Жылдың да мінезі бар, жақсы-жаман...
Ежелгі қазақша жыл санау бойынша «Наурыз» мерекесі – ұлтымыздың жаңа жылы саналады екен. Күн мен түн теңелу уақыты 21 наурызға тұспа-тұс келеді. Биыл сиыр жылын қарсы алатын қазақ халқы келер күннен жақсылық күтеді.
ХХІ ғасырда ұлтымыз екінші рет «Сиыр» жылын қарсы алып отыр. Мысалы, 1901, 1913, 1925, 1937, 1949, 1961, 1973, 1985, 1997 жылдарға сиыр тұспа-тұспа келген. Ал осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2009 жылы туған 806 сырдариялық қазір 5 сынып оқушысы. Ал биылғы жылдың наурыз айына дейін аудан бойынша 162 бала дүниеге келген. Сиыр жылында туған адамдардың табиғи ерекшелігі – олар тұрақты, сабырлы, көшбасшылық қасиетке ие болып келеді. Досқа адал, ақ пейіл, еліне патриоттық сезімі басым, намысшыл мінезімен де дараланады. Сонымен бірге сиыр жылы туған азаматтар арасында Зеңгі баба төлін бауыздамайды деген сенім бар.
– Сиыр жылы мен үшін ерекше. Біз биыл үшінші мүшелді қарсы алатын боламыз. Ежелден халық аталған жылдан жақсылық күтеді. Ақ мол болып, ырыс-несібеміз артып, берекелі жыл болсын деп тілек етеді. Осы жылы туған азаматтар көшбасшылық қасиетке ие. Ұйымдастырушылық қабілетімен ортасында дараланып отырады. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жылда әрбір отбасыға бақыт, ырзық-несібе тілеймін. Мереке қарсаңында сиыр жылы туған достарымызбен бірге, қайырылымдылық жасауды ниет етіп отырмыз. 7 отбасыға бір малды құрбандыққа шалып, етін таратып бермекшіміз. Сондай-ақ мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратамыз, – дейді аудандық мәслихат депутаты Зейнұр Жаманқұлов.
Айта кету керек, қазақ күнтізбесінде сиыр – жайлы, жақсы жылдардың қатарында. Шын мәнінде, ертеректе ұлтымызда «бір сиыр бір отбасыны асырайды» деген ұғым қалыптасқан.
Балтабай ОРДАБЕКОВ