Тарихы терең Түркістан
Түбі бір түркі халықтарының ынтымақтастығы тоқсаныншы жылдары қалыптасып, бауырлас елдер бекем бірлік пен толымды тірлікке толы іргелі істерді Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қолға алғаны белгілі. Бүгінде бұл саяси шешім өз жемісін толық берді. Бір-бірін қолдап, қуаттап келе жатқан бауырлас елдер бірлік пен өзара сыйластықтың және Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев негізін қалаған Түркі кеңесінің жемісті жұмысы негізінде дамып, өркен жайып келеді. Оның ішінде, тарихы терең Түркістанның сәулеті мен дәулетінің, сәні мен салтанатының артқанын айтпай өту мүмкін емес.
2018 жылғы 19 маусымы – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихында алтын әріппен жазылатын тарихи күн. Дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген шешімі негізінде Түркістан облысы құрылып, Тұңғыш Президент жаңа Жарлыққа қол қойды. Міне, содан бері жаңа әкімшілік аумақты дамыту бағытында Елбасының және Мемлекет басшысының қолдауымен ауқымды жұмыстар атқарылды. Елдікке бастаған өміршең идеялар негізінде Түркістан облысы түледі, түрленді, жаңарып, жаңғырды.
Түркістан қаласы туралы толғанар болсақ, Тұңғыш Президенттің келелі де кесімді сөздері, пайымды да парасатты пікірлері ойға оралады. «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – қазақ елінің рухани жүрегі» деген Елбасының сөзі бүгінде Түркістанның даралығын, тұлға, тарих, дін, мәдениет туралы терең түсініктердің темірқазығы екенін білдіреді. Расында да тарих сырын қойнауына бүккен қала – өткен мен бүгіннің сабақтастық байланысын үзбей жалғастырып келе жатқан құтты мекен, киелі қоныс.
Өткен аптада Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған Түркі кеңесінің бейресми саммиті тарихи жиын болды. Түркістан шаһары түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған саммитте бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Экономикалық ынтымақтастықты арттыру мен туризмге мән беру арқылы инвестициялық орталық құруды көздеген Мемлекет басшылары Түркі кеңесінің мәртебесін биіктетуді күн тәртібіне шығарды. Сондай-ақ түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары Низамидің 880, Юнус Әміренің 700, Науаидің 580 жылдығын бірге атап өту, Түркістан мен Қ.А.Яссауи мұрасын кеңінен дәріптеу, мәдениет саласында Науаи сыйлығын тағайындау секілді ұсыныстар айтылды. Мұнан бөлек, археологиялық қазба жұмыстары қолға алынып, бауырлас елдердің жоғары оқу орындары арасындағы байланысты бекіте түсетін «Ұлы түркілер» білім қоры құрылмақ. Ең бастысы, саяси және рухани байланыстарға тың серпін беретін «Түркістан декларациясы» қабылданды. Маңызды құжатта жоғарыда аталған және басқа да өзекті тақырыптар толық қамтылған және атқарылатын істер айқын, анық белгіленген.
Алқалы басқосуда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз», – деді. Мұнан бөлек, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болғанын, бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен екенін атап өтті.
Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдердің транзиттік әлеуетіне айрықша тоқталды. «Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісімдер Ұлы Жібек жолын қайта түлетіп, Каспий теңізінің рөлін арттырады. Бұл Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының артықшылығын елдеріміздің тиімді пайдалануы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі («Тұран дәлізі») Еуропа мен Азияны жалғайтын ең қауіпсіз әрі қысқа сауда жолына айналып келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп, Кеңестің Құрметті төрағасы Тұран атауын жаңғыртып, қоғамдағы осынау атауға қатысты туындап жататын пікірлерді назарда ұстайтынын байқатты.
Түркістанды түлету Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталды деп айтуға толық негіз бар. Оған дәлел ретінде 1991 жылы Елбасының Жарлығымен Халықаралық Қазақ-түрік университетінің ашылғанын айтуға болады. Осы ретте, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың есімін иеленген аталған оқу орны түркі әлеміндегі ең алғашқы халықаралық университет екенін де айтып өткеніміз жөн.
2000 жылы киелі шаһардың 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілді. Сол жылы Түркістанның қазақ халқының ұлттық бостандығы мен руханиятының ақ ордасы екені паш етілді. Күллі түркі әлемі қасиетті мекенді тәу етіп, бір мақсат, бір мүдде жолында ортақ ұстанымдарға негізделген тың бастамаларға құлаш сермеді. Елбасының дара саясатының негізінде Түркістан түркі халықтарының басшылары кездесіп, келелі кеңес өткізетін бірегей орталыққа айналды. Бүгінде тарихи деректерді парақтасақ, сол 2000 жылы қала жұртшылығының алдында жасаған мазмұнды баяндамасында Ұлт Көшбасшысының «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы» дегені еріксіз тебірентеді. Айтылған сөз бүгінде ақиқатқа айналды. Құтты мекенге Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен облыс мәртебесі беріліп, Ел Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен тарихи мекенді түлету бағытында толымды тірліктер атқарылуда.
Бәрімізге белгілі былтыр Елбасы «Qazaqstan» ұлттық арнасына сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері әрі өркениет жауһары – Түркістан жөнінде сұхбат берген еді. «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты аталған сұхбатта Тұңғыш Президент Ұлы Даладағы ұлы өзгерістерге негіз болған қалаға қатысты ойларымен бөлісті.
«Түркістанды көтеру – халқымыз үшін қасиетті мәселе, біздің парызымыз. Бұл – көне, тарихы тереңде жатқан қалаларымыздың бірі» деген Елбасы Ресейдің Мәскеуден басқа Санкт-Петербургі, Түркияның Анкарадан басқа Ыстанбұлы бар екеніне тоқталды. Біздің Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, әсем Алматы және таңғажайып Түркістанымыз болатынын айтып, осы бағытта жасалған жұмыстар аясында елдің өзге де өңірлері қатар өркендейтінін айтты. Сондай-ақ қаланы дамыту арқылы Абылай ханның «қала сала алмадым, елге жер емізе алмадым, қазақтың басын қоса алмадым» деген үш арманын орындап жатқанымызды атап көрсетті.
Облыс мәртебесі берілгеннен кейін Түркістанға жұмыс сапарымен барған Елбасы «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деп тасқа қашап жаздырған болатын. Сол болжам қазірдің өзінде жүзеге асқанына барша халық куә. Мәселен, арнайы экономикалық аймақ құрылғаннан кейін еліміздегі алпауыт компаниялар мен ел Үкіметіне Түркістанды дамытуға үлес қосу жөнінде тапсырма берілген болатын. Облыс әкімдіктері мен ірі компанияларға 26 нысанды салу міндеті жүктелсе, өткен жылдың өзінде бірқатарының құрылысы аяқталып үлгерді. Тарихи игі іске халқымыздың жанашыр азаматтары да бір кісідей атсалысып, киелі қала екі-үш жылдың ішінде қарқынды дамыды. Көптеген нысанның құрылысы басталып, бірқатары пайдалануға берілді. Мысалы, әкімшілік-іскерлік орталығында облыстық әкімдік, басқармалар, департаменттер ғимараттары, Нұр-Сұлтан алаңы, Конгресс-Холл, «Алатау-Media» орталығы, Оқушылар сарайы, Орталық стадион, бассейні бар спорт кешені, Олимпиадалық резерв мектебі, Халыққа қызмет ету орталығы, Музыка мектебі, қалалық саябақ, Цифрлы кеңсе іске қосылған. Бұл нысандардың салынуына «Самұрық-Қазына» АҚ мен облыс әкімдіктері, «Petroleum Operating» компаниясы айрықша атсалысқанын айта кетелік. «Алатау-Media» орталығында «Түркістан» телеарнасы, төрт басылымның редакциялары, республикалық негізгі телеарналардың тілшілер қосындары орналасты. Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз қарсаңында Turkistan телеарнасы «Отау ТВ» ұлттық спутниктік желісі және кабельдік желілер арқылы қалың көрерменге жол тартты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған халықаралық Turkistan телеарнасы түркітілдес мемлекеттердің ақпарат кеңістігінде 3 тілде хабар тарататын арна болмақ. Ал рухани-мәдени орталықта – Шығыс моншасы, музыкалық субұрқақ, Неке сарайы, Амфитеатр, Қабылдау орталығы, Ахмет Яссауи музейі, «Ұлы дала елі» орталығы пайдалануға берілді. Бұл нысандардың салынуына облыс әкімдіктері мен «Самұрық-Қазына» АҚ үлес қосты. Сондай-ақ бүгінде Тұңғыш Президент саябағы, Нұрсұлтан Назарбаев аллеясы немесе Арбат, «Жібек жолы», Желілік саябақтар мен гүлзарлар кешендері салынуда. Көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырған керемет жобаның бірі Keruen Sarai кешені де жақын арада пайдалануға берілмек. Шығыс үлгісінде салынып жатқан Keruen Sarai тұрғын үй кешенінде жалпы аумағы 8 мың шаршы метрден асатын 125 баспана бой көтереді. Халықаралық стандартқа сай Rixos Turkistan, Hampton by Hilton Turkistan, «Нұр-Әлем» қонақүйлері сынды ірі жобалар да жүзеге асырылды. Ал өткен жылы күзде Тұңғыш Президент – Елбасының қатысуымен іске қосылған Түркістан қаласының Халықаралық әуежайы арқылы туризм саласын дамытуға үлкен мүмкіндік жасалып отыр. Наурыз мейрамы қарсаңында еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласынан Ыстанбұлға алғашқы халықаралық тұрақты рейсі ашылды. Биылғы жылдың екінші тоқсанынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) аптасына 53 рейспен байланыстыру жоспарланып отыр. Ай сайын танымастай, таңғажайып түрге еніп, гүлденіп келе жатқан Түркістанда бес қабатты, жеті қабатты, он жеті және жиырма бес қабатты тұрғын үйлер де бой көтеруде. Әкімшілік-іскерлік орталықта 177 көп қабатты тұрғын үй салынуда. Бір сөзбен айтқанда тарихи қаланың өсіп-өркендей беретініне сенім мол. Өйткені, Түркістанды түлету – ұлтты ұлы ету. Ал бұл идея түркі әлеміне ортақ әрі аса маңызды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ