Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Марат ОМАРОВ, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы, 2007-2017 жылдардағы аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары: Партия – үлкен өмірдің маңызды мектебі

Марат ОМАРОВ, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы, 2007-2017 жылдардағы аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары: Партия – үлкен өмірдің маңызды мектебі

Еліміздің саяси өмірінде 1999 жылдың 19 қаңтарында ел Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевты қолдау жөніндегі Қоғамдық штабтың қорытынды мәжілісінде «Отан» саяси партиясын құру жөніндегі шешім қабылданды. 1999 жылдың 4 ақпанында Қызылорда облыстық «Отан» партиясының І құрылтай конференциясы өткізілсе, наурыз айының алғашқы күні «Отан» республикалық саяси партиясының I съезі өтті. Бүгін тарихы сонау «Отан» саяси партиясынан бастау алатын, бүгінде елдегі ең үлкен саяси күшке айналған «Nur Otan» партиясының 2007-2017 жылдардағы аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Марат Омаровпен жетекші партияның тарихы, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен оның нәтижелері жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз.

– Марат Жүсіпәліұлы, өзіңізге белгілі үкімет пен партия жұмысының бағыты бұрын да, қазір де үндеседі. Оның үндесуінің мәні үіметтің де, партияның да жоспары халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Сұхбатымызды осы жөнінде бастасақ.

– Иә, дұрыс айтасыз, екі құрылымның да мақсаты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және халықтың тұрмысын жақсарту. Партия қай кезде де халықпен бірге және жұртшылық арасында зор сенімге ие. Бұл сөзімізге ел тұрғындарының партияның орталық аппараты мен жергілікті жерлердегі қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын оң бағалауы дәлел бола алады. «Nur Otan» қай кезде де халыққа жақын болды және тұрғындардың мұң-мұқтажын орындауға тырысты. Ал аудандық партия филиалының тарихына үңілер болсақ, 1999 жылдан бастап күні бүгінге дейін игі істер атқарылғанын байқауға болады.

– Партияның аудандық филиал басқарған азаматтар жөнінде айтсаңыз.

– Партия жұмыстарымен айналысқан азаматтар да лайықты кісілер болды. Мысалы, «Отан» республикалық саяси партиясының аудандық филиалын алғашқы жылдары аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ж.Тағыбаев, Қ.Сәрсенбаев жетекшілік еткен. Кейін партия атауы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы болып өзгертіліп, 2007-2008 жылдары аудан әкімі қызметін атқарған И.Әбибуллаев, 2008-2012 жылдары аудан әкімі болған С. Тәуіпбаев, 2012-2013 жылдары аудан әкімі болған Ғ.Әбілтай басқарды. 2013-2019 жылдары «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалын аудан әкімі болған Ғ.Қазантаев, 2019-2020 жылдар аралығында аудан әкімі болған Р.Рүстемов және 2020 жылдың қараша айынан бастап аудан әкімі Т.Дүйсебаев басқарып келеді. 2002 жылдан 2007 жыл аралығында аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін М.Ташимов, 2007 жылдан 2017 жыл аралығында өзім және2017 жылдың желтоқсан айынан аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып Е.Жақып атқаруда.

– Өзіңіз басқарған жылдардағы мәліметтерді айтсаңыз.

– 2007 жылға дейін аудандық филиалда 52 бастауыш партия ұйымы болды. Оның 1750 мүшесі бар еді. 2007 жылы «Асар» «Аграрлы», «Азаматтық» партияларының «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына біріктіру жұмысы жүргізілді. Сөйтіп аталған үш партиядан 457 азамат партия қатарына қабылданды. 2008 жылдың есебі бойынша 58 бастауыш ұйымда 2608 партия мүшесі болды. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 2010-2011 жылдары партия ұйымдарын топтастыру процессі жүргізіліп 58 партия ұйымдары біріктіріліп, 33 ұйымға азайтылды. Қазіргі уақытта 3000 партия мүшесі 24 бастауыш партия ұйымына біріктірілген.

– Партия жұмысы белсенділерімен маңызды. Осы ретте сіздермен қоғам мүддесі жолында тығыз жұмыс істеген аудандағы партия белсенділерін атасаңыз.

– Партия жұмысының жаңадан ұйымдастырылып, жолға қойылуына байланысты көптеген қиыншылықтармен бетпе-бет келіп, оларды жеңе отырып, қазіргі уақытта партия еліміз бойынша үлкен белестерге көтерілді. Партия қатарына мүшелер тартуда, аумақтағы белгілі, беделді адамдарды мүшелікке тарта отырып, партия саясатын насихаттауға ден қойылды. Атап айтқанда, Социалистік Еңбек Ері медалінің иегері Б.Мұстафаева, Қазақстанның Еңбек Ері» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты А.Ералиев, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі депутаты Б.Синаева, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, ғалым-агроном А.Камалатдин, ауданның «Құрметті азаматтары» А.Бақтиярова, Ш.Зетов, Ж.Айсин, Ө.Садуов, Ғ.Үдербаев, С.Отызбаев, Ұ.Жаналиева мен аудандық мәслихат депутаттары партия жұмыстарының алғы шебінде жүрді. Мұнан бөлек ортақ іске Г.Әбілова, А.Атақаев, С.Нұртазаев, А.Дүйсебеков, С.Ерімбетова, С.Аяғанов, Б.Лекеров, А.Әбдуов, Р.Есеновтер ерекше атсалысты. Партия тарапынан қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2006-2007 жылдары ауданда, еліміздің киелі орындары болып саналатын тарихи және мәдени ескерткіштерді қайта қалпына келтіру мақсатында аудан бойынша акция ұйымдастырылды. Сырдария ауданында орналасқан көне тарихи кесене «Қалжан ахун» мешітін жөндеуге республикалық бюджеттен 44 млн теңге бөлініп, мешіт ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілді. 2008 жылы аудандық партия филиалы Тереңөзек кентінде орналасқан тарихи ғимарат теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге акция ұйымдастырып, акция барысында аудан тұрғындарынан, кәсіпкерлерден, шаруашылықтардан түскен қаржыға тарихи ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілді. Міне, осындай іргелі істерге жоғарыда аталған азаматтар өз үлестерін қосты.

– Партия пәрменімен жүзеге асқан тағы қандай жұмыстар бар?


– Партияның аудандық филиалын басқарған азаматтардың бастамасымен көптеген қайырымдылық істер жүргізілді. «Көпір салу –сауапты іс» – дейді дана халқымыз. Аудандық партия филиалы аудан әкімдігі, аудандық құрылыс, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімдерімен бірлесіп, Тереңөзек кентіндегі Майжарма каналына Б.Момышұлы көшесі тұрғындарына арман болып келген бірнеше көпір асар әдісімен салынып, тұрғындар пайдалануына берілді. Аудандық партия филиалының аудан тұрғындарына жолдаған Үндеуімен облыс көлемінде көктемгі су тасқыны уақытында тікұшақтан құлап зардап шеккен жергілікті азаматтың аяғына тұрып кетуіне «Нұротандықтардың» қаржылай көмегі демеу болды. 2005-2012 жылдар аралығында партиялық «Дала мен қала» басылымына жазылу жүргізілді. Партия мүшелері тарапынан жергілікті, облыстық, республикалық басылымдарға жазылу жоғары дәрежеде ұйымдастырылып отырды. Аудандық партия филиалы үкіметтік емес ұйымдарменде жүйелі түрде жұмыс жасады. Белсенді ұйымдармен бірігіп жұмыстар атқару партияның басым бағыттарының бірі болып табылды. Партия филиалында қоғамдық қабылдау маңызды жұмыс. Аудандық партия филиалындағы қоғамдық қабылдауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыстық департамент және басқарма басшылары, жергілікті атқарушы орган басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, филиал төрағасынан бастап барлық жергілікті атқарушы орган басшылары қоғамдық қабылдау жүргізіп отырды. Қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелер есепке алынып, бақылауға қойылды.

– Жемқорлыққа қарсы жүргізілген жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Еліміз үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – аса жауапты міндет. 2012 жылдан бастап партияның аудандық филиалы жанынан «Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі» Қоғамдық кеңес құрылып, аудандық прокуратурамен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, ішкі істер органымен, жергілікті атқарушы билік басшыларымен бірлесіп елді мекендерде тұрғындарды өтініштерімен қабылдап, «Ашық есік» күнін өткізуді үрдіске айналдырды. Іс-шаралар жоспарын бекітіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және болдырмау мақсатында бірқатар жұмыстарды жүргізді. Міне, осындай кең көлемді істер аудандық партия филиалының қызметін арттырумен қатар партия беделінің көтерілуіне едәуір ықпал туғызды. Партия міндеттерінің қай қайсысы да елдің қамын жеп, өмірге үлкен өзгерістер әкелуге жол бастайды.

– Биыл партия негізінің қаланғанына 22 жыл толып отыр. Сіз түрлі салада еңбек еттіңіз. Соның ішінде өміріңіздегі партияның алатын орны жөнінде ойыңызды білсек.

– Партия – үлкен өмірдің маңызды мектебі. Партияда қызмет атқару зор абырой әрі жауапкершілік. 2007-2017 жылдар аралығында аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқардым. Саяси маңызды іс-шараларды абыроймен өткіздік. Сайлаулар, конференциялар ұйымдастырдық. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Елдің алғысын алдық, ризашылығына бөлендік. Партияның пәрменін арттыруға барынша атсалыстық. Сондықтан партияның өмірімде алатын орны ерекше.


Сұхбаттасқан: Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
25 ақпан 2021 ж. 426 0