Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркістанды түлету – ұлтты ұлы ету

Түркістанды түлету – ұлтты ұлы ету

2018 жылғы 19 маусым. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихында алтын әріппен жазылатын тарихи күн. Дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген шешімі негізінде Түркістан облысы құрылып, Тұңғыш Президент жаңа Жарлыққа қол қойған болатын. Міне, содан бері жаңа әкімшілік аумақты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Елдікке бастаған Елбасы идеясы негізінде Түркістан облысы түледі, түрленді, жаңарып, жаңғырды.

Түркістан қаласы туралы толғанар болсақ, Тұңғыш Президенттің келелі де кесімді сөздері, пайымды да парасатты пікірлері ойға оралады. «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – қазақ елінің рухани жүрегі» деген Елбасының сөзі бүгінде Түркістанның даралығын, тұлға, тарих, дін, мәдениет туралы терең түсініктердің темірқазығы екенін білдіреді. Расында да тарих сырын қойнауына бүккен қала – өткен мен бүгіннің сабақтастық байланысын үзбей жалғастырып келе жатқан құтты мекен, киелі қоныс.

Жалпы, Түркістанды түлету Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталды деп айтуға толық негіз бар. Оған дәлел ретінде 1991 жылы Елбасының Жарлығымен Халықаралық Қазақ-түрік университетінің ашылғанын айтуға болады. Осы ретте, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың есімін иеленген аталған оқу орны түркі әлеміндегі ең алғашқы халықаралық университет екенін де айтып өткеніміз жөн.

2000 жылы киелі шаһардың 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілді. Сол жылы Түркістанның қазақ халқының ұлттық бостандығы мен руханиятының ақ ордасы екені паш етілді. Күллі түркі әлемі қасиетті мекенді тәу етіп, бір мақсат, бір мүдде жолында ортақ ұстанымдарға негізделген тың бастамаларға құлаш сермеді. Елбасының дара саясатының негізінде Түркістан түркі халықтарының басшылары кездесіп, келелі кеңес өткізетін бірегей орталыққа айналды. Бүгінде тарихи деректерді парақтасақ, сол 2000 жылы қала жұртшылығының алдында жасаған мазмұнды баяндамасында Ұлт Көшбасшысының «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы» дегені еріксіз тебірентеді. Айтылған сөз бүгінде ақиқатқа айналды. Құтты мекенге Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен облыс мәртебесі беріліп, Ел Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен тарихи мекенді түлету бағытында толымды тірліктер атқарылуда.

Апта ағымында Елбасы «Qazaqstan» ұлттық арнасына сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері әрі өркениет жауһары – Түркістан жөнінде сұхбат берді. «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты аталған сұхбатта Тұңғыш Президент Ұлы Даладағы ұлы өзгерістерге негіз болған қалаға қатысты ойларымен бөлісті.

«Түркістанды көтеру – халқымыз үшін қасиетті мәселе, біздің парызымыз. Бұл – көне, тарихы тереңде жатқан қалаларымыздың бірі» деген Елбасы Ресейдің Мәскеуден басқа Санкт-Петербургі, Түркияның Анкарадан басқа Ыстанбұлы бар екеніне тоқталды. Біздің Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, әсем Алматы және таңғажайып Түркістанымыз болатынын айтып, осы бағытта жасалған жұмыстар аясында елдің өзге де өңірлері қатар өркендейтінін айтты. Сондай-ақ қаланы дамыту арқылы Абылай ханның «қала сала алмадым, елге жер емізе алмадым, қазақтың басын қоса алмадым» деген үш арманын орындап жатқанымызды атап көрсетті.

Облыс мәртебесі берілгеннен кейін Түркістанға жұмыс сапарымен барған Елбасы «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деп тасқа қашап жаздырған болатын. Сол болжам қазірдің өзінде жүзеге асқанына барша халық куә. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тарихи шаһардың бүгіні мен болашағы жөнінде ұлттық арнаға сүбелі сұхбат берген Елбасының қолдауымен көршілес облыстың өсіп, өркендей беретініне кәміл сенеміз. Бір сөзбен айтқанда, Түркістанды түлету – ұлтты ұлы ету.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

05 желтоқсан 2020 ж. 258 0