Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәуірде соғылған қоңырау

Сәуірде соғылған қоңырау

Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қау­лысына сәйкес, барлық сыныптың оқушылары төртінші тоқ­санда аралас форматта оқуды бастады. Бұл оқу форматы «жасыл» және «сары» аймақтар үшін белгіленді.

Аудандағы 17 білім беру мекемелерінің 8232 оқушысы түгелдей 1 сәуірден бастап дәстүрлі түрде білім алуға көшті.

Жаңа оқу жылы басталғалы аудандағы №126, №191, №135, №174 мектептерде дәстүрлі форматта оқытылып келді. Мұнда оқушы саны 300-ден аспағандықтан, оқытудың осы форматы сақталды. Енді оқу жылының төртінші тоқсанында барлық мектептердің оқушылары санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі оқуды бас­тап, оқушылар ұстаздарымен қауышты.

– Өткен оқу жылының төртінші тоқсаны­нан бастап оқушылар қашықтан оқығаны белгілі. Жаңа оқу жылында да карантинге байланысты барлық сынып оқушылары мектеп қабырғасына келе алмады. Үш тоқсан бойы кейбір сынып оқушылары қашықтан оқыды. Әрине, оқушылар мен ұстаздарға бұл қолайсыздық туғызды. Дегенмен, сақтық шаралары негізге алынып, осындай шешім шыққан соң оқушылар қашықтан білім алды. Енді төртінші тоқсанда оқушыларымызбен қайта қауыштық. Ең алдымен, санитарлық талаптарды қатаң сақтап, оқушылардың түгелдей маскамен келуін қамтамасыз ету қолға алынды. Сынып жетекшілері тарапынан масканы 3 сағат сайын ауыстыру қадағаланады. Әрқайсысында антисептиктің болуы да маңызды. Оқушылардың топтасып жүрмеуін, әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын да бақылаймыз, – дейді №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 10 «а» сынып жетекшісі Жанар Тәжібаева.

Білім ошақтарындағы сақтық шараларының бірі – әр сынып оқушылары үшін қоңырау әртүрлі мезгілде соғылуында. Бұл адамдар тобын шоғырландырмауға байланысты қабылданған шешім. Сонымен қатар аралас форматта оқитын оқушылар кейбір пәндерді онлайнмен оқуды жалғастыруда.

Елді әбігерге түсірген пандемияның қазіргі беталысы жақсы емес. Біздің аймақта індеттің таралу көрсеткіші біршама төмен. Бұл халықтың арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі болса керек. Дегенмен, «сақтаңсаң – сақтайды» қағидасын естен шығармау қажет.

– Менің 3 балам мектепте оқиды. 1 сәуірден бастап барлығы сабаққа қосылды. Оқу жылына дайындығымыз болмаған соң шамалы қиналып қалдық. Мектеп формасы талап етілмейді дегенге қуандық. Қазір оқу құралдарын әліміз келгенше түгендеп бердік. Ұстаздардан мектеп қабырғасында білім алудың жөні бөлек. Ал санитарлық талаптардың сақталуына ата-аналар да жауапты. Күн сайын балаларымызға медициналық маскасының болуын қамтамасыз ету қатаң тапсырылды. Балаларды індеттен қорғау үшін маскамен қамтамасыз етуге тырысамыз. Бірақ мұның өзі кейде қиынға соғады ма деген қорқыныш бар. Үш бірдей балама күн сайын қаншама бетперде кететіні белгілі. Сондықтан бұл жағынан көмек болса қуанатын едік, – дейді көп балалы ана Айткүл Арысбай.

Аз қамтамасыз етілген отбасы балалары үшін мектеп асханасы жұмысын 1 наурыздан бастады. Асханада балаларға бір мезгіл ыстық тамақ беріледі. Ал мектеп буфеттерін іске қосуға әзірге рұқсат жоқ.

Айта кету керек, білім саласындағы тағы бір жаңалық – бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау 1 сәуірде басталғаны. Құжат 1 тамызға дейін қабылданады. Бұл білім беру процесіне қатысушыларға ыңғайлы болу үшін қабылданған шешім.

– Ата-аналар мектепті алдын ала анықтап, оқуға қажетті құжаттарды уақытылы тапсырады. Өтінішті egov.kz арқылы беруге болады. Қажетті құжаттар тізімінде ата-аналардың немесе оларды алмастыратын тұлғалардың өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, 3х4 көлеміндегі 2 фото бар. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қарастырылады, – дейді аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жанар Қойшыбаева.

Бибісара ЖАНӘЛІ
03 сәуір 2021 ж. 352 0