиялық көшпелілер ерте дәуірде-ақ адам мен малға екпе жасау арқылы оларды қатерлі аурудан сақтандырып отырған. Екпе дегеніміз – микроорганизмдерден алынып, адам мен жануар организмін жұқпалы аурудан сақтандыру үшін егілетін препарат. Ол организмнің иммундық қасиетін арттыруға қауқарлы.

Пандемия басталғалы инфекцияға қарсы вакцинаны әзірлеу басты мәселеге айналды. Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылдың желтоқсан айынан әртүрлі медициналық мекемелер мен фармацевтикалық орталықтар 200-ден астам балама екпе түрлерін жасап шығарған. Дегенмен олардың барлығы қолданысқа ене бермейді. ДДСҰ-ның арнайы бақылауы мен тексеруінен өткен 64 препарат қана адам организмінде сыналуды бастады. Оның кейінгі әсері ағзаның иммундық қабілетіне де тікелей байланыс­ты.
Вакцинаны жасау мен сынаудың типтік схемасы түрлі кезеңдерден тұрады. Вирусты зерттеуден басталған жұмыстың нәтижесіне жету үшін 10-15 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Бірақ бүгінгі күннің жаңа технологиясы мен бұрынғы тәжірибелер бұл процестің барынша жылдам жүзеге асуына ықпал етуде.

Әлем ғалымдары жұмылдырылып жатқан «COVID-19»-ға қарсы вакциналар әртүрлі технологиялық платформада жасалуда. Бұлардың ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы рұқсат беріп, бекіткен вакциналардың көш басында Ресейлік «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) тұр. Аталған препарат Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының ғалымдарымен әзірленген. Екпе 2020 жылдың 11 тамызында әлемде тұңғыш коронавирусқа қарсы вакцина ретінде тіркелген. «The Lancet» басылымында келтірілген деректерге сүйенсек, ІІІ фазалық клиникалық зерттеу нәтижесінде «Спутник V» вакцинасының эпидемиологиялық тиімділігі 91,6 %-ды құраған.

Ресейлік ғалымдармен ұсынылып отырған екінші вакцина «ЭпиВакКорона» деп аталады. Бұл препарат «Вектор» Мемлекеттік Вирусология және биотехнология орталығымен дайындалып, 4,5 ай көлемінде клиникаға дейінгі зерттеуден өткен.

Рұқсат етілген вакциналар тізімін америкалық «Pfizer» екпесі, қытайлық «Fosun Pharma» және немістің «BioNTech»» биотехнологиялық компаниялары бірлесіп жасаған «BNT162b2» мРНҚ негізді вакцинасы, одан бөтен АҚШ-тық «Moderna» компаниясы ойлап тапқан «mRNA-1273» препараты, «Оксфордтық вакцина» атымен танымал «AZD1222» (ChAdOx1 nCoV-19), қытайлық биофармацевтикалық компания жасап шығарған «CoronaVac», «BBIBP-CorV», «Ad5-nCoV» вакциналары мен «Bharat Biotech» компаниясының Үндістан медициналық зерттеулер кеңесімен бірлесіп жасаған «BBV152» (Коваксин) екпелері толықтырады.

ДДСҰ мәліметі бойынша, 2020 жылдың қазанында клиникаға дейінгі сынақ сатысында тұрақтаған үміткер вакциналар саны 150-ге жуық болған. Айта кетейік, халықаралық ұйымның 2021 жылғы ақпан айында жариялаған 50-ге жуық кандидат-вакциналар тізімінде отандық «QazCovid-in» вакцинасы да бар. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдары жасап шығарған екпені ең алғашқы болып институт ғалымдарының өздері қабылдап көрген. Қазір олардың денсаулығы жақсы. Аталған вакцинаны көпшілікке ерікті егу сәуір айынан бас­талып, 75 мың доза отандық вакцина салыну көзделуде, сондай-ақ ай сайын көрсетілген көлем 500 мың дозаға дейін көбейтілетін болады. Отандық вакцина клиникалық зерттеудің үшінші сатысын 50 пайызға аяқтап, сынақтың соңғы сатысы қанағаттанарлық нәтиже берсе, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі екпені медициналық қолдануға рұқсат береді.

Министрліктің мәліметінше, жыл соңына дейін 6 миллион адамға екпе егу жоспарланған. Сәуір айының ортасындағы есеп бойынша, 300 мыңға жуық қазақстандық вакцинаның І кезең қабылдаса, 100 мыңдайы ІІ компонентін салдырған.

Инактивті вакцинаның платформасы қауіпсіз, оның құрамындағы компоненттерді халық жыл сайынғы екпелер арқылы бұрын да қабылдаған. Мамандардың ескертуінше, вакцинаның әр организмге түрліше әсер ететінін есепке алғанда, аздап ауырсыну мен басқа да белгілер байқалуы мүмкін. Дегенмен, екпені алу немесе алмау әр азаматтың өз еркінде.

Әлем елдері «Спутник V» вакцинасын қалай бағалайды?

«Спутник V» препаратын ең алғашқы болып Гвинея президенті Альфа Конда қабылдаған. Екінші болып мұндай батыл қадамға Аргентина президенті Альберто Фернандес барған. Әлемдік аренада атақты тұлғалардың аталған екпені ектіріп, жақсы пікір қалдыруы Ресей ойлап тапқан вакцинаның қауіпсіздігінің дәлелі іспетті болды. Екпе ектіру нәтижесінде елде коронавирус жұқтырудың қаупі сейілген. Ал «Спутник V» вакцинасы артылған «керуендер» Беларуссия, Аргентина, Гвинея, Боливия, Венесуэла, Сербия сияқты әлем елдеріне бағыт алып жатты.

2020 жылы коронавирус диагнозымен тіркел­гендердің саны 41 ғана адамды құрап, өзіндік рекорд орнатқан Лаос мемлекеті де Ресейден 2 миллион доза дәрі сатып алған.

«Ресейлік вакцина Ресей мен Беларуссиядан басқа Сербия, Аргентина, Боливия, Алжир, Палес­тина, Венесуэла, Парагвай және Түркіменстанда тіркелген» деп мәлімдеген Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова бұл тізімнің ұдайы жаңарып, өсіп отыратындығын айтады.

ЕО көлемінде Венгрия «Спутник V» екпесін ең бірінші болып өз елінде қолдануға рұқсат берсе, БАӘ-де билік клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінен кейін ғана препаратты қолдануды жөн санаған.

Сондай-ақ бірнеше ел ресейлік вакцинаны өз елдерінде өндіруді қолға алған. Сербия президенті Вучич вакцинаны өз елінде өндіру туралы келіссөз жасауды бірден қолға алса, Үндістанның Ресейдегі елшісі Венкатеш Варма Мәскеуде екпе салдырғаннан кейін, бұл өнімді өз елінде өндіріп, үшінші әлем елдеріне экспорттау туралы шешім шығарған.

Ресей өз вакцинасын неге Еуропалық Одақта тіркетуге мәжбүр?

Ресейдің тікелей инвестициялар қоры Еуропалық Одақта «Спутник V» коронавирустық вакцинасын тіркеуге өтінім берген. Кейінірек ресейлік БАҚ өкілдері өтінімнің қанағаттандырылғаны туралы ақпарат жариялады. Бұл дегеніміз, Ресей өз өнімін Еуропалық Одақ көлеміндегі елдерге жеткізе алады. Қазіргі кезде Еуропалық Одақ мақұлдаған «Pfizer/BioNTech», «Moderna», «AstraZeneca» вакциналары 600 миллион дозаға дейін сатылуда. Бұндай келісімшарт «Johnson&Johnson», «Sanofi-GSK», «CureVac» компанияларымен де жасалған.

Вакцинаны ЕО-да тіркеу не үшін қажет? Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл алдымен вакцинаны Одақ көлемінде еркін сатудың тиімді көзі болса, мәселенің екінші жағы «вакцинацияның электронды паспорты» мәселесіне келіп тіреледі. Электронды паспорт дегеніміз – тұлғаның арнайы екпе жасатқандығын куәландыратын құжат. Ол электронды түрде (смартфонда) немесе арнайы QR-код түрінде болуы мүмкін. Мұндай құжат ресейлік вакцинаны салғызғандарға да беріледі. Бұл туралы Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Михаил Мурашко «Мемлекеттік қызметтердің веб-сайтында жеке кабинеттегі вакцинацияланған пациент коронавирусқа қарсы егілгені туралы куәлікті 1 қаңтардан бастап ала алады» деп мәлімдеді.

Екпенің электронды құжаты мәселесіне қатысты дау қозғалғанына біршама уақыт өтті. Ресейліктер бұған қатысты түрлі пікірлерін білдірген болатын. Ресей тікелей инвестициялар қорының жетекшісі Кирилл Дмитриев «вакцинацияның электронды паспорты 2021 жылы адамның жеке басын куәландыратын төлқұжат секілді күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналуы мүмкін» дейді.

Сырдария ауданы: Жеткізілген 400 вакцина салынып бітті

Мемлекет басшысының Ресей Президенті Путинмен жасаған келісіміне сәйкес, өткен жылдың 22 желтоқсанынан Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіруді қолға алу жоспарланған. 2021 жылдың 1 ақпанынан тұрғындарды ерікті түрде вакцинациялау басталып кетті. Алғашқы кезеңде халықтың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылым қызметкерлері қамтылды.
Қазақстан – аталған екпені қолдануды мақұл көрген 27-ші ел. Егу жұмыстары басталғалы, үлкен қалаларда ғана емес, шағын елде мекендерде де вакцинация­­лау қарқынды жүргізілуде.

Сырдария ауданында да халық денсаулығы үшін қажетті шаралар өз деңгейінде атқарылуда. Аталған вакцына ауданға 2021 жылдың 9 наурызында жеткізілді. І және ІІ типтік 200 доза әкелініп, толық салынды. Ал сәуір айында ауданға «Спутник V» вакцинасының тағы да І типтік 400 дозасы жеткізіліп, екі күн ішінде салынып бітті. Ауданның «қызыл» аймаққа енуіне байланысты тиісті шара жедел жүргізілген. Екпе салдыруда медицина, құқық қорғау, төтенше жағдай, мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлері мен ұстаздар белсенділік танытқан. Және де Іңкәрдария, Бесарық, Қоғалыкөл ауылынан да тұрғындар келіп, ерікті түрде екпе қабылдаған.

Ескерте кетейік, вакцина 18-64 жас аралығындағы азаматтарға ерікті түрде салынады. Ауданда вакциналау жұмыстарына санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай егу бөлмелері дайындалып, 20 медицина қызметкері тартылған. Сондай-ақ екпе ектіру сіздің тарапыңыздан ешқандай қаражатты қажет етпейді.

ТҮЙІН
Бұған дейін де халық арасында қауіпті әрі жұқпалы аурудың неше түрлісі тарағаны тарихқа аян. Дегенмен, ғалымдар оған қарсы препараттарды ойлап тауып келеді. Ендеше, медицина саласы дамыған бүгінгі күні де адамзат кез келген дертпен күрес жолын табуға қауқарлы. Қазір әлемдік қауымдастық тәжвируспен күреске де барын салуда.

Жылдан астам коронавирустың зардабын тартқан халық бір нәрсені түсінуге тиіс: коронавирустың кезекті толқындарының қайта басталуы яки вирустың асқынуы вакциналаудан туындайтын қауіптен едәуір асып түседі. Ал ерікті екпе салдырғандардың денесінде антиденелер мөлшері жоғары болады. Халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптасса, аурудың тарау қарқыны да азаяды. Сондықтан бұл коронавирус­пен күрестің бірден-бір жолы деуге негіз бар.

Жүз жыл бұрын ондаған миллион адамды жалмаған «испан тұмауы» дейтін дертті бүгінгі ұрпақ тарихтан ғана оқитынын ескерсек, әлемді әуреге салған коронавирустың да бір кездері тарихтың «қара жолағы» ғана болып қалары анық.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
­

20 сәуір 2021 ж. 418 0